Басты жаңалықтарДенсаулық

Медицина: ізденістер мен табыстар

Жыл қорытындысы

«БАҚЫТТЫ БАЛА» ЖОБАСЫ БОЙЫНША НАУҚАС БАЛАЛАР ШЕТЕЛДЕ ЕМДЕЛДІ

Былтыр Ақтөбе медициналық орталығына Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей, Израиль, Өзбекстан, Қырғызстан  елдеріндегі жетекші клиникалардан профессорлар келді. Олар әртүрлі, оның ішінде маммология және пластикалық хирургия бағыты бойынша шеберлік класын өткізді. Былтыр «Бақытты бала» жобасы аясында Түркиядан келген дәрігерлер бес адамға ота жасады. Оның ішінде екі бала бар. Дәрігерлер сүт безі ауруы және түрлі космети­калық ақаулары бар тұрғындар­ды, оның ішінде балаларды қа­рап, кеңес берді.

Сонымен қатар күрделі па­тологиясы бар бес балаға Баш­кент университетінің базасын­да операция жасалды. Барлық шығынды университет көтерді.

Орынборлық көз дәрігерлері балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін тегін тексерсе, оңтүстіккореялық профессор Чанг Хенг Сюк үш күн бойы эндокринология бойынша науқас балаларды тегін қарады.

 «ҚАҒАЗСЫЗ АУРУХАНА» ЖОБАСЫ ЕНГІЗІЛДІ

«Цифрлық Қазақстан»  мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде былтыр 1 шілдеден бастап «Қағазсыз аурухана» пилотты жобасы енгізілді. Қазіргі таңда 67 медициналық құжат электронды жүйеге көшірілді.  Тұрғындар мобильді қосымша арқылы дәрігерге жазылатын болды. Бүгінгі күні мобильді қосымшаларды пайдаланушылар саны — 107 402. Бұл тұрғындардың интернетті белсенді түрде пайдаланып келе жатқанын көрсетеді.

КОРЕЯЛЫҚТАР «PACS» ЖҮЙЕСІН ОРНАТТЫ

Ақтөбе медициналық орталығына кореялық мамандар «PACS» бейнелерді мұрағаттау жүйесін орнатты. Бұл облыс әкімдігі мен Оңтүстік Корея елінің Пусан ұлттық университеті арасындағы облыстың цифрлық денсаулық сақтау жүйесіне ақпараттық-байланыс технологияларын трансферттеу бойынша инновациялық қызметтегі халықаралық ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асып отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, аталған жүйенің құны — 500 мың доллар. Компьютерлік, магниттік томография,  рентген суреттерін пленкасыз электронды түрде көруге мүмкіндік береді.

1311 ИННОВАЦИЯЛЫҚ ОТА ЖАСАЛДЫ

2018 жылдың қорытындысы  бойынша облыстың ауруханаларында 126 017 науқасқа медициналық көмек көрсетілді. Жергілікті және шетелдік дәрігерлердің қатысуымен аса күрделі 300-ден аса ота жасалды. Медициналық кластер аясында 126 мыңнан аса науқасқа медициналық көмек көрсетілсе, 33 093 адамға хирургиялық операция жасалған. Оның ішінде 1311-і жоғары мамандандырылған инновациялық медициналық қызмет алған. Өткен жылы 408 адамның жүрегіне  ашық түрде кардиохирургиялық, оның ішінде 14 адамға еліміздің батыс өңірінде бұрын-соңды жасалмаған жүрекке дефибрилляторды импланттау  оталары жасалды. 103 адамның тізе, 93 адамның жамбас буыны ауыстырылды. Миға ашық түрде жасалған 186 нейрохирургиялық ота сәтті өтті. Бүгінгі күні орталықта 2 бауыр, 7 бүйрек ауыстыруы бойынша трансплантациялық оталар өткізілді.

Сонымен қатар өткен жылы 2997 науқас Астана және Алматы қалаларындағы республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарында мемлекеттік квота негізінде  емделді.

ОРГАНДАРДЫ ТРАНСПЛАНТАЦИЯЛАУДЫҢ ЕЛУІНШІ ОПЕРАЦИЯСЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

2014 жылдан бастап облыста органдарды трансплантациялау бағдарламасы табысты орындалуда. Осы уақыт ішінде органды трансплантациялаудың барлық мәселелері бойынша халыққа көмек көрсететін барлық қызмет құрылды. Ақтөбе медициналық кластері базасында бүйректі трансплантациялау бойынша өздігінше операциялар қазіргі заманғы барлық стандарттарға сәйкес келеді. Көп жағдайда науқастың туыстары донор болады.

