Басты жаңалықтар

Он бір баласы бар отбасы

Съезден соң

Шалқар қаласындағы көпбалалы отбасыларының бірі — Ертай мен Салтанаттың шаңырағы. Олардың бүгінде 11 баласы бар. Тұңғышы Әділет 23 жаста болса, ең кенжесі Иррада — 8 айлық.

Үлкен отбасы әр күнгі қарапайым тірлігіне дән риза. Әжесі Зәмзәгүл Әлжанова барлық немерелерін бағып-қағып, мектеп қатарына қосқанын өзіне медет санайды. Соңғы кезде отағасы Ертайға науқастығына орай уақытша ІІ топтағы мүгедектік тағайындалған.  40 жастағы алтын құрсақты ана Салтанат  қаладағы №12 бөбекжай-бақшасында кіші қызметкер болып жұмыс істеп, бүгінде бала күтіміне байланысты демалыста. Балабақшадағы қызметіне алатын еңбегі — елу мың теңгеге жетіп жығылады екен. Балаларына тағайындалған 16 мың теңге де жыртықты жамауға мардымсыз еді.

Елордада өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде көпбалалы отбасылардың тұрмысын көтеруге арналған бастамалардан «Алтын алқа» иегері Салтанат Нағашыбаева да хабардар.

— Үлкен отбасы болу ата-ана үшін мерей және жауапкершілігі жоғары. Себебі, әрбір баланы қатардан қалдырмау қағидасын мына заманда санаңнан жоя алмайсың.

Балаларыңды қатарынан қалдырмау — қол-аяғы сау пендеге парыз. Бұрын жолдасым екеуміз табылған жұмыстың барлығын бірігіп атқара беретінбіз. Қала сыртына бау-бақша да егіп, нәпақа таптық. Біз отау құрған  жыл сонау 90-жылдардың орта тұсы еді. Қиын кез, бірақ біз сол қиындықтармен бірге шыңдалып, шаңырақтың беріктігін нығайттық. Қазір жолдасым жиі науқастанатын болған соң ол жұмыстардың бәрі тоқтады. Балаларымның үлкені Әділет Шалқар аграрлық-техникалық колледжінде оқып, машинист көмекшісі деген теміржолшы мамандығын алып шықты. Әзірге тұрақты жұмыс табылмай тұр. Облыс орталығына барып, әртүрлі жұмыстар істеп көрді, тапқан азғантай табысы баспана жалдаудан ауыспайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың съезде біз секілді көпбалалы аналарды жаңаша форматтағы қолдауын естіп, қуанып қалдық. Енді әрбір балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы төленеді. Бұл бізге үлкен көмек. Көпбалалы отбасылардың баспанаға қол жеткізуінің жолдары да нақтылануда. Аналардың мерейін өсірген аталған бастамалар іс жүзінде тездетіп жүзеге асса екен деп тілейміз, — дейді Салтанат Қализанқызы.

Отбасындағы балалардың екеуі — мектепті бітірген, бесеуі —  мектеп қабырғасында, бір қыз тұрмыс құрған. Балалардың арасында өнерге икемділері де бар. 6-сыныпта оқитын Әминаның сурет салуға құлшынысы жоғары. Табиғатқа, анаға, туған жерге деген сезімін аз уақыттың ішінде ақ парақта  сөйлете алады.

— Немерелерімнің осы талаптарына қарап қуанамын. Өзім де ата-ененің қолында болдым. Үлкендер бізге әр баланың несібесі бар деуші еді. Қара сирақ мыналардың барлығы ертең бір-бір азамат болып, ата-анасының қолқанатына айналады аман болса… Барлығын да уақыт реттейді, тек адамға сабыр мен қанағат қажет, — дейді бесікті байыппен тербеткен Зәмзәгүл әже.

Негізінен көпбалалы үйде артық-ауыс шаруа шалқиып жатпайтындығы заңдылық. Бұның барлығы отбасындағы қарапайым тәрбиеден басталады. Бұл үйдің  балалары да еңбекке ерте құлшынып тұрғанын сездік. Әке-шешесіне көмектесіп, үй тірлігін бұйрық күтпей тындыруды күнделікті дағдыларына айналдырған.

Іргесі жарты ғасыр бұрын қаланған аласа үйдің іші балалардың базарына айналған. Ортасында немерелеріне жол сілтеп, алтын діңгектей болып Зәмзәгүл әжесі отыр. Үлкен отбасының қарапайым тірлігін осындай шаңырақтарға бас сұққанда  ғана айқын көре аласың…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button