Әлеумет

Бұқара

  • Тағзым

588 жауынгердің бірі

Ұлы Отан соғысында қыршынынан қиылған өмір аз болмады. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, жауынгерлердің арасында мүлдем хабарсыз кеткен, тіпті ізінен дүниеден озғандығын айғақтайтын «қара қағаз» келмегендері де бар…

101-атқыштар дивизиясының құрамында болған жас жауынгерлердің бірі — Сеит Құрманов. Ол 1907 жылы Ырғыз ауданы Марқакөл ауылында дүниеге келген. Соғыс басталған жылы Сеит қартайған ата-анасы мен балаларын жарына аманат етіп, Қарғалы селосынан майданға аттанады. Бірақ кей құжаттарда Сеит Құрмановты 1942 жылдың 25 қарашасында соғысқа жіберілді деп тіркеген. 101-атқыштар дивизиясының құрамында болған жас жауынгер алғашында Ржев қаласын жаудан азат етуге қатысқан. Кейін дивизия Смоленск облысы Руднянск ауданы Понизовье селосындағы Зуево бөлімшесіне ауыстырылады. Сеит Құрманов 1943 жылы 25 қыркүйекте 2 жыл қоршауда болған Понизовье селосының Зуево бөлімшесін неміс әскерлерінен азат ету шайқасында ерлікпен қаза тапқан деген мәлімет бар.

Жауынгердің балалары майдан даласында қаза болған әке мәйіті жерленген жерді көп жыл іздеді. 1995 жылы Жеңістің 50 жылдық мерекесі қарсаңында Сеит Құрманов  туралы алғашқы мәліметтер табыла бастайды. Сол деректерді толықтыру мақсатында оның ұрпақтары Мәскеу, Ленинград қалаларына хат жолдағанмен ешқандай жауап ала алмады. Биыл бұл іс қайта қолға алынып, іздестіру шаралары жалғастырылды. Іздестіру барысында ақтөбелік жауынгердің Ресейдің Смоленск облысы Руднянск ауданы Понизовье селосында  жерленгені туралы мағлұмат табылды. «Смоленск қаласында 101-атқыштар дивизиясына ескерткіш қойылады» деген хабар тиісімен балалары Қадір мен Талжібек әкелерінің атын ескерткішке жаздыру мақсатында сол елге барғанымен, мардымды мәлімет ала алмай қайтты.

Өз беттерінше іздеуді жалғастырған майдангердің балалары ғаламторды шарлап тағы бір ақпараттың шетін ұстады. Мұндағы мәліметтерді арқау еткен Талжібек апайдың баласы Смоленскімен байланыс жасап, Зуево деген 4 бөлімшенің бар екендігін анықтайды. Балалары әкесінің қаза болған жері Зуево бөлімшесін іздеп барып, Кеңес Одағының 588 жауынгерімен бірге мәйіті жерленген Понизовье селосындағы ескерткіш-қабірге туған жерден апарып топырақ салып, аруағына Құран бағыштап қайтты.

Бүгінде батыр есімі туған ауылының ескерткіш тақтасынан орын алды.

Жанат БЕКЕЕВА,

Абай атындағы Қаз ҰПУ-дың студенті.

  • Мәселе

Қаражаты сарқылған су

Ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету туралы әңгіме 2003 жылы айтылған еді. «Ауыл жылында» ауылымыз ауыз сумен қамтылып, көгілдір отынмен көмкеріледі деп қуанғанбыз. Бірақ Қарабұтақ ауылын ауыз сумен жабдықтау мәселесі осыдан үш жыл бұрын қолға алынғанымен, әзірге еш нәтиже жоқ.

