Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Шын мұқтаж жандарға қолдау көрсетіледі

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың халыққа есеп беру кездесуінде қарапайым тұрғындар, соның ішінде көпбалалы және мүгедек бала өсіріп отырған аналар басшыларға өздерінің мұң-мұқтаждарын жеткізді. Жиынға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қиналып жүрген отбасыларға қолдау көрсетілетінін айтты.

Қала әкімі Ілияс Испанов Ақтөбенің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен биылғы жылы алға қойылған міндеттер жөнінде есеп беру үшін, тұрғындармен бірнеше кездесу өткізді. Қорытынды кездесу жұма күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өтті. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Асхат Қайнарбеков пен қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова да қатысты. Қарапайым тұрғындар көп жиналып, театрдың көрермендер залымен қатар, балконы да лық толды. Олардың арасында басшыларға өздерінің мұң-мұқтаждарын жеткізуге тырысқан жандар көп болды.

Жұртшылық алдымен қала әкімі Ілияс Испановтың баяндамасын тыңдады. Ілияс Испанов өткен жылы Ақтөбеде екі аудан — Астана және Алматы аудандарының құрылуы түрлі салалардағы мәселелерді тезірек шешуді, қаланы басқаруды айтарлықтай жеңілдеткенін атап өтті. Ол қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын негізгі көрсеткіштер — өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі, жарық, газ және ауызсумен қамту, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, құрылыс, т.б. салалар бойынша көрсеткіштердің жақсарғанына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Елбасы тапсырмаларын орындау және қаланы көркейте түсу мақсатындағы алға қойылған міндеттерге де тоқталды.

— Көп қабатты ғимараттарда бүкіл қала бойынша 829 лифт бар. Олардың 34-і пайдаланылмайды, ал 282-сінің пайдалану мерзімі өткен. Лифтілерді жөндеу мен ауыстыру жұмыстары тұрғындармен бірлесіп жасалып жатыр. Лифт құнын төмендету мақсатында Белоруссия компаниясымен бірлескен кәсіпорын ашылды, — деді Ілияс Испанов.

Мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде қала бойынша 22 177 отбасы тұр. Ал жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіне тұрғандар саны 140 мыңнан асады. Өткен жылы 9 535 адам кезек бойынша жер учаскесіне ие болған.

Ілияс Испанов ақтөбеліктерді қаланы көркейту, көгалдандыру, тазалық сақтау жұмыстарына белсене араласуға, газ, су және электр қуатын үнемдеп пайдалануға шақырды.

Ілияс Испановтың баяндамасынан кейін сөз кезегін тұрғындар алып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер жөнінде жарыса айтты. Сөз алғандардың бір бөлігі істеліп жатқан жұмыстар, жарықтандырылған көшелер, жаңа гүлзарлар мен балалардың ойын алаңдары үшін қала басшылығына ризашылығын жеткізіп, қала әкімінің жұмысына жоғары баға берді. Тағы бір топ өздерін мазалап жүрген жайларға тоқталды. Мысалы, Нығметбай Ермаханов жолаушылар тасымалының әлі дұрыс жолға қойылмай келе жатқанына қынжылды. Сондай-ақ, қаланың ортасындағы бұрынғы «Космос» қонақүйі ғимаратының бос тұрғанына алаңдаушылық білдірді.

Қала әкімі оның бірінші сауалына орай:

— Біз жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының тұрғындар көңілінен шықпайтынын жеткізіп, «Автопарк» компаниясы басшылығына жағдайды түзетуге уақыт бердік. Кейбір бағыттарды тендерге шығарып, жаңа тасымалдаушыларды іске тартуға да талпыныс жасалып жатыр. Қала өсіп, тұрғындар саны көбейген сайын, бұрынғы автобустардың аздық ететіні түсінікті. Жуырда Жолаушылар тасымалы кәсіпорнына 120 жаңа автобус алынады, бұл жағдайды түзеуге едәуір септігін тигізеді деп ойлаймын, — деп жауап берді.

Ал бұрынғы «Космос» қонақүйі ғимаратында алдағы көктемде жаңа құрылыс жұмыстары басталмақ.

«Нұр Ақтөбе» ауданы тұрғындарының атынан сөз алған ата-ана №60 мектепте бала санының көптігін алға тартып, мектеп ауласында тағы бір ғимарат тұрғызу жөнінде ұсыныс айтты. Өз кезегінде әкім бұл ұсыныспен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта «Нұр Ақтөбеде» 900 орындық жаңа мектеп құрылысы қолға алынбақ.

