Экономика

228,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді

Брифинг

Елбасы тапсырмасына сай, аграрлық сектор экономикалық дамудың басты драйверлерінің біріне айналуы тиіс.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында біздің облыста ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында сөз қозғалды.

Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай баяндады.

Оның айтуынша, 2018 жылы облыста ауыл шаруашылығы саласында 228,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ал өсім қарқыны 6,2 пайызды құрады. Бұл — еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Өткен күзде облыс диқандары 514 мың тонна астық жинаған. Әр гектардан, орта есеппен, 11,7 центнер өнім алынған. Сонымен қатар, суармалы алқаптар көлемін ұлғайту бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы 10,6 мың гектар суармалы алқапты қалпына келтіру көзделген. Бұл жұмыстарды Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырады.

Былтыр, сондай-ақ, мал басы да өскен. Атап айтқанда, жылқы саны 14,2 пайызға, мүйізді ірі қара 9 пайызға, ал қой мен ешкі 2,2 пайызға көбейген. Ет өндіру бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында облыста 209 ірі қара шаруашылығы мен 56 қой шаруашылығы құрылған. Жайылымдық жерлерде жалпы есебі 104 құдық қазылыпты.

Шаруашылықтың дәстүрлі емес түрлері бойынша да үлкен жобалар қолға алынып отыр. Мысалы, біздің облыста республика бойынша ең үлкен таңқурай алқабын өсіру көзделген. Қазіргі күні мұнда 45 гектардан ғана өнім алынса, алдағы үш жылда таңқурай алқабының көлемін 150 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.

Басқарма басшысы ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға айрықша тоқталды. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді электрондық картаға енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

— Бүгінгі таңда 700мың гектардан астам егістік алқап толығымен цифрландырылды, ал жайылымдық жерлердің 52,3 пайызы, шабындық жерлердің 68,2 пайызы электрондық картаға енгізілді. Цифрландыру бағытындағы жұмыстарды Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бірқатар шаруашылықтары және Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірлесе атқару көзделіп отыр, — деді Құсайын Сәрсембай.

Ол 2019 жылы алға қойылған міндеттерге де тоқталды. Айталық, биыл экспортқа шығарылатын сиыр еті көлемін 4 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, облыста жаңадан 180 — мүйізді ірі қара, 117 қой шаруашылығын құру көзделіпті. Бұл үшін шетелден 10 мың бас мүйізді ірі қара, 70 мың бас қой сатып алынбақ.

Биыл, былтырғымен салыстырғанда, егіс көлемі 10 пайызға артып, 805,1 мың гектар алқапқа тұқым себіледі. Ал қолданыстағы суармалы алқаптың көлемін 30,8 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button