Әлеумет

«Халықтық кеңсеге» 150-ге жуық тұрғын келді

Ақтөбе қаласындағы «Халықтық кеңсе» мемлекеттік қызмет көрсету орталығында «Ашық есік күні» акциясы жалғасуда. Мемлекеттік органдармен іскерлік байланысты нығайта түсу, арыз-шағымдардың оң шешілуіне ықпал жасау мақсатында ұйымдастырылған шарада тұрғындар құзырлы мекеме өкілдерімен тікелей тілдесіп, сұрақтарына жауап алды. Қабылдауға келгендер, әсіресе, баспана және жәрдемақы мәселелеріне қатысты көптеген сауалдар қойды.

Айнұр Нұрмұханбетова Ашық есік күніне келген көпбалалы, жалғызбасты аналардың бірі. Баспана алу мәселесі бойынша келген ол тиісті мекеме өкілдерінен кеңес алды.

—  Мен төрт балалы анамын. Балаларымның алдыңғы үшеуі мектеп жасында. Бұрынғы күйеуім алимент төлемейді.

Бүгінгі қабылдауға үй мәселесімен келіп тұрмын. Дүкенде сатушының көмекшісі болып жұмыс істеймін. Айлық табысымызға қарай жалға пәтер берілсе, зор көмек болар еді. Бүгінгі қабылдауда тиісті мекемелерге бардым. Телефон номерімді, мекенжайымды жазып алып қалды. Енді осы мәселем жуық арада шешіледі деген үміттемін, — дейді ол.

Тұрғындардың жеке қабылдаған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ибраим Күзбаевтың айтуынша, екі күннен бері «Халықтық кеңсе» ғимаратына 150-ге жуық тұрғын келген.

— Қала тұрғындарының мәселелерін шешуге барынша тырысып жатырмыз. Қазіргі таңда, әсіресе, тұрғын үй мәселесі өзекті болып отыр. Бұл орайда біз тұрғындардың санатын анықтап, дәл осы жерден Халыққа қызмет көрсету орталығына кезекке тұрғызып, бағыт-бағдар беріп жатырмыз. Тиісті мемлекеттік органдармен бірге қаладағы қайырымды жандар да демеушілік танытып, тұрмысы төмен отбасылардың үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп беріп жатыр. Әрине, сауалдар жауапсыз қалмайды. Әрқайсысының мәселесі тыңдалып, шешу жолдары нақты түсіндірілуде, — дейді И.Күзбаев.

Ашық есік күнінде облыстың барлық басқармаларынан өкілдер тағайындалып, қабылдауға келген азаматтардың сұрақтары сарапталып, шешу жолдары қарастырылып жатыр. Қабылдау бүгін кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасатын болады.

— Дүйсенбіден бастап облыстық білім басқармасына 20-ға жуық адам келіп, өз сауалдарын қойды. Көпшілігін мектепте тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толғандырады. Ыстық тамақ аз қамтылған, төтенше жағдайға тап болған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, басқа да санаттағы адамдарға беріледі. Бұл мәселе бойынша арнайы топ құрылып, қалалық білім бөлімінің мамандарымен бірігіп шешілетін болады. Үйлерді аралап, арнайы шешім шығарамыз, —  дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрқожаева.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button