Рухани жаңғыру

Шеберлік сабақтары өтті, жеңімпаздар марапатталды

Ұлы даланың жеті қыры

Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының ұйымдастыруымен ашық шеберлік сабақтары өтті. Шеберлердің дәрістеріне 400-ге жуық адам қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы жаңғырту бағытындағы жобалар алға тартылды. Осы жобаларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара аясында алдымен Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық өкілдігінің ашылуы өтті. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов құттықтау сөз сөйледі.

Ол елімізде балаларға қосымша білім беруді ұйымдастыру ісіне зор көңіл бөлінетінін атап өтті.

— Әр баланың өмірлік жолын, болашақ кәсібін айқындауда қосымша білімнің маңызы зор. Сондықтан қосымша білімге, балаларды түрлі үйірмелерге тарту ісіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек, — деді Марат Тоқжанов. Облыс әкімінің орынбасары осы шараға арнайы келген қонақтар — ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат және ұлттық федерацияның басшыларына алғысын жеткізді.

Ақтөбе аймағында Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының 8 филиалы бар. Жиында 2018 жылы ұлттық федерацияның ұйымдастыруымен өткен байқаулар қорытындыланып, түрлі аталымдар бойынша жеңімпаздарды Криста Пиккат марапаттады. Ақтөбелік филиалдар арасында Бадамшадағы балалардың Өнер мектебі «Ең белсенді клуб» атағын жеңіп алды.

Бұл күнгі ашық сабақтар өткізген шеберлердің Ұлы даланың жеті қыры ретінде атап көрсетілген құндылықтарды насихаттауды мақсат еткені дәрістердің  атауларынан-ақ аңғарылды: «Алма — асыл жеміс», «Полимерлі саздан аңдық стильде алқа жасау», «Қызғалдағым — қазынам», т.б.

Шығармашылық академиясындағы «Тұмар» студиясына жетекшілік ететін Гүлсезім Досқалиеваның дәрісіне қосымша білім беру ұйымдарының педагогтары, оқушылар қызығушылық танытты. Ол жиналғандарға түрлі пішіндегі ірілі-ұсақты әсем моншақтардан сәндік әшекей бұйымдар жасаудың қыр-сырын үйретті.

— Қолөнерге мен бала күнімнен жақын өстім. Бұл, сірә, қанда бар қасиет болса керек. Менің атам Елеу — Жаңажол өңіріне аты шыққан ұста, яғни, ежелгі шеберлердің ісін жалғаған адам еді. Сондықтан Елбасы мақаласындағы Ұлы даладағы ежелгі өркениетті дамытуға үлес қосқан шеберлер туралы оқығанда, мен ерекше әсерде болдым, — дейді Гүлсезім.

Ал «Көненің көзі — сазсырнай» сабағында Мәлік Жұртқанов жиналғандарға көне сазсырнай аспабын жасау тәсілдерін таныстырды. Қажетті материал — сазды табудан бастап, аспапты жасап шығару жолындағы әр қадам жөнінде егжей-тегжейлі баяндаған шеберді қатысушылар қызыға тыңдады. Шебер арасында өзі жасаған әртүрлі пішіндегі (батырдың бас киімі, киіз үй, т.б.) сазсырнайларда ойнап, қоңыр әуендермен де көпшілік көңілін баурады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button