Мәдениет

Лидия КӘДЕНОВА: Халықтың бағасынан артық ештеңе жоқ

ҚР еңбек сіңірген артисі, «Парасат» пен «Құрмет» ордендерінің иегері, жерлесіміз Лидия Кәденованы ақтөбеліктерге таныстырып жатудың өзі артық. Өнер иесімен өрбіген сұхбат оның елге келген әр сапарында газетімізде беріліп жүр. Біз осы жолы «Келіндер көтерілісі» спектаклінде басты рөлді ойнау үшін арнайы шақырылған белгілі актрисамен соның төңірегінде әңгімелескенді жөн көрдік.

— Лидия Тәжединқызы, биылғы туған күніңізді — жаңа жасыңызды Ақтөбенің сахнасында қарсы алдыңыз. Өзіңіз түлеп ұшқан өлкеде өнер көрсеткенде жүрегіңіз алып-ұшып, ерекше көңіл күйде болған шығарсыз?

— 18 жасқа толғанымды осы Ақтөбеде тойлаған едім. Енді, міне, арада 49 жыл өткенде премьераның үшінші күніне жеке мерекем дәлме-дәл келіпті. Ерекше әсерде болдым, әрине.

Ең бастысы — театр жастарының жұмысқа деген ынтасы мені тәнті етті. Бәлкім, араларына басқа адам келгендіктен шығар, барлығы жұмыла іске кірісті, олардың көздерінен жақсы дүние шығаруға құлшынып тұрған ұшқынды аңғардым. Бір жағынан, керек кезінде олардың ұстазы ретінде ой-тілегімді айтып, «осылай істегенің дұрыс…» деген сияқты бағыт-бағдарымды беріп отырдым. Соның нәтижесінде өзіме әдемі спектакль шыққан сияқты. Бір айтарым, аз уақыттың ішінде балалармен тіл табысып, күн-түн демей дайындалып, қолдан келгенше көрерменнің көңілінен шығуға тырыстық. 5 күн бойы спектакль қою біле білгенге оңай емес. Еңбегіміздің ақталғаны болар, көрермен жақсы қабылдады. Оны қошеметтен, спектакльдің аншлагпен өтіп, бірде-бір орынның болмағанынан байқадық.

— Театр майталманы ретінде осындағы өнердегі іні-сіңлілеріңізге не жетіспейді деп ойлайсыз?  

— Барлығы демеймін, араларында көптен спектальде ойнамай, «қарайып қалған» актерлер бар екен. Бірақ, тағы да қайталаймын, сол жастардың өзінің көзінде от бар. Еңбек етуге, ерекше  образ жасауға ниетті. Бастысы сол ғой.

Театрды жөндеуден өткізейін деп жатыр екен. Соған қуандым. Әйтпесе, залдың іші салқын, жұмыс істеу қиынға соқты. Одан бөлек, әлеуметтік жағынан қиналып жүрген әріптестерім бар екен. Үй-күйсіз жүрген актерлерді айтамын. Соларға көңіл бөлінсе, керемет болар еді. Дегенмен, қандай мәселе болсын, соны елемей, жанкештілікпен еңбек етіп жүрген жігіттер мен қыздарға ризамын. Жақсының жақсылығын айту керек…

— Актерлер еңбекқор, сахнада кейіпкер жасауға ұмтылады деп отырсыз ғой. Қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?

— Спектакльде Фармон бибінің 7 баласы мен келіні болса, мен үшін солардың бәрі бірдей. Ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Бірақ Сатты келін боп ойнаған Айгүл қызымды, Орынбай баламды сомдаған Есет Оразалин, тілші болған Нұрсұлтан Есетті ерекше атап өтсем деймін. Бәрінің де болашағы зор, тек аянбай еңбек етсе болғаны.

— Сөзіңіз аузыңызда, сіздіңше, осындай тәжірибе алмасу актерлерге не береді?

— Ең алдымен бұл шеберлік сабағы есебінде ғой. «Ананы бүйт, мынаны сөйт» деп айтқаннан гөрі, өзіңнің ойнап көрсеткенің әлдеқайда жақсы. Оның пайдасы да көп. Спектакльде де «Мың естігеннен бір рет көрген артық»  деп айтатын сөзім бар. Сол сияқты бір затты «қақсай» бергенше, өз әрекетіңмен үлгі болғаның дұрысырақ деген ойдамын.

Ал ақтөбелік көрермендердің мәдениеті жөнінде не айтасыз?

— Олар да жақсы. 5 күнде де зал лық толды. Біздер, актерлер үшін одан артық не керек? Бұрын театрға туфлиін ауыстырып, әдемі көйлекпен келетін еді… Театрдың іші салқын болғандықтан, ондай қайда?

— Тағы бір сұрақ. Өткен ғасырда жарыққа шыққан «Келіндер көтерілісі» спектаклінің қазақ театрларында ұсынылғанына біраз уақыт болғаны белгілі. Сіздің ойыңызша, бұл қазіргі уақытта сахналауға лайықты ма? Әйтпесе, ата-енесімен бірге тұратындар бүгінде аз болғандықтан, бұл тақырып та өзектілін жойды ғой. Актрисалық шеберлігіңізді кеңінен көрсетіп, уақыт талабына жауап беретін, мысалы, өзіңіз ойнайтын «Ең әдемі келіншек», «Күшік күйеу» сияқты қойылымдарға неліктен таңдауыңыз түспеді деген де сауал туады…

—  Өйткені өзің айтып отырған «Ең әдемі келіншекті» «Ең әдемі кемпір» деп өзгертпесе, мен енді ойнай алмаймын (күліп). Оған жасым сәйкес келмей қалды… «Күшік күйеуді» шығаруға болатын еді, бірақ онда жас актерлерді кірістіре алмас едік. Осының бәрін ескере келе, таңдауымыз мына қойылымға түсті. Екіншіден, бұл ескірмейтін тақырып деп есептеймін. Қазіргі таңда қариялардан бөлек тұрғысы келетіндер, бірден енші алатындар көбейсе де, бәрібір арада келіспеушіліктер болмай қоймайды. Себебі мына өмірде бәрі болады… Сондықтан біз спектакль арқылы жастарды шыдамды болуға, не нәрсеге де түсіністікпен қарауға шақырамыз. Бұның тәрбиелік мәні де зор.

Сөз соңында айтарым, театрға былтырдан бері орталық қалалардан артистерді шақырып, шығармашылық топтың тәжірибе алмасуына жағдайдың жасалуы қуантарлық жайт деп білемін. Бұдан актерлер тек өседі. Әлгінде айтқанымдай, әлі де жетіспей жатқан тұстары бар. Бірақ өнер адамы үшін халықтың бағасынан артық ештеңе жоқ екені сөзсіз. Көрермендер сені көруге асықса, спектакльдерінде ине шаншар жер болмаса, сол нағыз бақыт. Осы жағынан келгенде, ақтөбелік театрды сүйетін қауымға айтар алғысым шексіз.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button