Алғашқыда ауылымызда қызу қарқынмен іске кіріскен мердігерлер көше-көшені қазып тастап, күзге дейін жұмыс жасады. Терең етіп қазылған ор-шұңқырлар тұрғындарды әбігерге салып, ренішін туғызды, малдың өрісін тарылты. Әр жерде қазылған шұңқырдан аяқ алып жүру де қиынға соқты. Өкініштісі, бір қыз бала ойнап жүріп, сондай ор-шұңқырдың біріне құлап, үйінді астында қайғылы қазаға ұшырамағанда, қазылған шұңқырлар бүгінге дейін көмусіз тұрар еді. Осы оқиғадан соң мердігерлер шұңқырларды жанталаса көміп, жөндеріне кетті.

Жергілікті тұрғындарға басшылар «Ауылда су биыл міндетті түрде болады. Екінші тендерді жеңіп алған мекемені экономикалық сотқа бердік. Енді сумен жабдықтау құрылысымен басқа мекеме айналасады», — дейді. Міне, жаз мезгілінің де орта тұсына жеттік, су құбырларының құрылысы әлі қозғаусыз жатыр. Ал су құбырын жүргізуге қатысқан ауыл адамдары жалақыларын әлі ала алмай жүр.

Бізді ауыз су мәселесі алаңдатып отыр. Бір жылда бітіретін жұмыс бірнеше мердігерлерге табысталып, сағызша созбалануының сыры неде? Судың сұрауы болғанда, оған жұмсалатын қаражаттың сұрауы болмағаны ма? Біз бұл сұрақтың жауабын кімнен естиміз?

… Бірнеше жыл бойы ауылда айтылып келе жатқан «Көгілдір отын құбырын тартамыз» деген әңгімені ауыз су мәселесімен қатар қозғамауды жөн көрдік. Әйтпесе, «қойды жей-жей, қойшыдан ұят» болып жүрер.

Бір топ ауыл ақсақалдары

Б.ӘУБӘКІРОВ, Т.ҚОЙЛЫБАЕВ, М.РАЗАҚБЕРГЕНОВ, Р.ФАЗКУЛЛИН, К.ҒАБИТОВ, Қ.ХАЛИЛИН, Ж.АЙТМАҒАМБЕТОВ.

  • Заң

Тура биде туған жоқ

Өткен жылдың басында Елбасы құқық қорғау саласына, сот жүйесіне жаңадан өзгерістер енгізді. Адами құндылықтар мен ізгілікті арқау еткен жаңа сот жүйесі бүгінде шынайы әділеттіліктің мінберіне айналып келеді. Халықтың  құқын қорғап, бостандығын нақты сақтауға негіз болатын жаңа сот жүйесі облысымызда да тұрақты орындалып отыр.

Ақтөбе облыстық сот төрағасы болып Бектас Бекназаров келгелі біздегі сот жүйесі де ерекше ілтипатқа бөленіп, жұмыстар тиянақты орындала бастады. Айталық, аудан мен қалалық сот жүйесіне түскен шағымның орындалу барысы толықтай компьютерге енгізілді. Сонымен қатар сот залындағы іс барысы дыбыстық және бейне түсірілімнен өтіп, арнайы орталықта бақылауға алынды. Бұрын шағымданушылардың барлығы бір уақытта шақырылып, мекемеде ине шаншар жер болмайтын. Бүгінде облыстық сот басшысы бұл шаруаны да реттеді.

Тәжірибесі мол, талай істе шыңдалған сот төрағасы бүгінде барлық жеке арыздарды өзі тексеріп, істің ақ-қаралығын қарайды. Алдына келіп түскен істің алдымен мазмұнына ерекше ден қойса, одан кейін ол істі жан-жақты тергеп-тексеріп, тереңіне үңіле отырып, шешім шығаруға дағдыланғанған. Әрбір үкімді шығарарда өзінің біліміне нық сеніп, тәжірибесіне сүйенеді. Мұның бәрі азаматтың ой-парасатының биіктігін аңғартса керек.

