БілімБасты жаңалықтар

Облыста екі жылдан бері директоры тағайындалмаған мектептер бар. неге?

Кеңейтілген алқажиын

Кеше облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқажиыны өтті. Отырысқа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, аудан әкімдерінің орынбасарлары, педагогтар мен журналистер, барлығы 400 адам қатысты.

Алқажиында алғаш болып сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева өткен жылдың жұмыс қорытындысы мен биылға құрған жоспар-міндеттерімен таныстырды. Оның айтуынша, былтыр 15 мектеп, 44 балабақша пайдалануға берілген. Ал «Бақытты бала» жобасы аясында 177 спорт және ойын алаңы, 23 IT-сынып, сондай-ақ жыл бойы жұмыс істейтін «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері мен екі интернат ашылыпты. Жоғарыда аталған жоба бойынша 136 жетім балаға пәтер кілті табысталғаны да тілге тиек етілді.

Өз кезегінде облыста мектепке дейінгі ұйымдарға 24300 бала кезекте тұр. Оның 90 пайызы Ақтөбе қаласына тиесілі. Осы орайда облыста 14 балабақшаның сенімгерлік басқаруға берілгенін айта кету керек.

Кемшіліктер де айтылмай қоймады. Соның ішінде балалар арасындағы қылмыс азаймай тұр.

— Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыс 8,2 пайызға азайғанымен, жасөспірімдердің адам өлтіруі, адам өлтіруге оқталуы, денсаулыққа зақым келтіруі сынды қылмыстың ауыр түрлері көп жасалынды. Әсіресе, Байғанин, Ырғыз, Темір, Шалқар аудандары мен Ақтөбе қаласында  оқушы қылмысы артып отыр.

Баланы қылмыс жасауға итермелейтін негізгі фактор — оның әлеуметтік жағдайы және отбасындағы тәрбиесі, ата-аналардың жауапкершілігі. Сондықтан білім беру ұйымдарының басшылары  балалар мен жастардың әлеуметтік, отбасылық жағдайын бақылауға алып, тиісті көмек көрсетуі керек. 

Облыста мектеп формасын сақтамай жүрген 10 оқушы бар. Бұл — тиісті мекемелердің мамандары, зиялы қауым, ақсақалдар, қамқоршылық кеңес мүшелерінің бірлесіп, кең көлемде жүргізген түсіндіру жұмыстарынан кейінгі көрсеткіш.

Жалпы, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың, сонымен қатар қадалғыш, кескіш заттарды ұстаудың алдын алу мақсатында облыстық прокуратурамен бірге «Білім беру ұйымдарына алып кіруге және қолдануға тыйым салынған заттар тізбесі» мен «Білім алушының тәртіп ережесі» дайындалды. 438 білім беру мекемесінің ішкі тәртіп ережесіне енгізілді. Қазіргі таңда білім беру мекемесінің Жарғысына, нормативтік-құқықтық құжаттарға сәйкес, өзгерістер  енгізу жұмыстары жүргізілуде. Өзгеріс Қарғалы, Мұғалжар аудандарында мектеп Жарғысына енгізілді.  Қалған аудандар аталған өзгерісті енгізуді кешеуілдетіп отыр, — деген басқарма басшысы былтыр облыс басшылығы тарапынан қойылған міндеттердің басым бөлігі орындалғанын айтты.

Ал облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева бірқатар заңбұзушылықтардың тіркелгенін атап өтті.

— Есепті кезеңде тексерулер жүргізілді. Оның барысында  заңбұзушылықтар анықталды. 154 әкімшілік іс қозғалып, 6 миллион 361 мың теңгеден астам айыппұл салынды. 15 материал сотқа жолданып, 23 мекеменің лицензиясы уақытша тоқтатылды. Жалпы, заңбұзушылықтардың 65 пайызы мекеме басшылығының кінәсінен орын алып отыр.

