Жаңалықтар

Облыста жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен

Брифинг

Биыл Ақтөбе облысы бойынша 38 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақтөбе өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Қайрат Отаров мәлімдеді.

2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 1 қаңтарға дейінгі дерек бойынша облыста 49 761 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 16-29 жас аралығындағы 23 912 адам бар, 25 095-і — әйел адамдар.

— Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін жалпы сипаттағы трансферттер мен республикалық бюджет есебінен 7 миллиард теңге бөлінген болатын. Есепті кезеңдегі қаржыландыру жоспарына сай, 6,8 миллиард теңге игерілді. Бағдарлама бірнеше бағыттан тұрады. Бірінші бағыты — техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Техникалық және кәсіптік оқытуға былтыр қыркүйек айынан бастап 1085 адам кірісті, ал қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2676 адам жолданды. Соның ішінде жұмыс берушілерге оқу орталықтары арқылы 493 адам жіберіліп, соның 326-сы жұмысқа орналасты. Оқыту 21 колледж бен жұмыс берушілердің 9 оқу орталығында 60-тан астам мамандық бойынша жүргізілді, — деді Қ.Отаров.

Мысалы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань жолдарын жөндеуге «Сервис-К» орталығында 104 адам оқып, оның 81-і жұмысқа орналасқан. Олардың қатарында электрослесарь, автокөлік жөндеу слесары, газ жабдықтарын пайдалану, грейдерші, жол жөндеу жұмысшылары, газ және электрмен дәнекерлеуші, аспаз-кондитер, сатушы, тігінші секілді қарапайым жұмысшылар бар. Қ.Отаровтың айтуынша, бүгінгі еңбек нарығында дәл осы қарапайым жұмысшыларға деген сұраныс үлкен.

Бағдарламаның екінші — «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша  «Бизнес бастау» жобасы мен шағын несиелеу жұмыстары жүргізілді. «Бизнес-бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері тақырыбы бойынша 2231 адам білім алды. Нәтижесінде өз жобаларын табысты қорғаған 516 адам несие алып, кәсібін бастады. Ал шағын несиелеу бойынша 997 адам қаржы алып, бірі жаңа іс бастаса, енді бірі бұрынғы кәсібін кеңейтті. Олардың 300-ден астамы — жастар.

— Былтыр үздік бизнес-идеяларға 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомада гранттар беру мәселесі жолға қойылған болатын. Ақтөбе облысында кемінде 21,6 миллион теңге көлемінде грант беру жоспарланған-ды. Гранттар «-Бизнес-бастау» жобасы және кәсіптік оқуды аяқтаған бағдарлама қатысушыларына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанындағы комиссия шешімімен беріледі. Былтыр 117 адам осындай грантқа ие болды. Грант негізінен тігін машиналарын, шаштараз құралдарын, аспаздық құралдарды, массаж жасау кабинетіне қажетті құралдарды алуға берілді, — деді Қ.Отаров.

Бағдарламаның үшінші — «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» аясында тұрақты және уақытша бос жұмыс орындарына 28 мыңнан астам, ал әлеуметтік жұмыс орындарына 2024 адам орналасты. Жастар тәжірибесі бойынша 2587 адам жұмысқа орналастырылған.

Қайрат Отаровтың айтуынша, 2019 жылы бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыру жоспарланып отыр. Мәселен, бірінші бағыт бойынша 4 мыңға жуық адамды оқу курстарынан өткізу жоспарда бар. Ал «Бастау-бизнес» жобасы аясында 1125 адамға кәсіпкерлік негіздерін үйретіп, 1048 адамға 5041,9 млн теңге көлемінде шағын несие беру қарастырылған. Үздік бизнес-идеяларды іске асыру үшін 21,6 миллион теңге бөлініп отыр.

— Халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар аясында жасалып жатқан жұмыстар нәтижесінде облыста жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз болды. Бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағы жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,0 пайыз болып отыр, салыстырмалы түрде алсақ, республикалық орташа көрсеткіш — 3,9 пайыз, — деді Қ.Отаров.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button