Ақтөбе — 150Спорт

Жас балуандар бақ сынады

Қазіргі жас буын қазақ спортшыларының әлемдік деңгейдегі табыстарына қарап өсіп келеді. Балалар арасында спортқа деген қызығушылық жоғары. Олардың осы ынта-ықыласына қолдау көрсету үшін түрлі деңгейдегі жарыстардың жиі ұйымдастырылуы — құптарлық іс.

23-24 ақпан күндері Ақтөбеде «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубының жүлдесі үшінХІІІ республикалық ашық турнир өтті. Турнирге болашақ балуандар — 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер қатысты.

ЖарысАқтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына және кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыс және қала басшылары, ауған соғысының ардагерлері, спорт ардагерлері, БАҚ өкілдері және жанкүйерлер қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттіліктер тіледі.

— Әр спортшы жарыстарда өз елінің, өз туған жерінің намысын қорғайды. Спорт — әрі патриоттық тәрбие көзі, әрі денсаулық кепілі. Сондықтан біз балалар мен жастарды спортқа барынша тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға әзірміз. Ақтөбеде түрлі спорттық жарыстарды жиі ұйымдастыру көзделген. Бізді осы іске «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубының басшысы Марат Қойлыбаев сынды жекелеген демеушілердің де үлес қосып отырғаны қуантады, — деп атап өтті облыс басшысы.

Марат Қойлыбаевтың айтуынша, күрестен жасөспірімдер арасындағы ашық турнир Ақтөбеде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді, алайда бұған дейін әрдайым грек-рим күресі бойынша өткізілсе, биыл еркін күрес түрі таңдалған. Бұл — бір жағынан, ауған соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу аясында ұйымдастырылатын шаралардың бірі. Ауған соғысының ардагерлері турнирді тамашалауға құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Ашық жарыс болғандықтан, оған шетелдік спортшылар да қатыса алатыны белгілі. Биылғы жарысқа Қазақстанның батыс облыстарынан, өз облысымыздың аудандарынан, сонымен қатарРесей, Тәжікстан және Өзбекстанның жекелеген аймақтарынан жас спортшылар келіп, бақ сынады. Турнир Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің ғимаратында өтті. Сондықтан аталмыш мектеп-интернат-колледжі де өз атынан жеке құрама жасақтап, жарысқа қосты. Турнирге 11 салмақ дәрежесі бойынша жалпы саны 200-ге жуық спортшы қатысты.

Турнирге қатысқан жасөспірімдер арасында Еуропада құрлықтық жарыста топ жарған ресейлік Вячеслав Гиека, Тәжікстан ұлттық құрамасының мүшелері, т.б. халықаралық жарыстарда жеңіс дәмін татқан спортшылар бар. Сондықтан бұл турнир ақтөбелік балғын балуандар үшін тәжірибе жинақтауда үлкен бір белес болғаны анық.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button