Жастар

Алға ауданында 14 жас өз кәсібін ашты

 «Zhas Project» жобасы

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек. Осыған орай, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынамын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Алға ауданының белсенді жастары «Zhas Project» жобасы аясында 14 грантқа ие болып, бүгінде өз кәсіптерін дамытып, халыққа тегін қызмет көрсетіп отыр.

Маржанбұлақта кеңсе тауарлары дүкені ашылады

Аудандық  жастар ресурстық орталығының басшысы Элеонора Нұрлыбаеваның айтуынша, «Zhas Project» жобасын жүзеге асыруда аудан бойынша жауапты 3 аутрич- кеңесші жұмыс жасаған. Олар аудан орталығы мен ауылдық округтерде барлығы 17 ақпараттық кездесу ұйымдастырып, 224 жасты қамтыған. Сонымен қатар Ақтөбе қаласынан келген арнайы тренердің қатысуымен 94 жасқа 4 семинар-тренинг өткізілген. Өткен жылдың мамыр айында аудан бойынша «Zhas Project» жобасына 41 жоба тапсырылып, нәтижесінде 14 жастың жұмысы үздік деп танылған.

  • Аудандағы жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, әлеуметтік көмек көрсету салалары болса, сондай-ақ жастар арасында өздерінің шаштараз, тігін цехы, кондитерлік өнімдер әзірлеу қызметін ұсынғандары да болды. Нәтижесінде 14 жобамыз үздік деп танылып, 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алдық. Бүгінде жастар өз жобалары арқылы кәсіптерін бастап, халыққа тегін қызмет көрсетіп отыр.

Атап айтсақ, Алға қаласында Қызғалдақ Қуандық әлеуметтік тігін шеберханасын ашса, Әйгерім Бақытжан «Лакомка» атты кондитерлік өнімдер шығарады. Маржанбұлақ ауылының тұрғыны Әйгерім Кангужина мен алғалық Гаухар Дошниязова ағылшын тілінен тегін курстар өткізсе, Аңсар Умудов Тамды ауылдық округінде «3D кинотеатр в село» кинотеатрын ашып отыр. сондай-ақ Талдысай ауылында Гүлжайсаң Оразбекова атты қатысушымыз ірі қара малын көбейтуді көздесе, Маржанбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Сәуле Нұржанова жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үйретеді. Сонымен қатар жастардың арасында тігін шеберханасы мен әсемдік салонын ашып, ірі қара, жылқы малын өсіріп отырғандар да бар, — дейді орталық басшысы.

Оның айтуынша, жуырда жобаның қатысушылары Маржанбұлақ ауылынан кеңсе тауарларын сататын дүкен ашпақ. Сондай-ақ аталған елді мекенде фитнеспен айналысатын тұрғындарға арналған шағын орталық ашылмақ. Қазіргі таңда оған ғимарат іздестіріліп жатыр.

Аудандағы жастардың қарқыны тәуір. «Zhas Project» жобасы қолынан іс келетін жастарға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Болашақта бұл жоба жалғасын тапса, әлі де көптеген жастар өз кәсібін ашады деп сенеміз. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандық жастар ресурстық орталығына жұмысқа орналасу мәселесімен 96 жас келіп жүгінді. Бүгінде олардың 12-сі тұрақты жұмысқа, қалғандары уақытша «Жасыл ел» жасағына еңбекке орналастырылды, — дейді Э.Нұрлыбаева.

Анарханның қымызы

«Zhas Project» жобасы аясында 1 млн теңге грант ұтып алған жастардың бірі — Бестамақ ауылының тұрғыны Анархан Бердібекова. Ол өткен жылы мамыр айында өз жобасын ұсынып, нәтижесінде жеке кәсібін ашқан.

Жобадан ұтып алған қайтарымсыз 1 миллион теңгеге Анархан облыс орталығынан құлынды бие сатып алыпты. Қыркүйек айынан бастап биені сауып, ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен, науқас қариялар мен балаларға саумал жасап, таратыпты.

Биесін ақпан айына дейін сауып, қымыз ашытып, игілікті іс жасаған бестамақтық жас алдағы уақытта жылқы малының санын көбейтіп, өзінің кәсібін кеңейтпек. Алған қаржысына малына қажетті жем-шөбін сатып алған жоба қатысушысы қазір биесін ауласында бағып отыр.

  • Бүгінге дейін ай сайын жоба қатысушысы ретінде мемлекеттен 40 мың теңге шәкіртақы алып келдім. Оған малға қажетті жем-шөп пен азық-түлігімді алдым. Енді, міне, ақпан айынан бастап шәкіртақы төленбейді. Бием суалып кетті, аулада тұр. Құлыны да өсіп қалды. Осы күнге дейін биені күніне бірнеше рет сауып, 5-7 литр сүт алып жүрдім. Қымыз ашытып, мұқтаж жандарға тараттым. Бұл жобаның бір ерекшелігі — алған өніміңді сатып, пайда көру емес, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, осал топтарға көмектесу. Сондықтан осы кәсібімді кеңейтіп, жылқы санын көбейткім келеді, — дейді Анархан.

Айта кету керек, қазіргі таңда Анархан бала күтіміне байланысты үйде отыр. Пысық әрі батыл қыз алдағы уақытта өз кәсібін дөңгелетіп, ауданның дамуына өз үлесін қоспақ.

P.S. Өткен жылы «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы елімізде екінші рет жүзеге асырылып, республиканың 6 аймағын қамтыды. Былтыр аталған жоба аясында 165 ақтөбеліктің жобасы мақұлданып, жеңімпаз атанды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button