Әлеумет

Сіздің сауалыңыз

Редакцияға газет оқырманынан сауалдар көп келеді. Соның бір парасы — денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақтарға облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр жауап береді.

Мемлекеттік бағдарлама және аурухана

— Елбасының тікелей тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы қолға алынып, республика көлемінде 100 аурухана құрылысы басталған болатын.

Осы бағдарламаға сай біздің облыста қандай ауруханалар салынды?

Ж. ӘБЕНОВ, Темір ауданы.

«100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің облысымызда 5 үлкен емдеу орындарының құрылысы жоспарланған болатын.

Аталған жобалардың ішінде 3 нысан межелі мерзімінде салынып, пайдалануға берілді. 200 адамды қабылдайтын емханасы бар 60 кереуеттік Ойыл аудандық орталық ауруханасы 2008 жылдың аяғында іске қосылса, 2009 жылы облыс орталығында ауысымында 500 адамды қабылдайтын екі қалалық емхана салынды. Аталған қалалық емханалардың әрқайсысының құрылысына республикалық бюджеттен 1,3 млрд. теңгеден қаржы бөлініп, түгелдей игеріліп отыр. Жаңа нысандар қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықпен жарақталған.

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2 аурухана құрылысы әлі де жалғасып жатыр. 200 орындық көпмаманды балалар ауруханасы кұрылысы биылғы жыл соңында аяқталуы тиіс. Жалпы құны 4,4 млрд. теңге құрайтын бұл нысанның негізгі ғимараттары салынып болып, қазір ішін әрлеу, инженерлік жүйелерін монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

Ал «Жаңақоныс» аумағындағы 300 орындық көпмамандық облыстық аурухананың жалпы құны — 6,950 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай 2011 жылы аяқталуы тиіс.

Жас мамандарға қолдау көп

— Жастар саясаты жөніндегі мемлекет бағдарламасына сәйкес ауылда мамандарды тұрақтандыру —  ауыл шаруашылығын дамытып, ауылды көркейту ісіндегі басты шараның бірі болып отыр. Шалғайдағы елді мекендерде дәрігерлер жетіспейді.

Жастарды әлеуметтік қорғау, баспанамен қамту мәселесінің шешілмеуі салдарынан ауылға маман тұрақтамай жатыр. Мамандарды тұрақтандыру үшін оларға тұрғын үй беріп, төленетін көтермеақы көлемін көбейтіп, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен қосымша қаржы, жеңілдетілген несие қаралса, мәселе шешімін табар еді. Бұл жөнінде қандай шаралар істеліп жатыр?

А.ТӨЛЕГЕНОВ,

Ырғыз ауданы

Жас мамандарды ауылға тартуға мемлекет тарапынан бірқатар нақты шаралар қабылданып, біздің облысымызда да ауылға барған жастарды әлеуметтік қорғау мәселесі қолға алынып жатыр.

Биыл ауылдың әлеуметтік саласына жұмысқа жіберілген жас мамандарды қолдау шараларына бюджеттен 32 822,0 мың теңге бөлінсе, әрбір жас маманға 70 төменгі есептеу көрсеткіші көлемінде ақшалай көтермеақы төленетін болады. Нәтижесінде әрбір жас маман 98 910 теңге көтермеақы алады.

Бұған қосымша мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында әр маманға 620 төменгі есептеу көрсеткіші мөлшерінде, 876 060 теңгеден, 0,01% жылдық үстемемен 15 жылға жеңілдетілген несие беріледі. Бұған бюджетте арнайы 232 601,0 мың теңге қаралған.

Аудан орталықтары мен ауылдарда салынып жатқан тұрғын үйлер бірінші кезекте жолдамамен келген мамандарға беріліп, коммуналдық шығындары жұмыс беруші ұйым есебінен төленуі, жас мамандарға аудандардың жергілікті бюджетінен қосымша қаржылай жәрдемақы төленуі, сондай-ақ жергілікті бюджет қаржысына мамандарды оқытуға арнайы грант бөлінуі шаралары соңғы жылдары облыстың мамандар жетіспейтін бірқатар аудандарында қолға алынса, алдағы уақытта қалған аудандарда да ұйымдастырылуы тиіс.

Еркін таңдауға мүмкіндік беретін жүйе

— Жыл басынан бері республикамызда енгізілген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің мемлекетке, жалпы халыққа қандай тиімділігі бар?

А. БАЗАРОВ,

Ойыл ауданы

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу нәтижесінде медициналық ұйымдар арасында бәсекелестік ортаны құру, халыққа медициналық көмек көрсету жөніндегі бірыңғай тарифтерді белгілеу, пациенттердің медициналық мекемелерге қолжетімділігін арттыру, медициналық қызметтің ашықтығы, медициналық ұйымды еркін таңдау құқықтарын қамтамасыз ету жоспарланған болатын.

Бүгінгі күні республикамыздың кез келген азаматы өз қалауы бойынша емделетін медициналық мекемені таңдау құқына ие болды. Соған байланысты науқас еліміздің кез келген қаласында, республикалық клиникаларда емделуіне мүмкіндігі бар.

Еліміздің барлық облыстарында Емдеуге жатқызу бюролары ашылды. Ауруханалардағы бос орын туралы ақпарат осы бюрода жинақталады. Мәліметтерге сүйенсек, 2010 жылдың І жартыжылдығында емделуге жатқызудан бас тарту жөніндегі шағымдар 8 есеге азайған. Емделуге жатқызу шараларын әрі қарай жетілдіру мақсатында жоспарлы емделуге жатқызу бюросының порталы ұйымдастырылып, 1 шілдеден бастап іске қосылды.

316 адам жұмысқа тартылды

— Елімізде экономикалық дағдарысқа қарсы шара ретінде былтырдан бері «Жол картасы» бағдарламасы қабылданып, бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Денсаулық саласына осы бағдарламаның қатысы бар ма?

Ә.ҚУАТОВ, Мәртөк ауданы

Әрине, қатысы бар. Тұрғындар арасында жұмыссыздықтың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік маңызды саналатын денсаулық сақтау нысандарының материалдық негізін нығайту мақсатында 2009 жылы бюджеттен 350,0 млн. теңге бөлініп, облыстың 9 ірі денсаулық сақтау нысандары күрделі жөндеуден өткізілген болатын. «Жол картасы» бағдарламасын іске асыру барысында 713 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту органдарының жолдамасымен қабылданған 713 жұмысшы 6 ай бойы 35,0 мың теңгеден еңбекақы алды.

Бұдан басқа республикалық бюджеттен 29,7 млн. теңге қаржы бөлініп, әртүрлі себептермен кәсіптерінен қол үзіп қалған, жұмыссыз жүрген азаматтар мен  жас мамандар арасынан 233 медицина қызметкерлері қайта даярлаудан өтіп, жұмыспен қамтылды.

Аталған мемлекеттік бағдарлама аясындағы іс-шаралар биыл да жалғасып жатыр. Бюджеттен бөлінген 292,1 млн. теңге қаржыға 5 емдеу орны күрделі жөндеуден өткізілуде. Жобаны игеру барысында 316 жаңа жұмыс орны ұйымдастырылып, осынша адам құрылыс-жөндеу жұмыстарына тартылды.

Сәуір айында басталған жөндеу жұмыстары қыркүйек айының аяғында аяқталуы тиіс, бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді игеруге мүмкіндік жеткілікті.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. «Дипломмен ауылға » бағдарламасымен жұмыс жасау үшін бірінші қай мекемеге барғаным жөн? Облыс әкіміне ме ? әлде Денсаулық сақтау басқармасынама? Рахмет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button