Әлеумет

18 ақтөбелік қоларбаға ие болды

1 наурыз — Алғыс айту күні қарсаңында 18 ақтөбелік мүмкіндігі шектеулі азамат арнайы кресло-арбаларға қол жеткізді. Қазақстандық «Уақып» қайырымдылық қорының демеушілігімен алынған арбаларды «ДОС» тәуелсіз өмір» біріккен мүгедектер қоғамы орталығының мамандары арнайы келіп жинақтап берді.

Ақтөбе қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған игі шара Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігі ғимаратында өтті. Шараға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова,  қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмирам Сражевамен қатар, жаңа арбалардың иелері қатысты.

Шара барысында сөз алған Гүлмирам Сражева «Уақып» қайырымдылық қоры мен  «ДОС» тәуелсіз өмір» біріккен мүгедектер орталығының өкілдеріне өз ризашылығын білдірді.

Өткен жылы біздің орталық мамандары Оңтүстік Қазақстан облысында болып, бірнеше қоларба табыс еткен болатынбыз. Биылғы алғашқы сапарымыз Ақтөбе облысынан басталды. Бүгін 18 ақтөбелікке қоларба табыстадық. Арбалардың барлығы сапалы әрі ыңғайлы етіп жасалған. Өнімдер  АҚШ-тан алынды. Өзіміздің арнайы техник мамандарымыз барлығын ыңғайлап құрып береді, — деді біріккен мүгедектер қоғамы орталығының маманы Дастан Раушанбеков.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, қалада мүгедектермен де жүйелі жұмыс жүргізілуде. Олардың саны қала бойынша 12160 адамды құрайды.Оның 1956-сы — 16 жасқа дейінгі балалар.

Өткен жылы 510 мүгедек кресло-арбалармен, 3391 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 559 адам көру кемістігін түзеуге арналған тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілсе, 398 адамға сурдо-техникалық құралдар, ал 2965 адамға міндетті гигиеналық құралдар табыс етілді. Денсаулығына байланысты 1115 адам санаторлы-курорттық емделуден өтті, — деді ол.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button