Жаңалықтар

Облыста 900 Ауған соғысы ардагері тұрады

Брифинг

Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай Ақтөбеде  төрт кітап жарыққа шықты. «Екі ғасырдың батырлары», «Біз өз антымызды орындадық», «О павших в Афганистане», «Прошедшие Афган…» кітаптарында 1979-1989 жылдары Ауғанстанда әскери борышын өтеген кеңес жауынгерлері туралы анықтамалық-библиографиялық  деректер қамтылған. Сондай-ақ сол жақта ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің  де өмірбаяндық деректері, фотосуреттері де жарияланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов мәлімдеді.
1979-1989 жылдары Ауғанстанда әскери борыштарын өтеуге Қазақстаннан шақырылған 22 мың жауынгердің  бір жарым мыңнан астамы  Ақтөбе облысының  тұрғындары еді. Олардың 34-і мүгедек болып оралды, 26 ақтөбелік  сол жақта ерлікпен қаза тапса, біреуі хабарсыз кетті. Бүгінде облысымызда 900-ге жуық ауған соғысының ардагері тұрады. 100-ден астам  ақтөбелік жауынгер ерекше  ерлік көрсеткендері үшін әскери наградаларға ие болды.

Жергілікті атқарушы органдар ауғандық жауынгерлерге  пәтер беруде, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде көмек көрсетіп келеді, сондай-ақ ауғандық интернационалист-жауынгерлер  жер және мүлік, автокөлік салық төлемдерінен босатылған.

Бүгінде Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне Ақтөбе қаласы мен барлық аудандарда  бокстан, футболдан, жүзуден жарыстар өтіп жатыр. 13 ақпанда  қалалық Мәдениет үйінде интернационалист-жауынгерлерге «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерін шығаруына  30 жыл толуына орай» мерейтойлық төсбелгілері табыс етіліп, 15 ақпанда Ауған жауынгерлері ескерткішінің алдында митинг өтеді.

— Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға материалдық көмек көрсету бойынша бірқатар қайырымдылық акцияларын өткізуді жоспарлап отырмыз,  — деді «Боевое братство» шектелген соғыс жауынгерлер одағы қоғамдық қорының төрағасы Гумер Галеев.

— Еуразиялық Экономикалық Одақ шеңберінде Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің ерекше мәртебесі туралы мәселе көтерілді, — дейді «Ақтөбе облыстық ауғандық жауынгерлер облыстық қоғамының» жетекшісі Аслан Балқасынов.

Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесі туралы Парламентте де мәселе көтеріліп жатыр. Мәжілістегі  «ауғандық» қос депутат-генерал Бақытжан Ертаев пен  Бақытбек Смағұлов өз қаруластарының мемлекет назарына алатын мәселелерін күн тәртібіне көтеріп жүр.

Астанада өтетін Ауғанстаннан кеңес жауынгерлерінің шығарылуының 30 жылдығына арналған шараға біздің облысымыздан 5 жауынгер қатысады.

                                                                               Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button