Әлеумет

23 бала балабақшаға орналасты, 15 адамға жолдама берілді

Ақтөбе қаласында 11-15 ақпан күндері өткен көп балалы аналарды қоғамдық қабылдау кезінде қалалық білім бөлімі де арнайы жұмыстар жүргізді. Бес күннің ішінде білім беру саласындағы өзекті мәселелер бойынша 264 адам қабылдауға келді. Оның ішінде балабақша мәселесіне қатысты 77 сұрақ болса, мектеп бойынша — 177, қосымша білім беру — 45, колледж, жоғары оқу орындары мәселесі бойынша — 10  және жұмыспен қамтуға қатысты 15 сұрақ қойылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовтың айтуынша, 12 бала «Нұрдана»,  «Кел, балалар», «Мирас», «Сұлтан», «№ 31 Күншуақ», «Алтын ұя»  секілді мектепке дейінгі ұйымдарға ақысыз негізде орналасқан. Ал 23 балдырған балабақша кезегіне қойылып, 22 балаға жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ көмек сұрап келген бір адам «Нұрдана»  балабақшасына жұмысқа жолдама алса, 18 тұрғынға электронды қолтаңба арқылы жолдама алуға кеңес берілген.

— Мектеп бойынша 16 оқушыға қысқы киімдер берілді, 3 оқушыны жазғы лагерьге баруға, 2 оқушыны туристік саяхатқа шығуға тізімге қостық. Жалақы мәселесі бойынша келген екі мектеп мұғаліміне мәселені түсіндіріп,  қайта есептеу жүргізілді. Сонымен қатар 34 оқушының құжаты толықтырылып, демеушілердің көмегі арқылы  ыстық тамақпен қамтылатын болды. Ал 11 оқушыға ыстық тамақ берілуі үшін құжат жинауға кеңес берілді. Сондай-ақ қабылдауға келген ата-аналар балаларын  үйірмелерге тегін қатыстырғысы келетінін, жеңілдіктер қарастырылса деген ұсыныстарын айтты. Қалалық оқушылар сарайындағы үйірмелерге  3 оқушы, жасөспірімдер және шығармашылық орталығына 10 оқушы, мектептердегі үйірмелерге  30 оқушы тегін қатысатын болды. №1 балалар музыка мектебіне баратын бір оқушыға 30 пайыз жеңілдік қарастырылды, — дейді Саян Сүлейменов.

Сондай-ақ жұмыс сұрап келген 15 адамның 14-іне жолдама берілген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button