Ақтөбе — 95

Баспасөз — дәуір айнасы

Журналист қауымының арасында «Баспасөз — дәуір айнасы» деген қағидалы сөз бар. Осыдан  85 жыл бұрынғы  облыстық «Социалдық жол» газетінің тігіндісін парақтағанымызда, осы сөздің ақиқаттығына тағы бір көзіміз жеткендей болды.

Газеттің 1934 жылғы 26 қаңтар күнгі номерінің бірінші бетіне «Партия уставындағы жаңалықтар» деген тақырыппен «Правда» газетінің бас мақаласы көшіріп басылыпты. Сонымен бірге, осы бетте «МТС-тарда трактор ремонтының барысы» тақырыбымен көлемді мақала жарияланып, алдағы көктемгі егіске техниканың жарақтылығы,  әзірлік жұмыстарының жайы сөз болған. Бұдан байқағанымыз, сол кезде облыс көлемінде 17 МТС жұмыс жасапты.Олардың ірілері Тамды, Новоресей, Мәртөк, Жайсаң, Ақбұлақ, Томарөткел, Жаркөл, Песков, Озерный, Родников, Жұрын, тағы басқа МТС-тар болған. Осы жекелеген МТС-тарда 66-дан 32-ге дейін тракторлар болған.  Жалпы облыс көлемінде орналасқан барлық машина-трактор станцияларында 629 трактор есепте болған екен. Мақалада соның 437-сі, кейбір жекелеген МТС-тарда қолда бар тракторлардың үштен бірі ғана  жарақты екені айтылады.

Бұл жерде ол кездегі тракторлардың, қазіргі оқырмандардың ойындағыдай, көріп жүргеніндей қуатты тракторлар болмағанын да айта кету керек. Біздің қазақ  «шотаяқ» атаған бұл кезеңдегі тракторлар «аты бар да, заты жоқ» дегендей, «қоянның бойын көріп, қалжасынан түңіл» дегендей, күш-қуаты төмен,  әлжуаз, сол заманның өзіне лайықты техникалар еді.

Жалпы машина-трактор станцияларының өзі (МТС) жетіскендіктен құрылмағанын білеміз. Бұл — алғашқы құрылған бытыраңқы, ұсақ шаруашылықтардың бас-басына техника беруге мемлекеттің мүмкіндігі болмағандықтан, бар техниканы бірлесіп, ортақ пайдалануға байланысты ойластырылған шара болатын. Ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, тұйықтан шығаруда кезінде мұның пайдалы жағының да болғаны қазір айтылып жүр.

Біз әңгімелеп отырған осы мақаламен бірге, бұл күнгі газеттің екінші бетінде, соның алдында ғана өткен Қазақстан өлкелік VIII партия конференциясының материалдары беріліпті. Одан конференцияда есеп берген Мирзоянның және Қазақстанның екінші бесжылдық жоспары туралы баяндаған Ораз Исаұлының баяндамаларын оқуға болады. Республиканың сол тұстағы партиялық басшылығында  болған Мирзоянның еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бетпердесі ашылып, халық өз бағасын берді. Ал халқымыздың ардақты ұлы Ораз Исаевтың жөні бөлек, тарихтан өз орнын алған айтулы тұлға.

Бұдан 85 жыл бұрын

«СОЦИАЛДЫҚ ЖОЛ» — ӨНЕР ТУРАЛЫ

Бізді елең еткізген бір жағдай, «Социалдық жолдың» 18 ақпандағы номерінің үшінші бетін түгел алып, «Көркемөнерді күшейтуде жұртшылық пікірі толық ұйымдастырылсын» деген үлкен тақырыппен «Әдебиет бетінің» берілуі болды. Оның беташарына — облыстық партия комитетінің «Көркемөнершілердің облыстық слетін шақыру туралы 1934 жылғы 11 ақпандағы қаулысы берілген. Бұдан бөлек, «Болат» деп қол қойған автордың «Қазақ әдебиеті» газетін көп таратайық», «Диқанбай» деп қол қойған автордың «Облысымыздағы театр мәселесі» мақалалары жарияланған. Бір қызығы, «Әдебиет  беті» — газет ішіндегі газет сияқты, 2 цифрымен номерленіп, Ақтөбедегі кеңес жазушылар ұйымдастыру комитеті атынан шығарылған. Сол тұстағы уақыттың жай-жапсарын, жалпы өнер адамдарына, соның ішінде әдебиетшілерге қойылатын тоталитарлық жүйенің талабын ұға қою үшін осында жарияланған кейбір дүниелерді бүгінгі оқырманға сол күйінше ұсынуды дұрыс көрдік.

Көркемөнер талапкерлерін ұйымдастырамыз

Февральдың 27-сі күні Ақтөбе даласында көркемөнер иелері — әнші, биші, күй тартушылардың және артистердің слеті болады.

Слеттің күн тәртібі:

1.Облыстық партия комитетінің өкілі сөз сөйлейді.

  1. Облыстық театр жұмысының қазіргі күйі және алдағы міндеттері туралы.
  2. Өлкелік слетке өкілдер сайлау.

