Тарих

Бабалық ғұмыр иесі еді…

Оның өмір жолын бүгінгі жас буынға өнеге ретінде ұсынуға болады. Себебі, тоқсанның үстіне шыққанша елмен етене араласып, өзінің тіршілік тәжірибесін көппен бөлісіп, айналасына ақыл-кеңесін айтып, ажарлы қалпына ақсақалдық ауылының шырайын келтіріп өмірден өткен Мұса Алданиязовтың адами болмысы, кісілік келбеті бүгінгі күні де оны білетін замандастарының жадынан жылыстай қойған жоқ.

Ол облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына елеулі үлесін қосқан алдыңғы қатардағы азаматтардың бірі ретінде өңір тарихында аталатын болады. Бұған осы жолдағы атқарған тынымсыз еңбегі мен қажырлы қызметі негіз ретінде алуға тұратыны ақиқат.

…Қырықтың үстіне енді көтерілген қынулы шағында Ырғыз аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол уақытта бұл өңір бүгінгідей асфальт жолмен үш-төрт сағатта жетіп баратындай емес, шалғайдағы аудан болып саналады. Облыс орталығынан бес жүз шақырымға жуық қашықтығы айтылғанда кәнігі көлік жүргізушілерінің өзі жолға шығудан зәрезап болған қалып көрсетеді. Ал ең жақын теміржол станциясы Шалқар қаласында орналасқан. Сондықтан да аудан республикадағы әлеуметтік-мәдени дамуы жағынан күрделі аймаққа жататын да, жергілікті басшылардың басты міндеті — тығырықтан шығу жолын табу, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасауға ұмтылу болатын.

Бәлкім, Мұса Алданиязовты осы жауапты қызметке жібергенде де жоғары басшылық оның талай сыннан өткенін ескерген болар. Егер осы тұстан бір шегініс жасап алатын болсақ, жалпы оқырманымыз үшін біраз жай ұғынықты болып шығар еді.

1944 жылы он сегіз жасында әскер қатарына алынған ол содан алты жыл бойы үстінен жауынгер шинелін шешкен жоқ. Бастапқыда Орынбор облысының Тоцк қаласында алғашқы әскери даярлықтан өткен ол 13-ші атқыштар дивизися құрамында сапта жүріп, Орынбордан Мәскеуге бағалы заттардың сақтаулы қалпында жеткізілуін қамтамасыз ету жұмыстарын атқаратын міндет жүгін арқалады.

Ол соғыс аяқталып, Жеңіс туы желбіреген соң да жауынгерлік қызметін жалғастыра береді. Еліміздің батысындағы жағдай біршама тынышталған соң, ол шығысқа жол тартады. 1945 жылдың маусым айында Қызыл тулы 22-ші Харбин атқыштар дивизиясының құрамында Жаңа Сахалинге барып табан тірейді. Осындағы бұрын атауын географиядан ғана білетін Куриль аралдарында әскери міндетін орындай бастайды. Бұған дейін де қолына қару ұстап, біраз тәжірибе жинақтаған ол Камчатка түбегінде шекара қорғау қызметіне қосылады. Жасы әлі жиырмаға да ілікпеген жігері мол жігіт осылайша шыңдалады.

Мұса аға әскери борышын абыроймен өтеумен бірге дивизиялық партия мектебінің екі жылдық курсында үздік тыңдаушы ретінде көзге түседі. Саяси білімін көтеру мүмкіндігіне ол сол уақыттың жоғары өлшемі — коммунистік партия мүшелігіне қабылдану арқылы жол салады.

Жиырма беске де толмаған жалын жүректі жігіттің алдында елдің көп шаруасы күтіп тұр еді. Ол әскери киімін шешіп те үлгерместен қызметке кірісіп кетеді. Бірден Алға аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болып бекиді. Көп ұзамай осы ауданда жастар жетекшісі болып сайланады. Ол кезде комсомол — партияның оң қолы, сенімді көмекшісі. Сондықтан да негізгі міндет партияға жүктелгенімен, көп шаруалар комсомолдың қолымен атқарылады. «Баланың жұмсағаны білінбейді» дегендей, комсомол жастар күні-түні шапқылап жүргенімен шаршамайды.

Бір өңірдің жастарын ортақ жұмысқа жұмылдыра білген комсомол жетекшісінің еңбегі еленбей қалған жоқ. Оны көп ұзамай тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты үлкен шаруашылыққа айналған Бессараб МТС-ы партия комитетінің хатшылығына жібереді. Бұл жұмыстың басты қиындығы — тыңгерлердің көпшілігі жан-жақтан келгендігі және олардың басы бірікпей, жұмыс барысында әртүрлі шарттарды алға тартып, кейде қылмыстық әрекеттердің де орын алатындығы. Сол тұста бұған дейін талай сынақта шыңдалған жігерлі азаматтың сөзбен де, іс-қимылмен де талай тентекті тұсағанын ел халқы жақсы біледі.

