«Бақытты бала»Басты жаңалықтар

«Бақытты бала» — Ақтөбенің брендіне айналған бірегей жоба

Жыл қорытындысы

Былтыр Ақтөбе облысында  Балалар жылы болып жарияланып, «Бақытты бала» атты ауқымды жоба жүзеге асырылған болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жобасының негізгі өзегі — ұлттың табыстылығы екендігін ескерсек, ұлт табыстылығы адами капиталға тәуелді екені айқын. Ал адами капиталдың алғашқы баспалдағы балаға қамқорлықтан басталады. Сондықтан Ақтөбе рухани жаңғыруды ұлт болашағының — балалардың жан-жақты дамуы үшін қоғамның барлық ресурсын жұмылдырудан бастады.

«Бақытты бала» — Ақтөбенің брендіне айналған бірегей жоба. Былтыр жыл бойы осы жоба аясында 3334 шара өткізілген. Оған өңірдегі 118 015 бала қатысқан.

Айта кетейік, бұл жоба сегіз бағыт бойынша жүзеге асырылды, олар — «Балалардың IT әлемі», «Цифрлық сауаттылық-мүмкіндіктер матрицасы», «Шекарасыз білім»,  «Салауатты болашақ», «Бақытты балалық шақ», «Қосымша білім беруді дамыту», «Бақытты бала – Қазақстанның болашағының кепілі» және «Жақсылық жасауға асығыңыз!» топтамалары.

Мүмкіндіктер матрицасы: цифрлық сауаттылық һәм балалардың ІТ әлемі

Қазіргі балалар ақпараттық ІТ-технологияларға өте құмар. Бұл, бір жағынан, уақыт талабы. «Бақытты бала» жобасы аясындағы бірінші, екінші блоктар бойынша облыс мектептері жаңа инновациялық құрылғылармен, ақпараттық технологиялармен жабдықталды. Облыстық білім басқармасы берген дерекке сүйенсек, Балалар жылында облыс мектептері 243D принтер,27 робот техникасы және 28 ультрақысқафокусты проектормен жабдықталды. Облыс мектептерінде 3D модельдеу, сәулет, дизайн, анимация, web-сайт құру бағдарламалары бойынша білім беретін 25 ІТ класс ашылды. Оның 9-ы Ақтөбе қаласында болса, 16-сы — аудандарда. Сондай-ақ, былтыр  №72 Әбіш Кекілбаев атындағы ІТ орта мектеп-лицейі ашылды.

Оқушылардың зияткерлік шығармашылығы менинженерлік-техникалық ойлау жүйесін қалыптастыру мақсатында оқытушылардың біліктілігін арттыруға да маңыз берілді. Былтыр осы мақсатта облыстағы 360-тан астам мұғалім Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мен педагогикалық шеберлік орталығында робототехника бойынша арнайы курстардан өтті. Былтырдан бастап облыс бойынша 87 мектепте 2-4 сыныптарға арналған «Бағдарламалау негіздері» факультативтік курсын  эксперимент түрінде енгізу жұмыстары басталды. Ол «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционерлік қоғамы әзірлеген факультативтік оқу бағдарламасы негізінде ашылды.

Шекарасыз білім мен салауатты өмір салты 

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету, балалар үшін спортзалдар мен алаңдар желісін жасақтау және олардың жазғы және жыл бойғы демалысын ұйымдастыру бағытында да облыста қыруар жұмыстар атқарылды.

Облыста мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдаудың өзгеше механизмі қалыптасты. Дұрыс сөйлей алмайтын, психикалық дамуы тежелген, ойлау қабілеті бұзылған, Дауна синдромымымен ауыратын, тірек-қозғалыс аппараты қызметі бұзылған балалар үшін арнайы  балабақша ашылды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі, ерекше балаларды қолдауға бағытталған «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері жұмыс істей бастады.«Күншуақ» Қазақстанда тұңғыш ретжыл бойы жұмыс жасайтын лагерь. Мұнда сенсорлық, логопед және массаж, сал ауруына шалдыққан балаларға иппотерапия, емдік дене шынықтыру бөлмелерінің жұмысы ұйымдастырылып, инклюзивтік ойын алаңдары құрылған. Сондай-ақ кей жағдайда балалардың анасымен бірге демалуы да қарастырылған. Бүгінге дейін «Күншуаққа» 250-ге жуық бала келді.

Кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында №2 қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация бөлімі ашылып, облыстың34мектебінде пандус салынды. Облыстағы  ерекше білімді қажет ететін барлық балалар және инклюзивті білім беру енгізілген білім мекемелері 588 сенсорлы үйшікпен қамтамасыз етілді.

— «Саламатты болашақ»бағыты бойынша облыста 49 көпфункционалды  спорт алаңы, 57 воркаут, 53 ойын алаңы,  28 хоккей корты, барлығы 187 спорт-ойын алаңы іске қосылды.Қаланың Батыс-2 ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы балаларға арналған стоматологиялық орталықтың, сал ауруына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығының, медициналық кластер жанындағы онкогематологиялық балалар корпусының, облыстық перинаталдық орталықтың құрылыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбеде алты жасқа дейінгі балалар үшін 54 педиатрлық учаске ашылды, — дейді облыстық білім басқармасы адамгершілік-рухани тәрбие, өзін-өзі тану және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Райхан Нұрқожаева. 

