Мәдениет

Өнерлі отбасының шығармашылық кеші өтті

Жұма күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Өнерге құштар әулетпіз» деген атаумен Жетесовтер отбасының есеп беру кеші өтті.  «Шашу» халықтық отбасылық ансамблінің концертіне Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова қатысып, қала әкімі Ілияс Испановтың атынан өнерлі, өнегелі отбасына Алғыс хат пен ықылас гүлін табыстады.

Бүгінгі таңда бірнеше республикалық, облыстық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі 2004 жылы Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы үйінің жанынан құрылған. 2012 жылы ансамбль «халықтық» атағын алды. Ансамбль жетекшілері Өмірхан мен Амангүл Жетесовтер — 3 баланың ата-анасы. Бұдан өзге, отбасы 16 баланы бауырына басып тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені 30-дан асса, ең кішісі 6 жаста.

— Қамқорлығына алған балаларды өнерге баулып, елдің ықыласына бөленіп жүрген ерлі-зайыпты Өмірхан мен Амангүлдің ісі көпке үлгі боларлықтай. Тәрбиелеп отырған балаларының қай-қайсысы да шет-шетінен өнерлі. Қазанғап атындағы өнер мектебінде оқиды. Бүгінгі таңда бұл отбасын фольклорлық отбасылық ансамбль деп айтуға толықтай негіз бар, — дейді облыстық халық шығармашылық үйінің қызметкері Гүлнәр Сейталина.

Концерттік бағдарлама барысында көрермен халық күйлері мен әндерінен сусындап, эстрадалық әндер тыңдады.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button