Басшының халықпен бірге тығыз байланыста болуы көңіл қуантады. Таразының  бір басында заңдылық, бір басында адам тағдыры  тұрғанда судья үшін бірден-бір әділ шешім қабылдау — бұлжымас заң. Жазықсыз сотталып, кейін уақытынан ерте босанған алматылық азамат алдында қалалық және облыстық сот судьяларының кешірім сұрауы облыс халқының сот жүйесіне деген сенімін арттыра түсті.

Жазықсыз жәбір көрген ардагер теміржолшыларға ара түсемін деп, өзім де жұмыстан қуылдым, тек қана Бектас Әбдіханұлы келгелі шындық ашылып, жұмысыма қайта келдім. Ал осы азаматқа дейін және сот ісінің уақыттарын өткізіп алған, ата-бабаларынан теміржолшылар К.Бешекен, А.Жаманқұлова, т.б. әділдік таба алмай шырылдап жүр.

Облысымызда сот жүйесінің қалыпқа келуі, жаңа сот төрағасының төсіне үш жүз билерінің бейнесі бар белгі тағылып, «Әділ би» атануы қуанышты жайт.

Елбасының сот жүйесіндегі саясаты облысымызда тұрақты орындалып отыр.

Алдаберген АЙМАҒАМБЕТОВ,

теміржолшы.

Ақтөбе қаласы.

  • Ілтипат

Дәрігер, саған мың алғыс!

Ауылымыздағы амбулаторияда қызмет ететін ақ халатты абзал жандарға облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы алғыс айтсам деп едім…

Жақында зайыбым Сырға қан қысымынан құлап, жағдайы нашарлап, тілсіз қалды. Дереу жедел жәрдем шақырттық. Науқастың жағдайын анықтаған ауылдың бас дәрігері Зульфия Шамшудинқызы жедел жәрдеммен алып кетуге рұқсат бермеді. «Орнынан қозғамаңыздар өзіміз емдейміз», — деді. Содан кейін бас дәрігер уәдесінде тұрып, қарамағындағы медбикелерді кезекшілікке қойып, емдеуді бастады. Бас дәрігерден бастап, өзге мамандар Е.Кайерова, З.Есмағамбетова, К.Ешгутина, А.Кұлбатырова, А.Иманқұлова, Р.Милаевалар зайыбымның жазылып, қатарға қосылуына көп еңбек сіңірді.

Бір айдан соң Сырға бойына қуат алып, аздап тамақтанып, сөйлеп, денесі қозғалып, басын көтеруге талпынды. Содан 1-2 аптадан соң қалыпқа келді.  Бас дәрігер кемпіріммен сөйлесіп, «апа, жақсысың ғой, мен Ақтөбеге оқуға кетіп барамын» — деп, орнында қалған дәрігерлерге тапсырды.

Көп ұзамай зайыбымды қаладағы ауруханаға апарып, емдеуді жалғастырдық. Бұл жерде де бөлім бастығы М.Увазжанов, емдеу бөлімінің бас дәрігері Д.Тукешова, дәрігерлер А.Яцук, К.Тәжібаевалардың көмегімен аяғынан тұрды. Қазір жағдайы жақсы, өзі тұрып жүреді.

Жалпы, біздің ауылдағы амбулаторияда қызмет ететін ақ халатты қызметкерлердің науқасқа деген қайырымы мол. Қай уақытта да сырқаттанып барған адамға демеу болып, жақсы ем-дом жасайды. Сондықтан жақсының жақсылығын айтып, өнегелі істерін, өзгелерге паш етуді парызым деп санадым.

Кәден Нақбаев,

Сағашилі ауылы.

Мұғалжар ауданы.

  • Үлгі

Біздің Ольга

Ольга Рычкова — Ойсылқара ауылындағы ибалы, үлгілі келіндердің бірі. Ұлты басқа демесеңіз, ол қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрін де өте жақсы меңгерген сыйлы жан.

