Мәдениет

Мемлекеттік қызметшілер ақынмен кездесті

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында белгілі ақын, «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлының шығармашылық кеші өтті.

Шараға аталған департаменттің өкілдері, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері, студенттер мен жыр сүйер оқырман қауым қатысты.

Ұлттық рухты нығайтуға, мемлекеттік қызметшілердің шығармашылығын дамытуға және ақынның 50 жылдық мерейтойына арналған поэзия кешін талантты ақын Қуат Әбілқайыр жүргізді. Кеште ақын өзінің балалық шағы, өскен ортасы, алдыңғы буын ағалары, ақын Төлеген Айбергенов, үзеңгілес ақын достары туралы қызықты әңгімелер айтты. Сондай-ақ өз шығармашылығынан «Қазақ», «Терісаққан», «Үндемес» сынды т.б. өлеңдерін оқып, оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

Кеш қонағы Жетес Жәмеков қазақтың ұлттық аспаптары — домбырада, артынша қобызда бірқатар әндер орындағанда, көрермендер ерекше әсер алды.

С.Бәйішеватындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының жанынан құрылған «Рухнама» жас ақындар клубының жастары ақынның бірнеше өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ кеш барысында экраннан Б.Бабажанұлының жетістіктері, оның өлеңдеріне түсірілген бейнебаяндар көрсетілді.

Ақын мемлекеттік қызметшілерге жан-жақты болу үшін әдебиетті, поэзияны оқуға шақырды.

— Кез келген мемлекеттік қызметші ең алдымен өз ұлтының әдебиетін, мәдениетін, болмысын жақсы білуі керек. Көптеген қоғам қайраткерлері ел мүддесі жолында басын бәйгеге тіккен. Сондықтан халықпен тікелей байланысып, адал қызмет етсе, елінің қалаулы азаматы болары сөзсіз.

Мемлекеттік қызметшілердің шығармашылығын дамытуға бағытталған бүгінгі шараның маңызы зор, — деген Б.Бабажанұлы жиналған қауымға ризашылығын білдірді.

Шара соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мира Бейбітова және С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Нұрсұлтан Әбжанов кеш иесіне шынайы лебіздерін білдіріп, сый-құрмет көрсетті.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button