Рухани жаңғыру

«Ел үшін туған ер Сәрке»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бадамша селосында ұйымдастырылған «Ел үшін туған ер Сәрке» атты ғылыми-танымдық конференцияға жергілікті тұрғындар көп жиналды.

Тарихи деректерге үңілсек, Сәрке — 1726 жылы Жайық бойында болған қалмақтың отыз мыңдық жасағымен үш күндік шайқаста Әбілқайыр хан мен Тайлақ батыр бастаған қазақ әскерінің құрамында ерлік көрсеткен халық батыры. Осы ұрыста қазақ батырларының екпініне тойтарыс бере алмаған қалмақтар қолдарына ақ жалау көтеріп шығып: «Бүгінгі туған бала ат жалын тартып мініп, жауға аттанғанша соғыс ашпаймыз» деп ант еткен деседі.

Сол жылдың күзінде Ырғыз бен Торғай төңірегіндегі Қарасиыр деп аталатын алқапта жоңғар басқыншыларымен бетпе-бет кездескенде Сәрке алғашқылардың бірі болып жекпе-жекке шығып, қарсыласын жер жастандырады.

Осындай ерліктері үшін ол халық арасында алтын сапты, алмас қылышты Сәрке батыр атанып кетеді.

1729 жылы Балқаш көлі маңындағы ел қорғау шайқасында да оның айбыны асып, атағы жер жарып тұрады.

Сәрке батыр — 1731 жылы Ресей патшасының елшісі Тевкелевті Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ордасына келгенде қарсы алған рубасыларының бірі. Уфа қаласынан шыққан елшілердің тобын хан ордасына дейін шығарып салған Жетіру сарбаздарын Сәрке батырдың інісі Рысбай болады. Бұл туралы Тевкелевтің қолжазбасындағы деректер дәйек бола алады.

Ресей патшасы мен Әбілқайыр ханның арасындағы жасалған шартқа Кіші жүздің жиырма тоғыз уәкілі қол қояды. Солардың бірі — Сәрке батыр. Демек, ол — ел қорғаған ер ғана емес, саясатқа да белсене араласқан білікті тұлға.

Міне, осы жайлар «Ел үшін туған ер Сәрке» атты ғылыми-танымдық конференцияда кеңінен айтылды.

Жиында аудан әкімі Асқар Жүсібалиев ерліктің ескірмейтіндігін, ата-бабалардың ел қорғау жолындағы кейінгі ұрпаққа қалдырған үлгісін айта келіп, өткен жылдың ауданда Сәрке жылы болып жарияланып, осы ауқымда патриоттық бағытта көп шаралар жүзеге асқанын тілге тиек етті.

Конференцияда тарихшы Бекарыстан Мырзабай, ішкі істер қызметінің ардагері Бақыт Ғизатов, өлкетанушы Баянғали Құлтаев және басқалары өткен тарихтың деректерін пайдалана отырып, Сәрке батыр өмір сүрген уақыт, заман тынысы туралы сөз қозғады.

Осында ұйымдастырылған көрмеде Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндиннің Сәрке батыр туралы салған суреттері қойылды.

Батырдың ұрпағы, аудандағы «Степное» ЖШС директоры Аманқос Төлеуов алдағы жаздағы Қосестек ауылының кіреберісіне Сәрке батырға арналып ескерткіш қойылып, ас берілетіндігін жеткізді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button