Жыл басынан бері қайырымдылық ұйымдардың қаржыландыруы нәтижесінде күрделі оталарға мұқтаж балаларды сауықтыру мақсатында бірнеше меморандумға қол қойылған болатын. Осы меморандумдар аясында шетелдік мамандар 248 балаға кеңес берді, Оңтүстік Корея мен түркиялық мамандар 8 балаға ота жасады. Қазіргі таңда шетелдік мамандар Қазақстанда жасалмайтын оталарды өз елдерінде тегін жасау үшін жұмыстанып жатыр.

Бақытты балалық шақ

Былтыр кішкентайлардың жазғы және жыл бойғы демалысын қызықты әрі тиімді ұйымдастыру барысында 14 мыңнан астам бала Қазақстанның және облыстыңкөрікті жерлеріне туристік саяхаттарға жіберілді. Жоба шеңберінде жақсы оқитын, түрлі сайыстарда жетістікке жетіп жүрген 706 бала алыс және жақын шетелге — Ресейге, Татарстанға, Қытай мен АҚШ, Малайзия елдеріндегі лагерьлерге, сондай-ақ еліміздің демалыс-сауықтыру лагерьлеріне барды.

— Былтыр жыл он екі ай жұмыс істейтін оқу-танымдық лагері іске қосылды. Дарынды балаларға арналған лагерьге облыстың барлық аудандарынан, басқа облыстардан, сонымен қатар алыс, жақын шетелдерден әртүрлі санаттағы отбасы балалары келе алады. Сондай-ақ, былтырғы атаулы Балалар жылында ақтөбелік бүлдіршіндерге ФИФА-ның халықаралық стандартына сай, заманауи футбол-жаттықтыру кешені, батут орталығы, Қазақстанның өзге өңірлерінде баламасы жоқ, ашық аспан астындағы «Юрта парк» отбасылық демалыс саябағы, аквапарк, Мұз айдыны және жаңа Теннис орталығы ерекше сый болды, — дейді Р.Нұрқожаева.

Талантты балаларға мүмкіндік берген жобалар

Қосымша білім беру ұйымдарының дамуына жағдай жасау, талантты балаларға қолдау көрсету мақсатында былтыр облыста бірнеше мәдени шара өткізілді. Алғаш рет өткізілген «KIDS СINEMA WORLD» балалар киносының фестиваль-байқауына белгілі өнер майталмандары шақырылды.

Сондай-ақ былтыр өнерімен еш жерде танылмаған балаларды үлкен сахнаға шығару мақсатында «Бақытты балалық шақ» фестивалі өтті. Бұл — ауыл-аймақтардан, облысымыздың түкпір-түкпірінен шынайы дарынды балаларды іздестіріп, бәйгеге қосқан ауқымды жоба. Бұл шараға 3500 бала қатысуға тілек білдіріп, оның 562-сі финалға өтті.

Былтыр Ақтөбе мәдениетінің жаңа бренді — «Бақытты бала» халықаралық байқауы өткізілді. Байқауға әлемнің бірнеше елінен келген таланттар қатысты. Оған әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген, сондай-ақ ізінен келе жатқан талантты жас әнші Данэлия Тулешовалар да қонақ ретінде шақырылды.

Бақытты бала — дамыған қоғам кепілі

Облыста 18 жасқа дейінгі 1011 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Балалар жылы аясындағы атқарылған шаралар жоспарына сай, «Жақсылық жасауға асық» атты акция бойыншаоблыс көлемінде қайырымдылық шаралары өткізіліп, қамқорлыққа зәру балаларға мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетілді. Кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған мыңға жуық баланы өз қамқорлықтарына алып, олардың шоттарына жыл басынан бері қаржы салып тұрды.Соның нәтижесінде қамқоршылар 995 баланың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» жинақ есепшоттарын 103 млн теңгеге толықтырды. Бүгінде 136 жетім бала баспаналы болып отыр. Олардың 23-і пәтерді Ақтөбе қаласынан алса, қалғандары аудандардан алды.

Былтыр сондай-ақ, ата-аналардың бала тәрбиесінде жауапкершілігінің артуы, «мектеп — оқушы — отбасы» үштігінің арасындағы байланысты нығайту мақсатында да жұмыстар жүргізілді. Мәселен, отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты ата-аналарға арналған педагогикалық нұсқаулықтар жинағы шығарылды.

«Әке беделі — ұлт абыройы» әкелердің республикалық форумы, «Анаға тағзым» аналар слеті өткізілді.

— Елбасымыздың жастарды қолдау мақсатында жариялаған «Жастар жылымен» бірге облыста биыл «Бақытты бала» жобасы да жалғасын табады. 2019 жылы облыс бойынша 30 ІТ-кабинеттер ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 100-ден астам білім беру ұйымын бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету, балалар спорт алаңдарын салу, жалпы білім беретін ұйымдарды компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарда бар, — дейді Р.Нұрқожаева.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button