Жаңалықтар

Мұқтаж отбасылар да баспаналы болады

Жанболат ҚАЛМЕНОВ,

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы басшысының орынбасары

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде сөйлеген сөзі ұлттың жаңа игілігі үшін онжылдықтың перспективасын айқындап берді. Елбасының сөзімен айтсақ, бұл съезд Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне старт береді. Яғни алдағы он жыл уақыт — әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру үшін жасалып жатқан жұмыстардың шешуші кезеңі болмақ.

Мемлекет басшысы бұл межелі мақсатқа жету үшін әрбір қазақ, мемлекеттің әр тұрғыны үлес қосуы қажет екендігін айтты. Яғни елдегі әрбір мекеме, әр ұйым, әрбір компания да қолынан келгенше бұл мақсатқа жетуге үлес қосуы тиіс. Мемлекеттің болашаққа қойған мақсат-міндеттерімен қатар Елбасы ағымдағы атқарылар жұмыстар туралы да айтты. Қазақстан халқының тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы үш негізгі мақсат-міндеттің бірі —  табысы төмен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу.  Бұл бағытта Елбасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының алдына үлкен жауапкершілік жүктеді. Мемлекет басшысы Үкіметке «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер құрылысын салуды тапсырды. Бұл мақсатта алдағы жеті жыл бойы жыл сайын қосымша 50 миллиард теңге қаражат бөлінетін болды. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасы бойынша, аз қамтылған көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек бала бағып отырған отбасылардың да тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруымыз қажет. Бұл санаттағы отбасыларға тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру қарастырылып отыр. Яғни алдағы уақытта мұндай санаттағы азаматтарға жеңілдікпен несие беру механизмі жасақталатын болады. Бұл мақсатта да Нұрсұлтан Назарбаев «Тұрғын ұй құрылыс жинақ банкіне»  жыл сайын 50 миллиард теңге қаражат бөлінетінін айтты.

Елбасының бұл бастамасын, әлбетте, қуана құптаймыз. Себебі, аз қамтылған отбасылардың баспаналы болуына біз де мүдделіміз. Әдетте көптеген отбасылар жылдық пайыздық ставканың жоғары болуынан немесе төлем қабілеті жетпегендіктен, тұрғын үй алуға қиналады. Сондықтан Елбасының бұл бастамасы көптеген мұқтаж отбасының баспаналы болу үмітін оятты дер едім.

Жалпы елімізде тәуелсіздік алғалы бері халықты тұрғын үймен қамту саясаты жүйелі жүргізіліп келеді. Оған куә — әр жылдары жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалар. Осы бағдарламалардың көпшілігіне «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы белсене атсалысып келеді. Былтырдың өзінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» еліміз бойынша 37 мыңға жуық отбасына пәтер алуға несие берген. Ақтөбе қаласының өзінде 3700 адам қоныстойын тойлады. Ақтөбе қаласы осы банк арқылы  баспаналы болғандар саны жөнінен республикада Астана мен Алматыдан кейін үшінші орында тұр.

Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде тұрғын үйге қатысты айтқан мақсат-міндеттері бұл көрсеткіштің одан әрі артуына, соның ішінде мұқтаж жандардың баспаналы болуына жол ашады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button