Ол алпысыншы жылдары Алматы жоғары партия мектебінде білім алып, содан кейін Алға аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. Кадрларды орналастыру, оларды тәрбиелеу секілді күрделі міндеттерді ол талапқа сай жоғары деңгейде атқарады. Сондықтан да болар, осы тұста екі ауданның біріктірілуі негізіндегі жаңа құрылым — Қобда өндірістік ауыл шаруашылықты ауданы партия комитетінің хатшылығына жіберіледі. Бұдан кейінгі кезекте Ырғыз аудандық атқару комитетінің төрағалығы қызметі күтіп тұр еді…

Мұса Алпанұлы 1974 жылы Мемлекет басшылығының экономикасы төмен ауылшаруашылық ұжымдарын іскер кадрлармен толықтыру арқылы олардың әлеуетін көтеру шаралары туралы қаулысына сәйкес Қарабұтақ ауданындағы «Ақкөл» кеңшарын басқаруға жіберіледі. Ол осындағы он екі жылғы директорлық қызметінде шаруашылық рентабелділігін көтеріп, облыста алдыңғы қатарға шығарды. Кеңшарда мал басы көбейіп, малшы-механизаторлардың табысы артты, ауылда әлеуметтік құрылыстар салынып, көптеген өркенді өзгерістер жасалды.

Мұса Алданиязов зейнет демалысына шыққан соң да тыным тауып отырмады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өз мамандығы бойынша бірер жыл еңбек етті. Содан кейін Ақтөбе көлік құрылысы тресінде жауапты қызмет атқарды. Қай шаруада болмасын оның өмірлік тәжірибесі, жылдар бойы қалыптасқан істі мұқият атқару дағдысы пайдасын тигізіп отырды.

Ол 2000 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдық мерекесіне орай Астана қаласында өткізілген шеруге қатысты. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Ел Президентінің Алғыс хатымен екі мәрте марапатталды.

Ал қызмет бабындағы жоғары жетістіктері Еңбек Қызыл Ту орденімен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен атап өтілді. «Германияны жеңгені үшін», сондай-ақ бейбіт күндердегі алған он бес шақты медалі оның өмірінің әр жылдарынан сыр шертеді. Ауыл шаруашылығында қол жеткізген жоғары табыстары, елеулі экономикалық көрсеткіштері үшін Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үш рет қатысып, осы көрменің бірнеше Алтын медалін кеудесіне тақты.

2014 жылы ол өзіне «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілуін ерекше тебіреніспен қарсы алды.

…Мұса ағамен отыз бес жылдай уақыт жүздесіп, сәлемдесіп жүріппіз. Алғаш көргенімізде алпысқа да жетпеген ел ағасы дерлік қайратты, жігерлі, сергек қалыптағы ол кісі кейін де сол жүрісінен көп өзгере қойған жоқ. Жетпісінде де, сексенінде қоғамдық қызметтерге араласып жүретін, ардагерлер ұйымының жұмысынан да тыс қалғанын байқамадық. Қалыптасқан әдеті болуы керек, қолынан шиыршықтап ұстап алған газет тастамайтын. Тоқсанында үйіне барып сәлемдескенімде, сыртқа көп шыға бермейтінін айтып, «қатарың болмаса тойға барма» деген ежелден келе жатқан бір сөзді еске алғаны жадымда.

Сонау өткен ғасырдың дәл ортасы тұсында алты жылдай жүріп, армия қатарынан елге оралғанда жүріс-тұрысы сыптай, әскери киінген әсем жігіттің алдынан кезіккен Аққайша ару Алматыдағы №12 мектеп-интернатты бітіріп, елге келген сәтінен Алатаудың бауырындағы әсем астанаға қайтып оралмады. Содан жетпіс жылға жуық қол ұстасып бірге жүріпті.

Балаларының үлкені Бағдат жолдасы Қазыбек екеуі облыстық денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, әлі күнге дейін көпшіліктің алғысына бөленіп келе жатыр. Одан кейінгі балалары Гүлбағда, Айса, Асылбек, Жанна заман ағымына сай түрлі мамандықтарды игеріп, кәсіптерінен береке табуда.

Мұса атаның көзі тірісінде немерелерін былай қойғанда, шөберелерінің өзі жиырмадан асып жығылды. Ол осылайша бабалық ғұмыр кешіп, тоқсан екі жасында өмірден өтті. Міне, оған да жылдың жүзі аунап түсіпті.

Аққайша әже бүгінде шөберелеріне атасының өмір жолын ертегідей етіп баяндап беруден тіпті де жалықпайды. Шынында да, кеңестік дәуірдің бүкіл сатыларынан сүрінбей өтіп, еліміз тәуелсіздік алған жылдарда да егемендіктің тұғырын нықтауға өз үлесін қосқан Мұса Алданиязовтың тұлғасы әрдайым құрметпен еске алуға лайықты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button