Қаладағы қазақша сөйлегенде мүдіріп, күмілжитін қазақтарды көргенде, Ольга есіме түседі. Ана тілін жөнді білмейтін қазақтар Ольгадай өзге ұлт өкілінен үлгі алса ғой деп армандаймын сосын. Қазір қазақша сөйлеген өзге ұлт өкілін көргенде қол шапалақтап, шапан кигізетінді шығардық. Ал мен сөз еткелі отырған Ольга бізден сый-құрмет, қошемет қажет етпейді. Ол туған елдің тілін, салтын, мәдениетін білу әр адамның парызы деп санайды.

— Анам қазақ тілін жетік меңгерсін деген оймен мені ауылдағы қазақ балабақшасына беріпті. Мектеп табалдырығын аттағанда мен орыс тілі пәніне  қарағанда, қазақ тілін жақсы білдім. Тілді жақсы меңгеруіме анам, бірге өскен құрбыларым себепші болды. Қазақ — қонақжай ел. Менің қонақжай, бауырмал болып өсуіме де өскен ортам әсер етті. Шағын ауыл болған соң, тұрғындар қандай жағдай болса да бір-біріне қол ұшын беріп көмектесуге әзір тұрады. Кімнің үйінде той  немесе садақа болса сонда көмектесіп жүріп бәрін көріп өстім, — дейді  ол.

Ольга 1992-2003 жылдары Ойсылқара мектебінде оқып, кейін Ақтөбедегі қаржы-экономика колледжінің электрмонтері мамандығын тәмамдады. Осы мамандық бойынша Ақтөбе  ферроқорытпа зауытына жұмысқа орналасты. Қызмет барысында Ольга «Қазақ тілі  — менің тілім» атты өзге ұлттар арасындағы облыстық байқауға қатысып, екінші орынға ие болды. Сайыс барысында ол өзінің қазақтың тілі мен салт-дәстүрін жақсы білетінін көрсетіп, көрермендердің таңдайын қаққызады.

Бүгінде Ольга мен Айболат көтерген шаңырақ — ауылдағы үлгілі отбасылардың бірі.

Бейбіткүн Каметияқызы,

Хромтау ауданы.

  • Тасаттық

Жау, жау, жаңбыр!..

Биылғы аптап ыстық пен құрғақшылық елді алаңдатып отыр. Жауынның жоқтығынан өңірде қуаңшылық бой алып, дала алқаптарын өрт шарпыды. Қарттар үйіндегі қариялар жауынның жаууына тілек тілеп, тасаттық жасады.

Қарттар үйіндегі үлкендер былтыр Аллаға құлшылық етіп, ел амандығын тілеп тасаттық жасаған еді. Биыл да бұл игілікті істі қолға алды. Үлкендер бас қосып, мекеме басшысы Шәйдолла Қабашұлымен кеңесіп, өзен бойына мал апарып сойды. Тасаттық жасауға мекеме басшысы, оның орынбасары, дәрігерлер және басқа қызметкерлер көмек етті.

Табиғаттың бермесін тартып ала алмайтынымыз рас. Бірақ Аллаға құлшылық етіп, тілек тілеу парызымыз. Біз жасаған тасаттықтан күркіреп жауын жаумаса да, сәскеде бұлт айналып, тамшы сіркіреді. Біз мұны жақсылыққа жорыдық.

Енді әр ауылдың тұрғындары жиналып, тасаттық жасап, ел амандығын тілеп, Тәңірге жиі құлшылық етуді ұмытпаса деген ниеттеміз.

Қалдығұл ӨТЕБАЙҰЛЫ.

Ақтөбе қаласы.

  • Наз

Бұлақтың көзін аш!

Бұлақ суын ертеден ата-бабамыз «ағын судың арамы жоқ» деп қадірлей білген. Мөлдіреп аққан судың айналасын үлкендер жинап, жиі тазалап  жүретін еді. Қазір бұлақ көзі қоқыстан бітеліп жатса да, тұрғындар мыңқ етпейді.

