Басты жаңалықтарСпорт

Қысқы спортқа ерекше көңіл бөлінген жыл

Жыл қорытындысы

Өткен жылы Ақтөбе спортында көптен бері ойда жүрген  істер тиянақталды. Облыстағы спорттық ғимараттар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда ерекше қарқынмен көбейіп, дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылардың саны 32 пайызға өсті. Сондай-ақ қысқы спорт түрлерін дамыту және насихаттау мақсатында кәсіби жастар хоккей командасы құрылды.

Өңірдің спорт саласында атқарылған жұмыстар жайын жеке-жеке сараласақ…

 Мұз сарайы ашылып, хоккей командасы құрылды

Өткен жылдың қазан айында облыс орталығында облыс әкімдігінің және Қазақстан хоккей федерациясының бастамасымен Мұз сарайы ашылып, «Ақтөбе» жастар хоккей командасы құрылды.

Аталған ғимаратты Ақтөбе облысына сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аралап көріп, жас хоккейшілермен тілдескен болатын.

Қаланың Батыс-2 ауданында бой көтерген ғимараттың жалпы құны — 3,8 миллиард теңге. Оның 70 пайызын словакиялық «H+H TECHNIKА» инвесторлары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қаржыландырған. Мұз алаңы жыл сайын тек хоккейден ғана емес, сонымен қатар мәнерлеп сырғанау, баскетбол, шағын футбол, бокс, үлкен теннис, гимнастикадан да кәсіби жарыстар, сондай-ақ мәдени ойын-сауық шараларын өткізуге мүмкіндік береді. Спорт кешенінің жалпы аумағы — 8500 шаршы метр. 2500-ден аса көрерменге арналған орын бар. Кешенде алаңнан бөлек, мәжіліс залы, жаттығу залдары, кеңселер, спорт тауарларын сататын дүкен мен кафе бар.

— Өткен жылдың Ақтөбе спорты үшін тағы бір айтулы жаңалығы — облыс әкімдігі мен Қазақстан хоккей федерациясының бастамасымен 28 жылдан соң кәсіпқой хоккей командасы қайта құрылуы. Бұл жаңалықтың Ақтөбе спортында жүрген азаматтарға ерекше серпін бергені сөзсіз. Мұз сарайының ашылу салтанатында команданың алғашқы ойыны өтіп, оны облыс әкімінің өзі тамашалаған болатын. Бүгінгі таңда «Ақтөбе» хоккей командасы Қазақстанның жастар лигасында көш бастап тұр. Ендігі мақсатымыз — ересектер арасындағы «Ақтөбе» хоккей командасын құру, — дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.

Айта кетейік, аталған Мұз сарайында өткен жылдың желтоқсан айында алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасы чемпионаты өткен болатын. Айтулы додаға Алматы мен Астана қалаларынан өзге 6 өңірден келген 72 спортшы қатысты.

Басқарма басшысы өз сөзінде аталған мұз айдынына аудан спортшылары да арнайы келіп, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп тұратындығын айтты.

— Өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өңірде қысқы спорт түрлерін дамыту бойынша облыс аумағында салынған 80 қоршалған хоккей корттарында шайбалы хоккейден «Жұлдызша» облыстық турнирі өткен болатын. Аталған жарыс биыл да жалғасын табады. Бүгінгі таңда барлық ауданда дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қыс мезгіліне дейін, өткен жылғы турнир жүлдегерлері Әйтеке би мен Хромтау ауданының спортшылары Мұз сарайы мен Олимп спорт кешенінде дайындық жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта «Жұлдызша» турнирінің үздік хоккейшілерінің «Ақтөбе» жастар хоккей командасының құрамына мүше болуына толықтай мүмкіндіктері бар. Аталған жарыс — жергілікті спортшыларды әзірлеп шығарудың алғашқы қадамдарының бірі, — дейді Мейрамбек Махамбетов.

2018 жылы облыста спорттық ғимараттардың саны 83 бірлікке көбейген, оның ішінде — 45 хоккей және 8 теннис корттары, 6 жазықтықты құрылғы, 5 жүзу бассейні, 4 спорт залы, 3 спорт кешені, спорт сарайы бар.

