Әлеумет

Айнұр БАЙМУРЗИНА, көпбалалы ана: Мамандар жәрдемақы алудың жолын түсіндірді

Ақтөбеде 11-13 ақпан аралығында мемлекеттік органдардың тұрғындармен байланысты нығайту мақсатында кең көлемде «Ашық есік күндері» акциясының ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Бүгінгі күні қаланың төрт аумағында осындай шара жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі — Астана ауданы әкімдігі ғимаратына бас сұғып, жеке мәселелері бойынша өздерін толғандырып жүрген сауалдарға нақты жауап алу үшін азаматтарға барлық мүмкіндік жасалған.  

Ақтөбе қаласының Астана ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Аслан Мұханбетовтің айтуынша, «Ашық есік күндері» акциясының алғашқы күнінде әкімдікке 41 тұрғын 51 мәселе бойынша жолыққан.

«Ашық есік күндері» жобасы аясында әкімдіктегілерден бөлек,  коммуналдық, мемлекеттік мекеме қызметкерлері,  құқық қорғау органдарының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері азаматтарды алдын ала жазылусыз қабылдап жатыр. 11 ақпан күні қаланың Сәңкібай батыр даңғылы, 145 «б» мекенжайында орналасқан Астана ауданы әкімдігі ғимаратына 41 тұрғын келді. Олар барлығы 51 мәселемен жолықты. Оның ішінде 14-і — баспана, 12-сі — жер, 6-ауы — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты болса, атаулы әлеуметтік көмек бойынша — 21, сондай-ақ өзге де әлеуметтік мәселелерге қатысты 3 адамнан арыз қабылданды. Мамандар бұл жерде таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін үзіліссіз азаматтарға қабылдау өткізуді жалғастырып жатыр. Сондықтан әр адамның өзін толғандырып жүрген мәселелері бойынша мамандарға бетпе-бет тікелей сауал қойып, нақты жауап алуына немесе ұсыныс-пікірлерін айтуына мүмкіндігі бар, — деді А.Мұханбетов.

Ақтөбе қаласындағы көпбалалы ана Айнұр Баймурзинаны осы жерден жолықтырдық.

—Төрт балам бар. Тұңғышымның жасы — 10-да, кішкентайым — бір жаста.  Өзімнің жасым — 37-де. Бес жылдан бері бала күтімімен үйде отырмын. Мамандығым — мұғалім. Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология  колледжінде қызмет етемін. «Ашық есік күндері» жобасының өтетінін біліп, осында келіп отырмын. Мақсатым — мен секілді аналарға мемлекеттен жәрдемақы төлене ме, жоқ па? Соны білу. Осыдан екі-үш жыл бұрын құзырлы органдардан сұрағанымда, мардымды жауап ала алмағанмын. Жолдасым ресми түрде еш жерде қызмет етпесе де, түрлі шаруалармен айналысады. Мамандар мәселемді мұқият тыңдап, түсіндіріп берді. Жолдасым ресми түрде жұмыс жасамағандықтан, ай сайын 2525 теңге көлемінде салық төлеу арқылы біздің мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндігіміз бар екен. Енді осы мәселе бойынша қажетті құжаттарды өткізіп, жұмыстанатын боламын. Ең бастысы — басымызда баспанамыз бар, — деді Айнұр.

«Ашық есік күндері» жобасы аясында Астана ауданы әкімдігі ғимаратынан жолықтырған тұрғынның бірі — Саржан Түзелбаева. Кейуана мұнда баласының шаруасымен келіпті.

Ақтөбе қаласының «Тайота орталығы» ауданы аумағындағы  «Милосердие» саяжай ұжымында баламның атына тіркелген жер учаскесі бар. Сол аумаққа «жеке тұрғын үй салуға рұқсат етіле ме, жоқ па» деген сауал көптен бері ойымда жүрген еді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мамандардан нақты жауап алдым. Әзірге ол мәселе әкімдікте қарастырылмаған екен, — деген кейуана мұндай шараның қаламызда жиі-жиі ұйымдастырылып тұрғанын қалайды.

Аслан Мұханбетовтің айтуынша, тұрғындардан түскен арыз-шағымдар мен ұсыныс-пікірлерге талдау жасалып, әрбір жауапты мекемедегілер арыз иелеріне нақты жауап беретін болады.

Азаматтардан түскен ұсыныс-пікірлер де сан алуан. Мәселен, біреулері баспана алу ісіне белгілі бір санаттарды қосуды сұраса, енді бірі жер учаскелеріне инфрақұрылым тарту мәселесін алға тартады. Әрине, жергілікті жерде шешілетін, сол сияқты арасында орталық аппаратқа жолданатын ұсыныс-пікірлер де бар, — деді аппарат жетекшісі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button