Қобда ауданындағы Бұлақ ауылы — бұлақ суының сайын жағалай қонған ел. Ауасы таза, жасыл желекке оранған ауыл жанында бұлақ ағып жатыр. Елдегі әрбір жас өркен «Әлия батыр дүниеге келген жерде мен де жарық дүние есігін аштым» деп мақтана алады. Алайда қазір Бұлақтың ажары кетіп, қадірі азая бастады.

Ауылдағы ағын су  қоқыспен бітеліп, бұлақ көзі жабылып қалды. Бір кездері жазда сыңғырлап ағатын мөлдір су қазір адам түгілі мал іше алмай, мұрнын шүйіретін халге жетті. Судың жағасын бойлай қалсаң, қоқыстан аяқ алып жүру қиын. Ал сол лас жерде бүлдіршіндер ойнайды.

Адам  денсаулығының сыр беруі көбіне жеген тамағы мен ішкен суына  байланысты екенін жақсы білеміз. Ал біз айналасы тегіс қоқыспен көмілген, лай суды ішкен малдың етін жеп, күнделікті тұрмыста сүтін ішіп жүрміз. Бірақ сонда да Бұлақ маңын тазарту ешкімнің ойына кіріп шықпайды. Осы күні ауыз су алар құдығымыз да тартылып, лайланып барады. Бірте-бірте ауыз сусыз қалатын жайымыз бар. Егер бұлақты дер кезінде тазартып алсақ, ертеңгі күні қиындық көрмес едік.

Ауылдағы көп тұрғындардың қоралары сол сай бойына жақын орналасқан. Сондықтан үлкендер қора-қопсыдан шыққан күл-қоқыстарды сайға апарып төгеді. Осылай Бұлақты өз қолымызбен бітеп жатырмыз. Үлкендер тазалыққа көңіл бөлмегенде жастарды, бүлдіршіндерді қайдан жазғырамыз? Мектепте мұғалімдердің бала санасына құйып жатқан тазалық сақтау шаралары үйге келген соң мұндай жағдайды көргенде далаға кетері анық.

Менің айтайын дегенім, ауылдағы әрбір тұрғын қолымен жасаған істі мойнымен көтеріп, бұлақ жағалауын тазартса екен. Тазалық әр кезде де әр адамға қажетті іс.

Перизат САТЫБАЙ,

Бұлақ ауылының тұрғыны.

Қобда ауаны.

  • О, несі ай!

Сөзбен емес, іспен!

Халық аузында «Ешкі қырыққан сайын бір өледі» деген сөз бар. Ал мен күнделікті тұрмыста, әсіресе, қоғамдық көліктерге мінген сайын сан мәрте қиналамын.

Қазір мен — еңбек демалысына шыққан зейнеткермін. Үлкейгендігім болмаса, әлі де қаланың о шеті мен бұ шетіне жолаушылар көлігі арқылы бара аламын. Бұрын жастар үлкендер көлікке кірісімен, орындарын ұсынатын еді. Қазір бұл үрдіс күн санап жоғалып барады. Кейбір жастар орын бермек түгілі, бұрылып қарамайды да. Ұялы телефондарынан ән тыңдап отыра береді.

Қолыма қалам алып, редакцияға хат жолдауыма көлік жүргізушілер мен ақша жинаушылардың жағымсыз әрекеттері себепші болды. Кондукторлардың аялдама аттарын әлі күнге орысша хабарлайтынына қарным ашады. Мәселен, «Жамбыл», «Қонаев» аялдамаларын «Джамбула», «Конаева» деп атайды. Ауызекі тілде жіберілген мұндай қателіктерді мен жөн санай алмаймын. Оның үстіне ақша жинаушы қызметкерлер көлік ішінде ылғи қазақтар отырса да ресми тілде міңгірлейтінін қайтерсіз?! «Автопарк» мекемесінің басшылары мұндай келеңсіздіктерге қалай жол беріп, көз жұмып қарап отыр екен?