Былтыр қыркүйек айында  Ақтөбеде бүйрек трансплантациялаудың кезекті операциясы жүргізіліп, онда науқастың өз қарындасы донор болды. Осылайша, ол ағасына екінші өмір сыйлады. Бұл Ақтөбе өңіріндегі елуінші операция болғандықтан, дәрігерлердің арнайы есебіне алынды. Соңғы жылдары ақтөбелік дәрігерлер бүйректі трансплантациялау бойынша 38 операция, бауырды трансплантациялау бойынша 12 операция жасады.

«СІЗДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗ ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗДА» СТЕЛЛАСЫ АШЫЛДЫ

Маусым айында Ақтөбе қаласындағы «Денсаулық» саябағында денсаулық пен ұзақ өмірдің символы — «Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда» стелласы ашылды.  Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Оңтүстік Корея еліндегі «Каннам Северанс» клиникасының профессоры Чанг Хенг Сюк қатысты.

«Бақытты бала» жобасы аясында Ақтөбеге келген профессор Чанг Хенг Сюк  та ақтөбеліктердің құрметіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол өз жеке қаражатынан екі жетім балаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашқан. 100 мың теңгенің сертификатын балаларға салтанатты түрде тапсырды.

МЕМЛЕКЕТ ПЕН ЖЕКЕМЕНШІК СЕРІКТЕСТІГІ АЯСЫНДА 40 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

Облыста мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында атқарылып жатқан жұмыстардың ең көп бөлігі денсаулық сақтау саласына тиесілі. Қазіргі күні осы бағытта қырық жоба жүзеге асса, оның жиырма төрті іске қосылып тұр. Оның ішінде ірі жобалар бар. Соның бірі — балалар онкогематологиялық орталығы. Облыстағы онкологиялық орталықта диагноз қойылғанымен емдеу шаралары Астана мен Алматы қалаларында жүргізіледі.  Ал бүгінгі күні өңірде онкологиялық сырқатқа шалдыққан 167 бала бар. Жыл сайын облыста бұл қатерлі кеселмен  30-35, жалпы еліміздің батыс облыстарында шамамен 140 бала  тіркеледі. Егер аталған орталық Ақтөбеде орналасса, батыс аймақтың балаларын осы жерден емдеуге мүмкіндік туады. Осы ретте әлемдегі жетекші балалар онкогематологі, Германиядағы «Шаритэ» университеті медициналық кешенінің профессоры Гюнтер Хенценің қолдауымен онкогематологиялық орталықтың құрылысы басталды.

CHEK-UP» ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Сеул ұлттық университетінің госпиталімен бірлесіп, «Chek-up» диагностикалық орталығының және  «GE Healthcare» компаниясымен бірге ядролық медицина орталығының құрылысын бастады. Заманауи диагностикалық орталықты құрудағы негізгі мақсат —  түрлі ауруларды ерте және уақытында анықтау, медициналық туризмді дамыту, Ақтөбе облысындағы мамандардың біліктілік деңгейін көтеру, диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу.

108 БАЛАҒА КАРДИОХИРУРГИЯЛЫҚ ОТА ЖАСАЛДЫ

 Облыста педиатриялық қызмет сапасын жақсарту мақсатында балаларға көмек көрсету үшін кардиохирургиялық, онкогематологиялық  жол карталары енгізілген. Былтыр 108 балаға кардиохирургиялық ота жасалған.

Облыстағы  мүмкіндігі шектеулі балалар «Ақбөбек» оңалту орталығында, «Дару» оңалту клиникасында, Ақтөбе медициналық орталығының балалар ауруханасы базасындағы оңалту бөлімінде сауықтырылған. Барлық мүгедек балалар диспансерлік есепке алынып, аймақтық дәрігерлер мен арнайы мамандардың тұрақты бақылауында болады.

 1 САҒАТТА  4270 АДАМНЫҢ ҚАН ҚЫСЫМЫ ӨЛШЕНДІ

Өткен жылы 5 шілде күні Астана қаласының жиырма жылдығына орай, Ақтөбенің Батыс-2 ауданындағы «Денсаулық» саябағында бес жүзден аса дәрігер бір сағатта  4272 адамның  артериалды қан қысымын өлшеді. Тұрғындармен бірге шараға  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты. Алаңда 500 дәрігер отырып, әрбір ақтөбеліктің қан қысын өлшеп, оларға қажетті кеңес берді. Әр дәрігер бір адамға 3-4 минут уақытын ғана бөлді. Алаңда кезек болып, алдымен адамдардың жеке куәлігі тіркелді. Кейін олар қан қысымын өлшетіп, арнайы нөмір алды. Барлығы 80 бақылаушы жұмыс істеп, дәрігерлердің іс-әрекетін бейнекамераға түсірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button