Әлеумет

Әр мәселе сараланды

Қазір Ақтөбеде азаматтарды қабылдау төрт жерде өтіп жатыр. Соның бірі — қалалық әкімдіктің біз болған Алматы ауданы әкімдігі аппаратының ғимараты. Бұл — Заречный, Қарғалы ауылдарының, «Нұр Ақтөбе» аумағының тұрғындарына жақын, ыңғайлы.

Біз келгенде мұнда азаматтарды  қабылдау дабырасыз, тыныш өтіп жатты. Үлкен ғимараттың үшінші қабатындағы аумақты кабинет келушілерді қабылдауға арнайы босатылып, жасақталыпты. Айнала столдар, отырғыштар қойылып, компьютерлермен жабдықталып, әлеуметтік мекемелердің, халыққа қызмет көрсететін кәсіпорындардың өкілдері орналастырылған. Арнайы мәселемен келген азаматтар өздерінің талабы бойынша соларға барып жолығып, шаруаларын бітіріп жатты. Алматы ауданы әкімдігі аппаратының жетекшісі Мақсат Орынбасармен осы жерде жолықтық.

— Азаматтарды қабылдау бүгін екінші күн өтуде. Кеше 100-ге жуық адам келді. Олардың көпшілігі көпбалалы аналар. Негізгі сауалдар — әлеуметтік мәселелер. Басым көпшілігі үй мәселесімен келді. Тұрғын үй кезектерінің тәртіптерін, оған қалай тұруға болатынын білуге келгендері де бар. Бірсыпырасы жәрдемақы жайын, көпбалалы аналарға қандай жеңілдіктер жасалатынын анықтай түскісі келеді. Жәрдемақылар тиісті ме, тиісті емес пе деп, кеңес сұрай келгендер де жеткілікті. Сондықтан оларды осы жерде тиісті мамандар қабылдап, жауап берді. Өзіңіз көріп тұрғандай, мұнда қаланың әлеуметтік қамту, бағдарламалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қатынастары, автомобиль жолдары, сәулет, жер қатынастары бөлімдерінің, «Ақбұлақ», «Трансэнерго», «Энергосистем», газбен қамту кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім  салалары мекемелерінің, қаржы, несие беру ұйымдарының өкілдері орналасқан.

Қабылдауға келген әр азаматтың мағұламаттарын арнайы құжаттап, біз айтқан  мәселелеріне қарай тиісті мамандарға жібереміз. Келушілердің толық мекенжайы, телефондары, қойып отырған мәселесінің қысқаша мазмұны бізде бар. Әрине, біз қолымыздан келгенінше көмектесуге тырысамыз. Ал өзіміздің шамамыз келмейтін мәселелер болса, оны жазып алып, қала әкімдігіне тапсырамыз. Ол жақта бұл ақпараттар жинақталып, бағыттар бойынша бөлініп, арнайы құрылған жұмыс топтарында қаралады.  Әр мәселе сараланады. Мысалы, жәрдемақы мәселесі  бөлек қаралады. Тұрғын үй шаруашылық мәселелері бөлек шешіледі. Жергілікті деңгейде шешілетін мәселелердің қайсыбірі осы жерде отырған кәсіпорындар мен мекемелер өкілдері тарапынан да шешімін тауып жатыр. Әрине, күрделі мәселелер қала әкімдігінсіз шешілмейтіні белгілі. Бірақ оларды біз есепке аламыз, кейін хабарласып, жауабын береміз. Қабылдауға келген азаматтар көтерген кейбір ұзақ шешуді қажет ететін де мәселелер бар, — деді Алматы ауданы әкімдігінің аппарат жетекшісі.

Қабылдауға келген көпбалалы аналардың бірі — Роза Садықова. Ол «Нұр Ақтөбе» ауданында тұрады. Көпбалалы отбасы осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет тарапынан жалға тұрғын үй алған.

—  Бүгінде 4 бала өсіріп отырмыз. 4 балаға ай сайын 22 мың теңге жәрдемақы аламын. Жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ. Өзім тұрмысқа шыққан соң бала күтімімен отырып, жұмыс жасаған жоқпын. Бүгінгі қабылдауға балаларға берілетін жәрдемақы туралы сұрауға келіп отырмын, — дейді жас ана.

Ал Қарғалы ауылының тұрғыны Жансая Керімбаева 7 жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрған. Жеті баласы бар «Алтын алқа» иегері қабылдауға баспана кезегі туралы сұрауға келіпті. Баласының үлкені 25 жаста болса, кенжесі — 5 жаста. Көпбалалы ана ай сайын 16 100 теңге жәрдемақы алатынын айтады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button