Басты жаңалықтар

Облыс әкімі тағайындалды

Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин облыс активіне Ақтөбе облысының жаңа әкімі Оңдасын Оразалинді таныстырды.  

Облыс әкімдігінде өткен актив жиынында Үкімет басшысы Асқар Мамин:

Елбасы Жарлығы бойынша Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысы әкімі қызметінен босатылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Ол осы облысты 4 жылға жуық басқарды. Бердібек Машбекұлының басшылығымен іске асырылған жұмыстардың нәтижесінде Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін берілді. Жаңа әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Өңірдің қарқынды дамуы және экономикада атқарған жұмысы үшін Бердібек Машбекұлына алғыс білдіреміз.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы жаңғырту бойынша аса маңызды мақсат, міндеттер белгілеп отыр. Осы маңызды міндеттерді іске асыруды Елбасы Бердібек Сапарбаевқа сеніп тапсырып отыр. Бердібек Машбекұлы жаңа қызметінде Елбасының көрсеткен жоғары сенімін абыроймен ақтайды деп ойлаймын. Сізге атқарған жұмысыңыз үшін алғыс айтып, жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін!, — деп сөзін әрі қарай жалғастырған А.Мамин Үкімет басшысы Елбасының Ақтөбе облысының әкімі қызметіне Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің кандидатурасын ұсынғанын, мұны облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар бірауыздан қолдап, дауыс бергенін атап өтті.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Оңдасын Сейілұлы Оразалин Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Оңдасын Сейілұлы — сіздердің жерлестеріңіз. Ақтөбе облысы әкімдігінде қызмет етіп, өңірдің дамуына өз үлесін қосты. Президент Әкімшілігінде бірқатар лауазымдық қызметтер атқарды. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күнге дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып қызмет етті. Өңірлік саясатты, әлеуметтік саланы жақсы біледі. Сондықтан да Оңдасын Сейілұлы Ақтөбе облысының әкімі ретінде Елбасы сенімін ақтайды деп ойлаймын. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін!, — деді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Облыс активі алдында Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктерге алғыс айтты.

Мен өзімнің тағдырыма ризамын. Отыз жылға жуық Мемлекет басшысының қасында, сеніміне ие болып келе жатырмын. Нұрсұлтан Әбішұлының сеніміне ие болу, қасында қызмет ету, меніңше, әрбір қазақ үшін арман. Өйткен себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы — қазақты, Қазақстанды дүниежүзіне танытқан кемеңгер басшы. Мен осы уақытқа дейін, қазірдің өзінде де маған сенім артып, талай лауазымды қызметтерді бергені үшін Елбасына көп рақмет айтамын. Өзімнің барлық тәжірибемді, білімімді Мемлекет басшысының, одан кейін өзіңіздің, яғни Үкімет басшысының сенімін ақтауға жұмсаймын. Мемлекет басшысы қазір Үкіметтің, жалпы биліктің алдына үлкен міндет жүктеп отыр. Ол — халықтың тұрмысын, жағдайын жақсарту. Мен осы жолда еңбек етемін. Ал ақтөбелік жерлестерге мың да бір  рақмет айтамын. Осы уақытқа дейін сіздер мені қолдадыңыздар, көмектестіңіздер. Егер сіздердің қолдауларыңыз, көмектеріңіз болмаса, әрине, біз осындай жұмыстарды атқармас едік. Сондықтан барлығыңызға көп рақмет, — деді Бердібек Сапарбаев.

Актив жиынында облыстың жаңа басшысы Оңдасын Оразалин үлкен сенімді ақтөбеліктермен бірге ақтауға уәде берді.

Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жеріне, халқына  қызмет ету бір жағынан биік, ерекше мәртебе, екінші жағынан қиыншылығы мен жауапкершілігі қатар жүретін жұмыс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай  сенім білдіргесін, осы сенімді ақтауға, ел-халықпен бірлесіп, Ақтөбе жерінің көркеюіне, жалпы Қазақстанның биіктен көрінуіне бойымдағы барлық  күш-қайратымды жұмсайтыныма сендіргім келеді. Абырой ортақ. Осындай қолдау көрсеткендеріңізге мың да бір рақмет, — деді Оңдасын Оразалин.

Актив жиынында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов Үкімет басшысы ретінде алғашқы сапарын Ақтөбе жерінен бастаған Асқар Маминге, сондай-ақ облыстың бұрынғы және жаңа басшылары Бердібек Сапарбаев пен Оңдасын Оразалиннің қызметтеріне сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, жиында Қазақстанның Еңбек Ері, «Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменова: «Әлеуметтік саясат — бұл барлық мемлекеттегі ең басты қазық. Сіздің бұл саланы басқарудағы бүкіл жоспарларыңыздың іске асырылатынына сенім білдіремін. Біздің министрлікті  басқаратыныңыз үшін де қуаныштымын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үйлестіру кеңесінің мүшесі ретінде мен сіздің әрмен қарай да идеологиялық серіктесіңіз болып, сізге көмектесіп, қолдау танытатын боламын», — деп Б.Сапарбаевтың облыс экономикасын өркендету жолындағы жұмысын, еңбек тәжірибесін жоғары бағалай келе, ол лауазымды тұлғалардың жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Жиын соңында Үкімет басшысы Асқар Мамин Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге Елбасының алдына қойған барлық міндеттерді облыс активімен бірлесіп, сапалы орындайтынына сенім білдірді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button