Слетке әзірлік ісі әлдеқашан қолға алынды. «Социалдық жол» басқармасы көркемөнер шеберлерінің есебін алу ісіне январдан бастап кірісіп еді. Есепке алынғандар:

  1. Райымжанұлы Жанша — биші, әнші, домбырашы, балалайка, гитара тарта біледі және артист.
  2. Дауылбайұлы Нұртай — әнші, домбырада күй тартады.
  3. Бекбауұлы Жылқыайдар — күлдіргіші.
  4. Қарылғашұлы Сисенбай — шебер домбырашы, күй тартады.
  5. Тоқпанұлы Байтөре — өлеңші, сүгірет оюшы шебер.
  6. Ілиясұлы Ақымеди — домбырашы, күй тартады.
  7. Қисматолдақызы — жақсы артистка.
  8. Ералықызы Рау — жақсы әнші.
  9. Жайытұлы — домбырашы.
  10. Саяндыққызы — жақсы әнші.
  11. Жүсіпұлы Ыбырай — артист.
  12. Ұлжаметқызы Күланда — жақсы артист.
  13. Естиярұлы — сырнай және артист.
  14. Саянбайұлы Санбай — аздап домбырашы, күй тартады.

Әлі де есепке алынбай келген ән, күй би билейтін, домбыра мен жақсы күй тарта білетін көркемөнер шеберлері болуы мүмкін. Бұлар «Социалдық жол» басқармасына келіп есепке алынуы керек. Слет басталғанша, басталғасын да есепке алу тоқталмайды. Слетке аудандардан 60 адам шақырылып отыр.

150 дана «Қазақ әдебиетін» алдыратын болды

Ақтөбедегі жоғары дәрежелі ауыл шаруашылығы коммунистер мектебінің оқушылары «Қазақ әдебиеті» газетінің 1-2- номерлерін оқып танысты. Бұл газеттің жаңа өркендеп келе жатқан түрі ұлттық, мазмұны социалдық әдебиетімізді күшейту жөнінде маңызы зор. Сондықтан өзіміздің жалпы жиналысымызда әдейі мәселе қойып, 150 дана алдыратын болып жазылдық. Алушылар жинау жұмысы тоқтамай жүре береді.

Жоғары дәрежелі ауыл шаруашылығы коммунистер мектебінің оқушылары.

Екпінділерге

Сен екпінді екпіндетіп,

Өркендеткен еңбекті.

Тынбай жүріп еңбек етіп,

Тарттың табыс көрнекті.

 

Міндетіңді жақсы біліп,

Қызметіңді орындап.

Қабақ шытпай ойнап-күліп,

Айыр-күрек қолыңа ап.

 

Ерте тұрып, кеш жатасың,

Жаның құрбан еңбекке.

Көңіліңмен сен білесің,

Барлық рақат еңбекте.

 

Іштерің ақ кіршігі жоқ,

Колхоз үшін қарқының.

Серт етесің құртамын деп

Бай-кулактың сарқытын.

 

Шабытыңды үдетесің,

Социалдық жарыспен.

Нысанаға тез жетесің,

Күрделі көп табыспен.

 

Зор табыспен келешекте,

Тапсыз қоғам құрасың.

Еткен еңбек кетпей текке,

Шаршы төрде тұрасың.

 

Бағалайды еңбегіңді,

Партия мен үкімет.

Мен де жаздым көргенімді

Қарқыныңды тағы үдет.

 КӘРІМ.

Хабарландыру

Қазақстан кеңес жазушылар ұйымының ұйымдастыру комитетінің газеті «Қазақ әдебиетіне жазылып қойыңдар!

12 айға — 7 сом 20 т.

6 айға — 3 сом 60 т.

3 айға — 1 сом 80 т.

Жеке саны — 20 т.

Басқарма адресі: Алматы «Қазақ әдебиеті» газетінің басқармасы.

Р.S. Газеттің әдебиет бетіне байланысты берілген осы жарияланымдарының өзінен өнерге, оның ішінде әдебиетке де партиялық бақылаудың қолға алына бастағанын байқаймыз. Жоғарыдағы біз көшіріп берген өлеңде және осы «Әдебиет бетінде» жарияланған Байтілев деген автордың «Кіндіксайдың беткейінде» аталатын әңгімесінде кеңестік саясаттың көзқарасы — таптық мүлденің талабын ескеру анық аңғарылады. Сөз бостандығына, өнердің еркіндігіне тұсау түскені көрініп-ақ тұр.

Бұл кезде тұсау тек өнерге емес, өмірдің өзге де бағыттарына — оқу орындарында білім алу, көрнекті орындарда қызмет атқаруға да салынып үлгерген сияқты. Төмендегі хабарландыру — соның айғағы.

Оқушылар алынады

Алматыдағы Қазақстан мемлекеттік зоотехник және мал емдеушілер даярлайтын институттың жанынан ашылатын 6 айлық даярлау курсына облыстық партия комитетінде орын бар.

Курсқа жергілікті ұлттан 7 жылдық білімі барлар алынады.

Курсқа кірем деушілер облыстық партия комитетінің кадр дайындау бөліміне арыз беруі керек.

Арызбен бірге мына документтер болу керек:

  1. Шыққан табы, әке-шешесінің шаруа үйі туралы;
  2. Білімі туралы;
  3. Толтырылып, куәландырылған анкет;
  4. Партия, комсомол, басқа да ұйымдардың мінездемесі;
  5. Денсаулығы туралы.

Облыстық партия комитетінің кадр бөлімі.

(«Социалдық жол», №39, 18 ақпан 1934 жыл).

 Облыстық мемлекеттік архив материалдары бойынша әзірлеген Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button