БілімБасты жаңалықтар

15 мектеп пен 44 балабақша ашылды

Жыл қорытындысы

Кейбір аудандарда балабақшаға кезек жойылды

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, бүгінде облыста контингенті 48 525 баланы құрайтын  527 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. 42 540 баланы қамтитын 351 балабақша,  5985 бала тәрбиеленетін 176 шағын орталық, сондай-ақ 118 жекеменшік балабақша бар.

Өткен жылы 5313 орынға арналған 44 балабақша ашылды. Нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 2,7 пайызға артты. Сондай-ақ былтыр 27 мектептің құрылысы жүргізіліп, 15 мектеп пайдалануға берілді.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың жоғары көрсеткіштеріне Қобда (99,8%), Мәртөк (99,2%), Темір (98,7%), Ойыл (96,9%) және Байғанин (96,4%) аудандары қол жеткізді.  Ырғыз ауданында (95,4%) мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке тұру толығымен жойылды.

— Бүгінде 71 балабақшада инклюзивтік білім беруге жағдай жасалған.

Сонымен бірге, жетім балаларға тұрғын үй алуға қолдау көрсетуге бағытталған кешенді бағдарлама аясында 983 бала әлеуметтік-патронаттық сүйемелдеумен қамтылды. Бұл балалардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшоттары 182,0 миллион теңге көлеміндегі қаражатпен толықтырылды. Ерекше балаларды білім беру ортасына қосу бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылды. «Бақытты бала» жобасы аясында ашылған  мүмкіндігі шектеулі, инклюзивті балаларға арналған «Күншуақ» сауықтыру лагері, білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы (түзетім) балабақшасы, №2 қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, Ырғыз ауданында психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері, Ақтөбе қаласының №1,3,16,19 орта мектептерінде инклюзивтік білім беруді дамыту бойынша ресурстық кабинеттер ашылды, — дейді Л.Оразбаева.

Облыс мектептерінің 60,3 пайызы пәндік кабинеттермен қамтылған (химия, биология, физика, лингофондық мультимедиялық кабинеттер).  228 мектеп, 76 балабақша бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

«Бақытты бала» бірегей жобасы аясында  облыс мектептері жаңа инновациялық құрылғылармен жабдықталып, білім жүйесіне ақпараттық технологиялар енгізілді.

Жоба аясында көпфункционалды 49  спорт алаңы, 57 воркаут, 53 ойын алаңы,  28 хоккей корты,  барлығы 187 спорт-ойын алаңы іске қосылды.

Қазақстанның және облысымыздың киелі және көрікті жерлеріне 14584 бала  туристік саяхаттарға жіберілді. Барлығы 121 243 оқушы жазғы демалыспен қамтылды.

Үш тілде білім беру — заман талабы

Бүгінде үш тілді білім беру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Облыста 233 мектеп үш тілде оқыту бойынша республикалық пилотты мектептер қатарына енді. 5572 оқушы жаратылыстану-математика пәндері терминдерін ағылшын тілінде оқиды.

Үш тілде білім беру жүйесі балабақшаларға да енгізілді. Қазіргі таңда 189 мектепке дейінгі ұйымда 14 390 бала ағылшын тілін оқиды.

— Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін толық көлемде тарату сәтті жүзеге асырылуда. Облыстағы 399 мектептің 1,2,3,5,6,7,8-сыныптарында  білім алатын 103 266 (72,6%) оқушы жаңа білім беру мазмұнымен оқиды. 378 (94,7%) мектеп толық бес күндік оқу аптасына көшірілді. Үштілде оқыту жүйесіне көшу барысында кадрмен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапты. Ағылшын тілін үйретуге бағытталған курстардан 1106 мұғалім өтті. Қазіргі таңда 378 мұғалім информатика, биология, химия, физика пәндерін ағылшын тілінде оқытады, — дейді Л.Оразбаева.

3252 түлек жұмысқа орналасты

Өңір жастары мемлекеттік грант нәтижесі бойынша да  жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Өткен жылы 2686 түлек грантқа ие болды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға жоғары.

Жергілікті бюджет есебінен 96 грант тағайындалды. Оның ішінде 80 грант бакалавриатқа, 15 грант резидентураға, 1 грант магистратураға бөлінді. Биыл 70 грант бөлу жоспарланып отыр.

Облыста дарынды жастарды қолдаудың өзіндік механизмі қалыптасқан.

Ақтөбелік оқушылар үнемі үздіктер қатарынан танылып жүр. Өткен жылы пән олимпиадалары, ғылыми жарыстарға, шығармашылық байқауларға  2005 оқушы қатысып, 50 пайызы жеңімпаз атанды.

163 оқушы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 29 алтын, 28 күміс, 68 қола медаль иеленді.

Ақтөбе облысы республикалық пән олимпиадасының қорытындысы бойынша

3 жыл бойы үздік командалар қатарында.

Соңғы екі жылда «Білім-инновация» лицейінің 3 оқушысы  пәндік олимпиада бойынша Қазақстан Республикасының құрама командасының қатарына еніп отыр.

Жас мамандарды тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Өткен жылы жоғары оқу орындарынан 200, «Серпін — 2050» әлеуметтік жобасы бойынша 43 жас маман және кәсіптік арнаулы колледждерден 300-ден астам түлек жұмысқа орналасты.

Облыста 27 502  контингенті бар 44 колледж бар. Кадрларды даярлау еңбек нарығында сұранысқа ие 97 мамандық пен 159 біліктілік бойынша жүргізіледі.

Былтыр 3252 түлек жұмысқа орналасты.

Дуалды оқыту жүйесі  бойынша 25 колледжде 29 мамандық, 36 біліктілік бойынша енгізіліп, 214 мекемемен 1577 келісімшарт жасалды.

2018 жылы облыс бойынша  үш оқу орны Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі және М.Мәметова атындағы медициналық колледжі, Ақтөбе политехникалық колледжі «Жоғары колледж» атағын алды. Хромтау тау-кен техникалық колледжі халықаралық аккредитациядан өтті.

Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының ұсынатын білім беру қызметінің сапасы кадрлар құрамына тікелей байланысты. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру саласында 2 342 педагог қызмет атқарады.

«Электронды кезек» жүйесі

Білім беру саласын цифрландыру — нәтижелі жұмыстарға бастайтын қадамдардың бірі.

Жалпы білім беретін мектептердің 100 пайызы кең жолақты интернетке, оның ішінде 93,7 пайызы жылдамдығы 4 мбит және одан жоғары интернет жүйесіне,

100 пайызы «Күнделiк» ақпараттық  жүйесіне және «BilimLand.kz»  электронды білім беру контентіне  қосылды.

Облыстың білім беру мекемелерінде ақпараттық жүйе енгізілгеннен кейін оқушылардың мектепке себепсіз бармауы 80 пайызға,  жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық фактілері 65 пайызға азайып, оқушылардың үлгерімі 16 пайызға  өсті. Сондай-ақ қағаз түріндегі құжаттардың айналымы 50 пайызға қысқартылды.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына  «Электронды кезек» электронды ақпараттық жүйесіне 238 балабақша енгізілді.

Білім  сапасын арттыру жөніндегі шаралар шеңберінде білім саласы инфрақұрылымын жетілдіру бойынша бірқатар бастамалар көзделген.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button