Әлеумет

Қарияға көмектесіп, батасын алды

150 игі іс

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына байланысты қалалық әкімдіктің қолдауымен жастар ресурстық орталығы «150 игі іс» атты акцияны қолға алған болатын. Жыл басынан басталған акцияға қаладағы барлық жастар ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер, білім ордалары, басқа да әлеуметтік мекемелер өкілдері белсене қатысып жатыр.
Акция мақсаты — әрбір азаматты игі істер жасауға шақыру, адамдардың бір-біріне мейіріммен қарауына, айналасына қайырымды болуға үндеу. «150 игі іс» акциясы аясында жалғызбасты қарттарға, науқас адамдарға, мұқтаж азаматтарға көмек көрсетіліп, жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелейтін шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сондай шараның бірін «Шанс» құқықтық, психологиялық, әлеуметтік қолдау көрсету орталығы ұжымы өткізді. Жақында орталық қызметкерлері осында келіп, түрлі үйірмелерге қатысатын жасөспірімдермен бірге 77 жастағы жалғызбасты Надя әжейдің үйіне барды. Балалар қарияның ауласын басып қалған қардан аршып, үйін тазалауға көмектесті. Қария жастарға алғысын білдіріп, батасын берді, балалардың осылайша жиі келіп тұруын өтінді.
Сондай-ақ мамандар «150 игі іс» акциясы аясында орталыққа келетін жасөспірімдерді спортқа баулу мақсатында «Шынығайық бәріміз!» атты сауықтыру күнін өткізді.
— Мемлекет Басшысы Н.Назарбаев жастарды спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырған сөзі үнемі жадымызда. Сондықтан біздің орталыққа келетін балаларды «СгеепіапсІ» сауықтыру кешеніне апарып, белсенді спортпен айналысуға мүмкіндік бердік. Бұл құқықтық, психологиялық, әлеуметтік қолдауға мұқтаж балалар үшін маңызды шара болды, —дейді орталық психологы Жайсан Медетқызы.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button