Жиі орын алатын заңбұзушылықтарға тоқталсақ, олар — мектепке дейінгі ұйымдарда жоғары білімді мамандардың сапалы құрамының төмендігі, жеке балабақшаларда санитарлық нормалардың сәйкес келмеуі, сондай-ақ, мектептерде кәсіби білімі жоқ мамандардың сабақ беруі. Осындай заңбұзушылықтар арнаулы оқу орындарында да анықталып, жеке 4 колледждің қызметі уақытша тоқтатылды.

Тағы бір мәселе — оқушылар үшінші тоқсанға көшсе де, облыстағы 70-ке жуық мектепте директор жоқ. 2017 жылдан бері директоры тағайындалмаған білім ошақтары да бар.

Сонымен қатар, барлығы 24 мұғалім педагогикалық емес біліммен жұмыс істеп жүр. Бұл — өрескел заңбұзушылық. Осы мәселелерді шешпейінше, біз білім саласындағы жақсы нәтижелерге қол жеткізе алмаймыз, — деген Бұлбұл Күзембаева ғылыми-әдістемелік орталықтарды құру қажеттігін, бұның өңірдегі білім беру деңгейін көтеруде септігі мол болатынын қосты.

Одан соң баяндама жасаған Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Сәдуақасов орта білім мазмұнын жаңартуға қатысты ұсыныс-тілектерін ортаға салса, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры Рахым Бекназаров туған жердің тарихын, тың мәліметтері қамтылған «Өлкетану. Ақтөбе облысы. 5-7 сыныптар» оқулығының таныстырылымын жасады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі тәрбие мен білімнің егіз ұғым екенін тағы да еске салды.

— Жаңа баяндамадан білгеніміздей, Ойыл ауданында 2016 жылдың қыркүйек айынан бері мектеп директоры жоқ екен. Ал Әйтеке би ауданында он мектеп директорының орны бос тұр. Егер аталған ауданда барлығы 30 мектеп екенін ескерсек, демек, әр үшінші мектепте басшы жоқ деген сөз. Басшысы жоқ мектептерде қандай тәртіп, білім беру сапасы болады?!  Қобда, Хромтау, Байғанин аудандарында да сол жағдай. Неге? Аудандарда мектепті басқаратын білікті маманның болуы мүмкін емес. Бұл мәселені тез арада шешуді  аудан әкімдеріне, құзырлы орган өкілдеріне тапсырамын. 

Тамыз конференциясында да айттым, соңғы кезде білімнің сапасы төмендеп бара жатыр. Оған мысал ретінде ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырған кезде «Алтын белгіге» үміткерлердің 30 пайызының қажетті балды жинай алмауын айтуға болады. Өкінішке қарай, бізде әлі де болса көзбояушылық, өтірік баға қою бар.

Осы үш жылдың ішінде білім саласына 223 миллиард теңге бөлінді. Біз қалағандай нәтиже жоқ.

Ең бастысы — тәртіп. Бірігіп жұмыс жасамасақ, бәрі бекер. Әсіресе, үлкендерді «жастарда бір-бірін пышақтайтындай қатыгездік қайдан пайда болды?» деген сұрақ толғандыруы керек. Бұл мәселеде педагогтар да, ата-аналар да көз жұма қарамауы керек. Әйтпесе, ешкім де бірден өзгеге пышақ сұқпайды ғой. Бір жылдың ішінде 167 қылмыстық іс болған. Оның жартысын колледжде білім алатын жастар жасаса, қалғанын мектеп оқушылары жасаған. Бұның бәрі бақылаудың жоқтығынан болып отыр.

Менің сіздерден сұрайтыным — осы айтқан кемшіліктерден қорытынды шығарып, оны түзетуге тырысу керек. Оқу жылының аяқталуына аз уақыт қалды, үшінші тоқсан да өтіп бара жатыр, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жиын соңында жоғарыда аталған өлкетануға қатысты оқулықтың жарыққа шығуына атсалысқан бір топ авторын облыс әкімі Алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button