Жаңалықтар

Жастарға ең әуелі баспана керек

Сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалының кезектен тыс XXVIII конференциясы өтті. Жиынға бастауыш партия ұйымдары бойынша сайланған 210 делегаттан бөлек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова, атқарушы билік пен БАҚ өкілдері қатысты.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жүргізіп отырған басқосуда биыл билік партиясының құрылғанына 20 жыл толатыны, бұл атаулы датаның құрметіне көптеген шаралардың ұйымдастырылатыны айтылды. Партия ардагері Келдібай Еспағамбетов өзінің «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» атты баяндамасында жиналғандарды осы мерейтоймен құттықтап, бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың жай-жапсарына қысқаша тоқталды.

Одан соң сөз алған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауының іске асыру барысын сөз етті.

— Жолдауды түсіндіру мақсатында арнайы құрылған 25 топ мүшелері халықпен кездесіп, құжатта айтылған басты басымдықтарға тоқталды. Есепті мерзімде 286 кездесу өткізіліп, оған 45600 адам қамтылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 150-ден астам материал жарық көрді.

Ақтөбе қалалық білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі ұйымдар 100 пайыз автоматтандырылды. Сондай-ақ, 9 мектепке дейін ұйым сенімгерлік басқаруға көшті. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жолдауда Мемлекет басшысы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Ақтөбе қаласында 14-29 жас аралығындағы жастар саны — 115792. Олар жалпы халықтың 24,3 пайызын құрайды. Жастар жылына байланысты арнайы жол картасы бекітілді. Оған сәйкес, жастарды жұмыспен, баспанамен қамту жайы мен жалпы қолдауға мән берілмек, — деп атап өтті К.Айдарханова.

Сондай-ақ, оның сөзінен қазіргі таңда 3281 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала мен 29 жасқа толмаған 28700 жас пен жас отбасылар тұрғын үй кезегінде тұрғаны белгілі болды.

Конференцияда жас мамандарды қолжетімді баспанамен қамту үшін арнайы бағдарламаның іске асырылып жатқаны сөз болды. Оның аясында жалақысы 63-80 мың теңге аралығындағы жас 1 бөлмелі пәтерді ала алады. Ол үшін есепшотында бастапқы жарна көлемі — 350 мың теңгесі болуы керек. Іріктеуден өткен жағдайда 6 жыл көлемде ай сайын 35 мың теңге төлеп (коммуналдық төлемдерді есептемегенде), кейіннен пәтердің негізгі құнын төлесе, оны өз атына жаздыра алады. Әуелі жалдамалы негізде берілетін мұндай баспана 150 адамға берілмек. Бұл — Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған акция.

Ал жастардың стартап-жобаларына 40 миллион теңге қаржы бөлініпті. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханованың сөзінше, 300-ден астам жас шағын несие, грант алып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алмақ.

Жастар саясаты тақырыбын сабақтаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова:

— Бір аптаның жүзі болды, осы аралықта Ақтөбедегі 4 ауданды аралап шықтық. Сайлаушылармен кездестік. Ең басты көтерілетін мәселе — тұрғын үй. Әсіресе, жастарды осы мәселе толғандырады.

Нұротандықтарды Елбасының Жолдауын халық арасында осылай талқылап, одан қорытынды шығарып жатқан атқарушы биліктің болғаны, әрине, қуантады. Бүгінгі жиналыста да өзінің ой-пікірін, ұсынысын айтушылардың болуы дұрыс деп есептеймін, — деді.

Конференция облыстық деңгейдегі партиялық жиынға 76 делегаттың сайлануымен тәмамдалды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button