Теннис орталығы пайдалануға берілді

Облыс орталығында ит жылы пайдалануға берілген тағы бір нысан — «Асе» теннис орталығы. Бұл кешен де қазан айында Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылған болатын.

Елбасы жас спортшылар ұсынған теннис добына өз қолтаңбасын қойып, алаңда символикалық соққы жасады.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған теннис орталығы балаларды 6 жастан бастап қабылдайды. Алдағы уақытта орталықта 500 бала теннисті тегін үйреніп, әртүрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, жалпы көлемі 7 мың шаршы метр болатын теннис орталығында «хард» қатты жабындысы төселген.  4 жабық және 4 ашық корт бар. Сондай-ақ ғимаратта жаттығу залы, мәжіліс залы, фитнес залы, киім ауыстыратын бөлмелер орналасқан. Жоба құны — 1,5 млрд теңге.

— Бұған дейін қаламыздың жас спортшылары үшін тек Кірпішті ауданындағы теннис орталығы жұмыс жасап келді. Өткен жылдан бастап Батыс-2 ауданында Қазақстан теннис федерациясының Ақтөбедегі филиалының директоры Аркадий Нидің демеушілік жасауының арқасында  500-ге жуық бала теннис ойынын үйреніп, шұғылдануға мүмкіндік алды, — дейді басқарма басшысы.

Айта кету керек, барлық корт халықаралық талаптарға сай келетін жарық беру жүйесімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ орталықта екі адамға арналған 30-дан астам бөлмеден тұратын қонақүй бар. Қазіргі таңда орталықта 50 адам жұмыс жасайды.

2018 жылы облыста спортпен шұғылданушылар саны 31%-дан 32%-ға өсті.

Спорттық кешендерге келіңіз

Өңірде Елбасының республика бойынша 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу тапсырмасын орындау мақсатында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, өткен жылдың мамыр айында Қобда ауданында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, биыл сондай кешен өңірдің 4 ауданында есігін айқара ашпақ.

Қобда ауданындағы кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, қобдалықтарды айтулы сәтімен құттықтаған еді.

Құны 257,5 миллион теңге тұратын заманауи спорт ғимараты 2 мың шаршы метр алаңда орналасқан. Мұнда бассейн, бокс және фитнес залдары, баскетбол және волейбол алаңдары, шағын футбол ойнайтын аумақ бар. Кешен киім ауыстыратын кең бөлмелермен және жуынатын кабиналармен жабдықталған.

Біле жүріңіз…

Сондай-ақ 2018 жылы тамыз айында Ақтөбеде есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасы ІІ спартакиадасы өтті.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен жоғары деңгейде айналысуына жағдай жасау, олардың әлеуетін мейлінше молынан пайдалануға қолайлы орта ұсыну мақсатында ұйымдастырылған спартакиада 2014 жылы Алматы қаласында шымылдығын түрген-ді. 4 жылда бір рет өтетін бәсекеде  еліміздің 17 өңірінен келген үнсіздік әлемінің үздіктері спорттың 10 түрі бойынша сынға түсті.

— Бүгінгі таңда облыстың 12 ауданының бесеуінде дене шынықтықтыру-сауықтыру кешендері бар. Ал Әйтеке би, Қарғалы, Ырғыз, Мәртөк аудандарында өткен жылы құрылыс жұмыстары басталды. Жоспар бойынша 2019 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Алдағы уақытта 3 ауданда құрылыс жұмыстарын бастау жоспары тұр. Осылайша, 2020 жылға дейін барлық аудан тұрғындары спортпен шұғылдануға толықтай мүмкіндік алады,— дейді Мейрамбек Махамбетов.

Сондай-ақ басқарма басшысы Ақтөбе қаласынан өзге, аудан орталықтарында даworkout спорттық алаңдары салынып жатқандығын айтты.

Бұл игі бастама халықты бұқаралық спортқа баулуды көздейді. Спорттық алаңдар жиырма түрлі снарядпен жабдықталған және адамға барлық бұлшықеттерін шыңдауға мүмкіндік береді. Басты мақсат — алаңдарда спортпен шұғылдануға мейлінше көп адам тарту, — дейді ол.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button