Егер бақылап қарасаңыз, қаламыздағы қоғамдық көліктерде ақша жинайтын қызметте еңбек ететін адамдардың дені қазақтар. Алайда заты қазақ болғанымен, орысша тәрбиеленген жастар. Мұндай жайларды көріп отырып, көңілге ана тілін мойындамайтын ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз ба деген кірбің ұялайды. Теледидардан қазақша екі ауыз сөз айтқан өзге ұлт өкілдеріне мәз боламыз. Ал нағыз қазақтар ана тілінде жақ ашқылары келмейді. Тілге деп жұмсаған қыруар қаржымыз қайда кетіп жатыр өзі?! Осы көп сөзді қойып, іске көшетін кез әлдеқашан келді емес пе?

Жексенбай ТАМАЙҰЛЫ,

зейнеткер, еңбек ардагері.

Ақтөбе қаласы.

  • Спорт

Жүгірудің шебері

Біздің бүгінгі әңгімеміз спортты ғұмыр бойы серік етіп, ұзақ қашықтыққа жүгірудің шебері атанған дәрігер-гинеколог Нартуған Есмұратов жайында болмақ.

Нартуған бала кезінен қыстың қақаған суығында, ақ қар мен көк мұздың үстінде жалаң жейде киіп, жалаң аяқ жаттығу жасап, сонан соң ұзақ қашықтықта жүгіруді әдетке айналдырған. Бұл үрдісті ол күні бүгінге дейін үзген емес. Жасынан спортқа ден қойған азаматтың қыздары да әкелері тәрізді жүгірумен айналысады.

Қызылорда облысы Бозкөл өңірінде дүниеге келген марафоншы 18 жасынан жеңіл атлетиканың, күрестің, ұзақ қашықтыққа жүгірудің, ұзындыққа секірудің қыр-сырын жақсы меңгерген. Дәрігер болсам деген арманына да ол жетті. 1990 жылы Ақтөбе медициналық институтын үздік тәмамдап, гинеколог мамандығын иеленді. Оқу бітіргеннен кейін оны Ембі қаласына жұмысқа жібереді. Содан бері Нартуған өз міндетін  абыроймен  атқарып жүр. Студент кезінде ол көптеген  марафондық жарыстарға қатысып, 195 метрлік сайыста жүлделі орындарға қол жеткізді. 1987 жылы Талдықорған қаласында өткен жоғары оқу орындары студенттерінің олимпиадасында да Нартуған  жеңіс тұғырына көтерілді.

Нартуған әрбір уақытын тиімді өткізуге тырысады. Жұмыстан қолы босаған кезде ол мектепке барып, оқушыларға дене тәрбиесінен дәріс оқиды. Дәрігер ретінде жас адамның дене пішінінің  дұрыс қалыптасуына,  әртүрлі кеселден ада болуына спорттың тигізер пайдасы көп екенін түсіндіреді.

— Мен үшін дені  сау жас ұрпақтың  жарық дүниеге келуі қуаныш.  Жаныма  бататыны, жас қыздар арасында темекі шегетіндердің көбейіп кеткендігі.  Бұл қыз балаға жараспайды. Қыз — болашақ ана. Сондықтан ертең дүниеге дені сау ұрпақ әкелуді ойлауы керек. Шылым шегу, есірткі мен ішімдікке әуес болу, тоя тамақ ішу, үнемі ет жеу денсаулыққа әжептәуір зиянын тигізеді. Көкөніс пен жеміс шырынын үзбей қолданған дұрыс, — дейді кейіпкеріміз.

Күнделікті өмірде дене белсенділігінің адам ағзасына тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Көп жағдайда адам еңсесін жалқаулық тұмшалайтыны, селқостық пайда болатыны, мойынымыздың жар бермейтіні бар. Салауатты өмір салты ұстанымы спортпен ұдайы айналысқанда жақсы нәтижеге жетуге болатынын, денеңнің саулығына едәуір ықпалының барын еске салады. Өмірде спортты серік еткендердің денсаулығы жақсы, көңіл күйі көтеріңкі болады. Сондықтан, әр адам өз денсаулығына мән бере білсе, өмірі ұзақ болатыны дәлелденген жайт. Олай болса, денсаулыққа пайдасы көп дене шынықтыруға көңіл бөлейік.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ,

облыстық салауатты өмір салтын

қалыптастыру орталығының баспасөз маманы.

