Ақтөбе — 150Мәдениет

Елеулі өнердің есебі

Концерт

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің сахнасында «Мәдениетім — мәртебем» атты қалалық Мәдениет үйіне қарасты өнер ұжымдарының есеп беру концерті өтті.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, құтты мекен шаһарымыздың 150 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған концертте өнер ұжымдарының әуелеген әндері, күмбірлеген күйлері мен мың бұралған билері көрермендердің рухын көтерді.

Сахна шымылдығы қалалық Мәдениет үйінің үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен «Ақтөбе» әнімен ашылды. Сондай-ақ кеш барысында «Асылым» аналар ән ансамблі, «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі, «Наставник» еңбек ардагерлері және «Серпер» жастар  хоры, Ермекбаевтар классикалық музыка ансамблі, «Сұңқар» вокалды ансамблі, т.б. ұжымдар өз өнерлерін ортаға салды.  Музыкалық номерлермен бірге лэд-экраннан әр әннің болмысын ашатын әдемі қойылымдар, ұлттық салт-дәстүрлер, өнер ұжымдарының суреттері мен жетістіктері көрсетілді.

— Мәдениет саласының қызметкерлері үздіксіз жұмыс жасайды. Әрбір өнер ұжымы үнемі шығармашылық ізденіс үстінде. Бүгінгі есеп беру концерті жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналды.

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғынына 30 жыл толуына орай мәдениет саласы қызметкерлері алғаш рет драмалық қойылым ұсынды.

Балалардың өнерге деген құштарлығын арттыру, ән айтып, музыкалық аспаптарды үйрету мақсатында Ермекбаевтар классикалық музыка ансамблінің үйірмесі ашылды.

Биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аясында көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Оның ішінде өздеріңізге белгілі «Әлия гүлі» достарын қарсы алады» халықаралық фестивалі бар. Әнші Димаш Құдайбергеннің қатысуымен «Бақытты бала» ән байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button