Жаңалықтар

Биыл облыс жер-су атауларының атласы шығарылады

Брифинг

Сәрсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева мен тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина өткен жылы облыста атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы міндеттер туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыста тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының ІІІ кезеңі бойынша тілдік шаралар кешені жүзеге асырылуда.

Өткен жылы басқарма жанынан құрылған тілдерді оқыту орталығында 14 257 адам қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқыған. Сондай-ақ 4 мыңға жуық этнос өкілдері жексенбілік мектептер арқылы қазақ, украин, неміс, корей, шешен, татар, әзірбайжан, т.б. тілдерді үйреніп, 90 бала үш тілді үйрету курстарына қатысқан.

— Жыл сайынғы жүргізілетін әлеуметтік-лингвистикалық зерттеу қорытындыларына сәйкес мемлекеттік тілді жетік меңгергендердің де үлесі тұрақты түрде өсуде. Бүгінде мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 93,9 пайызды құраса, орыс тілін білетіндердің үлесі — 93,8 пайыз, ағылшын тілін білетін тұрғындардың үлесі — 26,6 пайыз, үш тілді білетіндердің үлесі — 18,8 пайыз. Сонымен қатар облыстағы мемлекеттік басқару органдарындағы мемлекеттік тілде іс қағаздарды әзірлеу үлесі 97,4 пайызға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш мемлекеттік тілге көшірілген 2006 жылдан бері 33 пайызға артқан, — деді Г.Төлебаева.

Оның айтуынша, өткен жылы облыста ұлттық ономастикалық кеңістіктің қалыптасуына толық ғылыми негіз жасалып, соның нәтижесінде өңірде 292 құрамдас бөлікке атау беріліп, 87 құрамдас бөлік қайта аталған. Сондай-ақ облыста Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Латын графикалық жүйесіне көшу» бағыты бойынша көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Биылғы жылы басқарманың бастамасымен Ақтөбе облысының жер-су атауларының атласы шығарылып, өңіріміздегі әдебиетшілердің әлеуетін арттыру мақсатында «Ұлы даланың әдеби мұрасы» атты республикалық әдеби форум өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап өңірде Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы мен Жастар жылына орай облыстық «Арайлы мекен — Ақтөбе» онлайн байқауы өткізілуде.

Брифинг барысында басқарма басшысы мен орталық директоры биылғы жылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған әртүрлі форматтағы іс-шараларға тоқталып, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button