Ақтөбе — 150Басты жаңалықтарЖастар

Жастар баспаналы болды

Кеше әлеуметтік салада қызмет атқарып жүрген жастар мен жас отбасылар баспаналы болды. Ақтөбе қаласының 150 жылдығына және Жастар жылына орай жүзеге асырылып жатқан игі шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысып, пәтер кілттерін табыс етті.  

Облыс әкімінің тапсырмасына сай, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып ұйымдастырған бағдарлама арқылы 29 жасқа дейінгі 50 жас пен жас отбасы пәтер кілттеріне ие болды. Бұл бағдарлама республика деңгейінде тұңғыш рет Ақтөбеде қолға алынып отыр.

Шара барысында облыс әкімі былтыр Ақтөбеде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 170 мың өскелең ұрпақ өкілдері қатысқан 2 мыңға жуық шара өткенін атап өтті.

— Баспанамен қамту —  біздің мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Біз Елбасының жастарды баспанамен қамтамасыз етуге байланысты тапсырмасы аясында бірегей тұрғын үй бағдарламасын іске қостық. Соның арқасында ақтөбелік жастар баспанамен қамтылып жатыр.

Былтыр Ақтөбеде «Jas barys» алғашқы өңірлік форумы өтіп, оған еріктілер, студенттер, жас кәсіпкерлер мен  жұмысшы жастар қатысты. Дүниежүзілік банктің қолдауымен «ZhasProject» жобасы жүзеге асырылып, соның аясында жастар 163 жобаны жүзеге асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін қаражат алды.

Жастар жылы біздің өңірде 22 мыңнан аса жас жұмысқа орналасып, «Жасыл елге» қатысушылар саны 6 мыңға дейін артады, жастар жобасын жүзеге асыруға 40 миллион теңге бөлінбек, ал 500 жас өз ісін ашу үшін мемлекеттің жеңілдетілген несиесі мен гранттар түріндегі қолдауын ала алады, — деді Бердібек Сапарбаев.

— Өзім секілді жас отбасылардың көпшілігін пәтер мәселесі толғандырады. Себебі жастар үшін бастапқы жарнаның өзін жинау оңай емес.

Бүгін біздің көптен күткен арманымыз орындалды. Облыста осындай бағдарламаның іске қосылғанына қуаныштымыз. Үй алу үшін өтініш тапсырғанымызға да көп уақыт болған жоқ. Пәтерге ай сайын 33 мың теңге төлейміз. Қосымша коммуналдық қызметтері бар. Баспанамыз жаңа, жылы әрі жайлы. Барша замандастарымды бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын! — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің маманы Берік Мұстафин.

Жаңа пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Алаңы 45-55 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерлер «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан. Тұрғын үй алаңы үшін төленетін алғашқы жарна орташа есеппен 350 мың теңгені құрайды. Ай сайынғы төлем — 35 мың теңге. Жаңа, таза әрлеудегі тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны — 100 мыңнан 120 мың теңгеге дейін.

Қазіргі таңда аталған бағдарламаға қатысу үшін 2 мыңнан астам өтініш түскен.

Жақында тағы 100 пәтерді беру жоспарланып отыр.

Баспаналы болған жастардың арасында «Ақтөбе» облыстық газетінің тілшілері Ақерке Сатыбалды мен Ақбота Қалдыбек те бар.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button