  • Отбасы

Келін келді дегенше…

Шаңыраққа келін түсіріп, қыз ұзату әр ата-ананың арманы һәм борышы. Бала теңін тауып, құтты мекеніне қонса, төбең көкке тигендей арқаң кеңиді. Ал түскен келін тәрбиеңе көнбесе, салың суға кетіп, еңсең түседі.

Біз — өз қайғымызды өзіміз бөлісетін сабырлы халықпыз. Тіпті, отбасында болған кикілжің, жанжалды да көпке жаймай, сыртқа сыр алдырмаймыз. Іс насырға шапқанда ғана қысыла, қымсына ағайынмен кеңесіп, ақыл сұраймыз. Қазақ әу бастан келін деген атауды киелі санап, ұрпақ жалғастырушы ретінде мақтаныш санаған. Бірақ бүгінде киелі атқа кір келтіріп жүрген келіндеріміз көбейіп барады.

Осыдан алты ай бұрын балам екеу болып, басымызға бас қосылды. Екеуінің отау құрғандарына жылдың жартысы өтсе де, жас келіннің айтқанын әлі де екі етпейміз. Бұл — келіннің ығына жығылу емес, керісінше балам екеуінің татулығын, отбасымның бірлігін сақтау.

Жолдасым балаларымның кішкентай кезінде бақилық болды. Өмірдің көшіне ілесіп, төрт баламды қатарынан кем қылмай жеткіздім. Шүкір, қазір балаларымның өз қолдары ауыздарына жетті. Үшеуі қызмет етсе, кенжем колледжде оқиды. Балаларыма тәубе еткеніммен, келініме ішім жылымай-ақ қойды. Неге дейсіз бе?

Шаңырақтың табалдырығын оң аяқпен аттаған келіннен пәктікті, тазалықты күтеміз. Бірақ біздің келін шаңырағымызға келгелі қарс жабылған қабағы өмірі ашылған емес. Жан адаммен тілдеспейді. Үй шаруасының бәрін бұрынғыша өзім жасаймын. Ал ол өз бөлмесінен шықпайды.

Біздің шаңырақтағы бұрынғы татулық пен ауызбіршілік күн санап жоғалып барады. Үйленген ұлым да бұрынғы сабырлылығы мен салмақтылығын жоғалтты. Бірде келінімнен: «Қарағым, қабағың неге қатулы? Әлде бір жерің ауыра ма?» деп сұрап, сөзге тарттым. Сонда тымсырайған келінім, бәрін ішінде сақтап жүр екен. Маған оқша атылды. «Мен сіздерден шаршадым. Өз күйеуіммен отдельно тұратын күн бар ма? Надоело уже!» деп есікті тарс жауып шығып кетті. Ал менің бауырмал, ақ көңіл, ақылды балам жетесіз келінді құптап, «шаршадым сендерден» дейді. Оларды өз алдына отау етуді өзім де ойлап жүрмін, бірақ әзірге үй ішінен үй тігуге шамам келмейді. Ал өз баламды бауырымнан шығарып, пәтер жалдап тұруға  жіберуге тағы да арым жібермейді. Жас келін бара-бара төркініне кетіп қала ма деген қауіп бар көңілде. Мұндай мазасыз ой әр ата-ененің басында бар. Отау құрысымен-ақ өз алдына дербес шаңырақ болғанды қалайтын бүгінгі жастарға қалай құрық салуға болады?

… Осы күні ағайын-туыс келін алам деп қуанатын болса, мен қорқатын болдым. Шаңыраққа келін емес, кесір келетіндей көрінеді де тұрады маған.

А.ҮМТҚАЛИЕВА,

Ақтөбе қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button