Білім

Балдырған

Бір мектептен екі хат

Тал  — табиғаттың көркі

Менің туған жерім — Аралтоғай. Осы ауылдың топырағына аунап өстім.

Аралтоғайдың жері жақсы, елі тыныш, суы мөлдір. Даласының табиғатын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Шөбі шүйгін, малға қолайлы.

Біздің ауылдың маңында Ырғыз өзені бар және көлшіктер кездеседі. Жаз айында балалар сол көлшіктерге шомылуға, демалуға барады.

Біздің ауылдың ортасында бақ бар. Бұрын бұл бақта тал көп болатын, қазір сирек. Достарыма айтарым: «Табиғатты аялайық, сақтайық». Қазақта мақал бар: «Бір тал кессең, он тал ек». Талды кеспейік, керісінше талдың санын арттырайық.

Фатима ӨТЕҒҰЛОВА,

оқушы.

Айналамызға қарасақ, табиғат көркі — ағаш екенін көреміз.

Ал адамдар осыны біле тұра жас ағаштарды отынға кеседі. Барлық ағашты отынға пайдалану үшін кесіп тастасақ, көктемде табиғат көріксіз болып тұрмай ма? Сондықтан ағаштың барлығын кеспей, оларға күтім жасау керек.

Ағаштың бізге тигізер пайдасы өте көп. Ағаш болмаса таза оттегі бізге қайдан келеді?

«Бір тал кессең, он тал ек» демей ме қазақ даналығы?

Ағаш — табиғаттың ерекше жаратылған бір көркі. Соны ұмытпайық.

Гүлсезім БАЙШОЛАҚОВА,

оқушы.

С.Оразалин атындағы орта мектеп,

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Мектебім

Алтын ұя мектебім,

Сенде өсіп көктедім.

Білім нәрің арқылы

Мақсатыма жеткенмін.

Ыстық сенің құшағың,

Сағынамын, құшамын.

Сенен алған біліммен

Көкке самғап ұшамын.

Нұрсұлтан АХМЕТКЕРЕЙ,

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балалар мектебінің оқушысы.

Кітап

Кітап деген — ақыл-ой бұлағындай,

Кітап деген — ғылымның шырағындай.

Биіктерге әрдайым жетелейтін

Білімімнің көк майса құрағындай.

Әсем ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Қыналы негізгі мектебінің оқушысы.

Қияқты ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Каникул

Мәңгілік мұра

Мен биыл өзім оқитын № 7 орта мектептің жанындағы «Шұғыла» жазғы демалыс лагерінде демалдым.

Лагерьде тәрбиеші апайлар өте қызықты сайыс-сабақтар, спорттық жарыстар ұйымдастырды, ертегілерден көрініс қойдық.

Тағы бір ұнағаны, Жұбановтар музейіне апарды. Мұражаймен таныстырған Анархан апай мен Ұлбосын апайдың әрбір сөздерін ынтамен, бар зейінмен тыңдадым. Өйткені  осындай дарын иелерімен жерлес болғаным үшін бойымды мақтаныш сезімі биледі. Ол кісілердің жеке құжаттарымен, суреттер арқылы отбасымен, достарымен таныстық. Барлық балалар бірігіп «Ақ көгершін» әнін орындап бердік.

Мұражайда маған көп көріністер ұнады. Әсіресе, Ахмет атамыздың күріштен жасалған портреті ерекше әсер етті.

Біз Анархан апайға Отан, туған жер, Жеңіс, мектеп туралы өлең-тақпақтарымызды айтып бердік. Осы тамаша күн үшін тәрбиеші ұстаздарым Несібелі, Райса, Айнагүл, Гүлзира, Айгүл, Бақтыгүл апайларым мен мұражайдағы апайларыма алғысымды білдірсем деп едім.

Ернұр ЖАҢБЫРБАЕВ,

№ 7 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

Төрт түлік

Шөл кемесі

Төрт түлік малдың бірі — түйе. Одан ет, сүт, жүн және былғары секілді бағалы шикізат өндіріледі.

Түйе көші-қон мен қара шаруаға ертеден пайдаланылып келе жатқан, «шөл кемесі» атанған күшті әрі шыдамды көлік екені мәлім. Ал арабтар «теңіз түйесі» дейді екен.

Түйені өнім малы, жұмыс күші ретінде пайдалану арзанға түседі, өйткені ол шөл және шөлейт жерлерде өсетін, басқа мал жей алмайтын тікенек шөпті қорек ете береді. Тұщы су жоқ кезде ащы су ішетіні де бар. Сусыз жерде бірнеше тәулік бойы су ішпей жүре беретін кездері болады.

Түйе биологиялық ерекшеліктеріне орай қыстың суығы мен жаздың аңызақ ыстығына төзімді келеді. Жаз бен күз айларында тез семіріп, 100-150 килограмм қоң жинайды.

Түйе жыныстық жағынан 2-3 жылда жетіліп, інгенін қайытуға 3-4 жасында қосады. Тұқымы қос өркешті түйенің інгені 14 айда, ал нардың маясы 13 айда және екі жылда бір рет боталайды. Боталы түйе күніне 12 рет сауылады. Інген мен мая ботасын 15-18 ай емізеді.

Жасында жақсы күтіліп-бағылған түйе қыстық азығын денесі мен өркешіне жияды. Күш жағынан ат пен өгізден мықты келеді. Түйе сүтінен шұбат ашытады. Ол — адамның денсаулығына бірден-бір пайдалы сусын. Түйенің жүнін сәуір, мамыр айларында күзейді.

Ғалым БЕГЕНОВ,

оқушы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button