Басты жаңалықтар

Үш отбасыға баспана берілді

Ақтөбе қаласында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен көпбалалы және жалғызбасты үш ана баспаналы болды.

Кәсіпкерлер «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан екі бала тәрбиелеп отырған 2-топ мүгедегі Шолпан Әбетоваға, жалғызбасты ана Гүлпаран Байбосыноваға және алты баланың анасы Алтынгүл Кәрібаеваға пәтер кілтін табыстады.

Сондай-ақ демеушілердің қолдауымен көмекке мұқтаж 20 анаға «Анвар», «Дина» сауда желілерінен сауда жасау үшін 25 мың теңгенің сертификаты және 17 әйелге «Зәру» және «Шипагер» шипажайларына демалу үшін тегін жолдама берілді.

Кәсіпкерлердің көмегімен баспаналы болған аналардың бірі — екі бала өсіріп отырған жалғызбасты ана Шолпан Әбетова. Бұған дейін көп жыл қалада пәтер жалдап тұрған ол бүгінге дейін көп қиындық көріпті. Өзі бірнеше жыл бұрын ауырып, 2-топ мүгедектігін алған. Баласының үлкені 12 жаста болса, кішісі — 5-те.

Жалғызбасты анаға «TSG Construction» ЖШС басшылығы демеушілік жасап, бір бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады.

Аталған серіктестік директорының орынбасары Нұрболат Ақтауовтың айтуынша, компания бұған дейін де бірқатар мұқтаж жандарға көмек көрсеткен.

Мекеме басшысы Қайсар Қалқаманов мұқтаж адамдарға қолдау танытып, көмек көрсетіп келеді. Міне, бүгін, жалғызбасты ана Шолпан Әбетоваға пәтердің кілтін табыстап отырмыз. Аналар бақытты болса, ел бақытты. Сондықтан біз әрдайым қамқорлық жасауға дайынбыз, — дейді ол.

Ал облыс орталығындағы «Спарта» құрылыс мекемесінің директоры Мақсат Сәңкібаев жалғызбасты ана Гүлпаран Байбосыноваға «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы үйлердің бірінен бір бөлмелі пәтер сыйлады.

— Елімізде болып жатқан оқиғаларды көріп, осы шешімге келдік. Мұқтаж отбасыларына көмек жасағанымызға қуаныштымыз. Қолдан келгенше жақсылық жасағанға не жетсін?! — дейді кәсіпкер.

Ал баспаналы болған Гүлпаран Байбосынованың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін пәтер жалдап, көп қиындық көрген ана екі баласының болашағына алаңдағанын айтады. Ол енді балаларымен жаңа пәтерде қуанышты сәттерді бірге өткізетініне сенімді.

Айта кету керек, биыл жыл басынан бері облыста демеушілердің көмегімен 782 отбасыға жалпы мөлшері 44,7 млн теңгеге түрлі көмектер көрсетілген.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button