Мәдениет

«Мұқағали» перформансы: ақынның күнделігіне басымдық берілді

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр сахнасында көптен күткен премьера ұсынылды. «Мұқағали» перформансы, аты айтып тұрғандай, біртуар қаламгердің шығармашылығына арналды.     

Әуелі ерекше жанр — перформанс сөзінің мән-мағынасына тоқталсақ. Ағылшын тілінен енген терминді тәржімалағанда, «қойылым», «көркемдік шығарманы орындау» дегенді білдіреді. Жалпақ тілмен айтқанда, театрда, болмаса басқа жерде әртістердің ән, би, поэзия, актерлік ойын, т.б. кірістіріп, жан-жақты өнер көрсетуін әлгіндей жанрға жатқызады.

«Мұқағали» перформансында солай болды да. Бас-аяғы 8 жас актер ақиық ақынның әр жылдары жазылған өлеңдерінен үзінділер оқып, сөздеріне жазылған әндерді орындады. Тағы бір ерекшелік — спектакльде Мұқағалидың күнделігінде жазылған ой-толғамдарына баса мән беріліпті. Сахнадан туған күн иесінің жан жалғыздығы, адамдар арасындағы алауыздық, көреалмаушылық туралы қағазға түсірген шер-мұңы естіліп жатты… Төрге «мұзбалақ ақынның» портреттерінің ілініп, әр тұстан майшамдардың жағылуы, залдан қоңыр әуеннің әлсін-әлсін естілуі де көрерменге ерекше әсер қалдырғаны даусыз. Қоюшы-суретші —Абылайхан Аманжол.

— Театрдағы жас буын — Қадір Құттыбаев, Бағдат Телеуғалиев, Рахат Төрежанов, Нұрсұлтан Есет, Серік Қонысбаев, Дархан Дәулетияр, Бекжан Хайруллин және Әсила Төреғалиева — 8 актер болып осы қойылымды 1 айға жуық уақытта дайындадық. Спектакльдің қоюшы режиссері болсам да, өлеңдерді таңдау жағынан жоғарыда аталған әріптестеріме ерік бердім. Яғни олар өздерінің жанына жақын өлеңдерін оқиды. Тағы бір айта кетерлігі, 45 жасында дүниеден озған ақынға арналған перформанс 45 минутқа созылады, — дейді «Мұқағалидың» қоюшы режиссері Мейрам Хабибуллин.

Бір күнде екі рет сахналанған спектакль екеуінде де аншлагпен өтті. Көрермен қатарында болған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Лидия Кәденова өнердегі іні-сіңлілерінің аяқ алысын жоғары бағалап, жылы лебізін білдірді. Артынша «мұзбалақ ақынның» досы, замандасы Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқып берді. Ал театр фойесінде С.Жиенбаев, Н.Байғанин атындағы кітапханалардың қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жыр жүйрігіне арналған көшпелі көрме паш етілді. Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали Мақатаевты еске алып, оның өшпес көркем мұрасын жастарға насихаттауды мақсат тұтқан театрдағылар, осылайша, көрермен қауымға әдемі кеш сыйлады.

Айта кетейік, ақын тірі болғанда биыл 88 жасқа толар еді…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button