Дегенмен, сөз сөйлегендер арасында мұндай ортақ мәселелерден гөрі, жеке қиыншылықтарын айтып, шағынғандар қатары көбірек болды. Солардың бірі — Нұргүл есімді көпбалалы ана:

— Біраз жыл кезекте тұрып, былтыр ғана жер учаскесін алған едік. Өкінішке қарай, жолдасым аяқ астынан ауруға шалдығып, бірінші топ мүгедегі атанды. Сөйтіп, үй салуға қаржы, күш жеткізбей отыр. Мұның ақырында жерден де айырылып қалуымыз мүмкін екенін ойлап, уайымдаймын. Бізге үй салуға көмек ұйымдастырып беруге болмас па екен? — деген өтініш айтты.

Жолдасы қайтыс болып, бір өзі үш баланы бағып отырғанын, балаларының бірі мүгедек екенін және пәтерде жүргендерін айтқан тағы бір ана баспана мәселесін шешуге қол ұшын беруді өтінді. Көпбалалы аналардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар бойынша үй алу үшін, алғашқы жарнаға қажет қаражат жинаудың өте қиынға соғатынын айтты.

— Көпбалалы отбасылар басында бір ғана адам жұмыс істеп, әйел бала күтімімен отыратын немесе жолдасы қайтыс болып, 3-4 баланы бір әйел асырап жүрген жағдайлар бар. Мұндайда алғашқы жарнаға қаржы жинау орындалмас арманға айналады, — деді сөз алғандардың бірі.

Сонымен қатар көпбалалы аналарға автобуста тегін жүруге жағдай жасау, кәсіпкерлікпен айналысатын болса, салық жағынан жеңілдік беру, т.б. бірқатар ұсыныстар айтылды.

— Көпбалалы отбасылардың әрқайсысының жағдайлары әртүрлі. Біреулері баспанаға зәру, екіншілерінің баспаналары болғанмен, басқа мәселелер бойынша ұсыныс-тілектерін жеткізгілері келеді. Сондықтан арнайы жұмыс тобы құрылып отыр. 11-13 ақпан аралығында тұрғындар түрлі мәселелер бойынша мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне өз өтініш-тілектерін жеткізе алады. Қабылдау осы театрдың ғимаратында өтеді, — деп хабарлады қала әкімі.

Айта кетелік, осы жиын болып жатқан кезде де, театр фойесінде тұрғындарды түрлі арыз-өтініштер бойынша қабылдау ұйымдастырылды.

Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады.

Сөзінің басында ол тұрғындарды сабырға шақырды.

— Қандай жағдайда да тәртіп бәрінен жоғары тұруы тиіс. Арандатушылардың соңынан еріп кетпеуге тырысыңыздар. Барлық мәселені бірлесе отырып, заң аясында шешу керек, — деді облыс басшысы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі жанынан елімізде азаматтардың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту және көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөнінде жұмыс тобы құрылғаны белгілі. Ақтөбеде де осы бағытта жұмыстар жүргізіледі.

Облыс әкімі:

— Әр отбасының жағдайы сараланып, өтініштері назарға алынады. Шын қиналып жүрген отбасыларға біз көмек береміз, — деді.

Сондай-ақ ол:

— Бізде көпбалалы аналарға пәтер беріледі. Дегенмен баршаға бірдей тегін баспана ұсынылмайды. Табыс көзі аз отбасылар арендалық баспанамен қамтылуы керек, — деп атап өтті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев апатты жағдайдағы үйлер мәселесі, ұзаққа созылған құрылыстар, басқа да бірқатар мәселелерге тоқталды. Бүгінгі күні қалада уақытында бітпей тұрған 24 құрылыс бар. Жақын уақытта ол жерлердегі жұмыстар қайта қолға алынатын болады.

— Халыққа жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар, арнайы қабылданған бағдарламалар көп. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, өз ісіңді ашуға мүмкіндік бар. Көптеген адамдар сол мүмкіндікті пайдаланып, өз кәсіптерін жолға қойып отыр. Тіпті арбаға таңылған мүгедек болса да, толыққанды өмір сүруге, еңбектен қол үзбеуге құлшынып жүрген жандар қаншама? Міне, солардан үлгі алу керек, — деді облыс әкімі.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button