Жаңалықтар

«Нұр Отан» партиясы: мақсат — тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІ конференциясы облыс әкімі, партияның облыстық филиалының жетекшісі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтті. Жиынға қатысқан 200-дей делегат өз орталарынан 56 адамды таяу уақытта Астанада өтетін партия съезіне қатысуға ұсынды.    

Жиында «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» деген тақырыпта партия ардагері Ақансері Ермағамбет баяндама жасады. Ол еліміздегі жетекші орында тұрған партияның аталған кезеңде саяси кеңістікте жасампаз және біріктіруші күшке айналғанын атай келе, бүгінгі күні партия тарапынан атқарылған ауқымды істерге кеңінен тоқталды.

Партияның Саяси кеңесінің мүшесі Жеңісгүл Мұхамбетпайызова «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқылау бағытында әңгіме өрбітті.

— Партияның басымдықтағы мақсаттарының бірі — күшті ұлтты қалыптастыру. Бұл ретте денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамыту және адамдарды емдеу сапасын көтеру көзделуде. Біз қазақстандық медицинаның ең жоғарғы әлемдік стандарттарға сәйкес келуін қолдаймыз, — деп атап өтті ол.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының облыс аумағында жүзеге асырылуы барысына кеңінен тоқалды. Ол облыс орталығында «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы мен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының табысты жұмыс істей бастағанын айтты.

— Ақтөбеде биылғы жылы «Check-up» диагностикалық орталығын ашу белгіленіп отыр, аталған жоба Сеул ұлттық университетімен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылмақшы. Сондай-ақ ядролық медицина орталығы, балалар онкогематологиясы, облыстық перинаталдық орталық пайдалануға беріледі, — деді әлеуметтік мәселелерге назар аударған облыс әкімінің орынбасары.

Партия отбасылық құндылықтарды қолдау және отбасыларын нығайту бағытында нақты жұмыстарға ұйытқы болуда. Осы бағытта баяндамашы «Күншуақ» сауықтыру лагерінің, мүмкіндіктері шектеулі балдырғандарға арналған балабақшаның, жыл бойы жұмыс істейтін «Әсем» оқу-сауықтыру лагерінің ашылуын тілге тиек етті. Кәмелет жасына жеткен 136 жетім бала өз пәтерінің кілтіне ие болды. Жастар жылында 22 325 жасөспірім жігіттер мен қыздар жұмыспен қамтамасыз етілмекші.

Мәртөк орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі Артем Райзихтің қазақ тіліндегі жігерлі сөзі көпшілікті тәнті етті. Ол өзінің Темір ауданының Кеңқияқ ауылында дүниеге келгенін айтты. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген соң Мәртөк ауданындағы №1 жалпы орта мектебінде аға тәлімгерден еңбек жолын бастап, төрт жыл ішінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына көтерілген.

— Мәртөктегі №2 мектеп-гимназия базасында партиялық жоба аясында өткен жылы ашылған тегін «ІТ-класс» балаларды бағдарламалау, робототехника және моделдеу дағдыларына үйретуде. Мұндай кабинет енді біздің мектебімізде де ашылмақшы.

Жасотандықтардың «English for Jastar» жобасы аумағында 30 шақты мектеп оқушысы ілгерілемелі ағылшын тілін үйрену бойынша 8 апталық интенсивті курсқа қатысуға мүмкіндік алды. Ал алдағы наурыз айында «Bilim ortalygy» — білім тарату орталығы» жобасы аясында жаңа коворкинг-орталықтың ашылуын күтудеміз, — деді ол.

Артем жастар қанатының белсендісі, партияның аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі ретінде өткен жылдың қараша айында партияның жаңа кадрлық резервін құрылымдауға қатысқан және іріктеудің барлық сатысынан іркілмей өтіп, ауданның сайланбалы лауазымдарына үміткерлікке өтті.

Конференция мәжілісі қорытындысында партияның облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев нұротандықтардың әрбір қазақстандық отбасының тіршілік сапасын көтеруге ерекше назар аударып отырғанын атап көрсетіп, бұл бағыттың алдағы уақытта күн тәртібінен түспейтінін жеткізді. Ақтөбеліктер де бұл игілікті іске өздерінің лайықты үлестерін қосуы тиіс.

— Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі еліміздің экономикасын дамыту нәтижелері халықтың тіршілік деңгейін жақсарта түсуге септігін тигізуде. Мемлекет басшысының Жолдаулары, мемлекеттік бағдарламалар ылғи да қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсартуды көздейді, — деп атап көрсетті облыс басшысы қорытынды сөзінде.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Бердібек Машбекұлы тұрса әлі талай жаста еңкейген қартта үйлі болада Алланың рахметі жаусын халық риза сізге аман жүріңіз ел сізбен бірге

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button