Басты бет » Білім » Мектепте медиация кабинеті ашылды

Мектепте медиация кабинеті ашылды

Ақтөбе қаласындағы №40 мектепте «Медиация — бітімге келу кілті» тақырыбында ата-аналарға арналған семинар өтті. Оған Ақтөбе қаласындағы №1, №3 сот төрағалары, облыс әкімі аппаратының этномәдени, қоғамдық бірлестіктермен жұмыс бөлімі мамандары қатысты.  №40 орта мектептің директоры Бауыржан Сарин:

— Медиация кабинеті мектеп ішіндегі дау-жанжалдарды ушықтырмай,   сотқа дейін жеткізбеу үшін құрылды. Мектепте директордың  тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып тәрбиешісі, психологтар, әлеуметтік педагог, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, яғни  конфликтология ілімінен белгілі бір дәрежеде хабары бар мамандар жұмыс істесе де, өмірде көрген-түйгені көп, білімді, байыпты азаматтарды да медиаторлар рөлінде көргіміз келеді. Ең бастысы — мәселені ушықтырмай, қарсы тараптардың пікірлерін тыңдап, үшінші бейтарап көзқараспен шешу өте маңызды.

№1 сот төрағасы Қанат Сембеков  медиация  төрелігі мен сот-медиация жұмысының айырмашылығы жөнінде былай деді:

— Халыққа  қызмет көрсету орталықтары мен сот ғимаратында ғана емес, мектептерде де  медиация кабинеттері біртіндеп ашылып жатыр. Себебі медиаторлар – оқушы, мұғалім, ата-ана арасындағы  дауларда  қарсы тараптардың пікірін тыңдап, үшінші жақтан төрелік айтып, жағдайды реттейді. Қазірде  болмашы нәрсеге бола  бір-бірімен ерегісіп  сотқа жүгінетіндер көбейді. Судьялар ірі істермен айналысудың орнына, келісіп шешуге болатын ұсақ-түйектермен айналысып уақытын кетіруде. Сотқа жүгінгенде, көбіне бір тараптың шешімі қанағаттандырылып, екінші тарап соттан міндетті түрде ренішпен кетеді.

Ақтөбе қаласы №3  сотының төрайымы Нәзира Аманқұлова:

— Медиаторлар екіге бөлінеді. Біріншісі — кәсіби медиаторлар. Сондай-ақ оқыған-тоқыған, өмірлік тәжірибесі мол, беделді ата-аналар да мектеп медиаторы бола алады. Оларға  жоғары сынып оқушыларын көмекші етіп сайлап, судьялардың қатысуымен  бәріміз  айына бір рет бас қосып, шиеленіскен жанжалдарды байыппен шешуге болады. Бұл жерге келген  жасөспірімдерге  ішіндегісін еркін айта алатындай жағдай туғызу керек. Ол үшін сөйлесетін алаң — медиация кабинеті.

Ата-аналар мектептерде ашық пікір алаңын жасау өте маңызды екендігін айтты.

                                                          Баян СӘРСЕМБИНА.