Ақтөбе — 150

Жастар жылында 150 спорттық шара өтеді

Брифинг

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов мәлімдеді.

Жастар жылы және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай 200 мыңнан астам адамды қамтитын 150 спорттық шара өткізілмек. Бұған республиканың әр аймағынан, жақын шетелдерден спортшылар қатысады.

Басқарма басшысының айтуынша, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 103 облыстық жарыс, 8 ҚР чемпионаты, 14 халықаралық және республикалық турнирлер, спорттың әр түрі бойынша 3 кешенді спорттық шара ұйымдастырылады. Наурыз айында Ақтөбеде жүлде қоры 1 миллион теңге болатын үстел теннисінен «AQTÓBE — 2019» ашық халықаралық турнирі өтеді. Ал мамыр айында «AQTÓBE RUN — 2019» ашық республикалық марафоны ұйымдастырылады.  Ақтөбеде алғаш рет өтетін республикалық жазғы марафон аясында Азия, Африка, Австралия және Американың ірі шөлдерін жалғыз жүгіріп өткен марафоншы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері мастер-класс өткізеді.

Сондай-ақ облыс аумағында бірнеше спорт түрінен ірі республикалық жарыстар, атап айтқанда, ҚР Х жазғы универсиадасы, жүзуден ҚР  V спартакиадасы, ҚР Паралимпиадалық ойындары, ұлттық спорт түрлерінен республикалық V фестиваль өтеді.

— Мамыр айында оныншы жазғы универсиада аясында  спорттың 18 түрі бойынша жарыс өтеді. Оған еліміздің жоғары оқу орындарынан 9 мыңнан астам студент қатысады.Универсиада екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Спорттық жарыстардың  қорытындысы бойынша  еліміздің студенттік құрамасы жасақталып,  мемлекетімізді  Италиядағы дүниежүзілік универсиадада таныстыратын болады. Маусым айында 600 спортшының қатысуымен жүзуден республикалық  V спартакиада өтеді, ал тамыз айында IV Паралимпиада ойындарының мыңға жуық қатысушыларын қарсы аламыз. Республиканың әр өңірінен келген спортшылар паралимпиадалық спорттың 10 түрінен өнер көрсететін болады, —  деді Мейрамбек Махамбетов.

Сондай-ақ биыл 18-25 қыркүйегі аралығында «Ұлы Даланың мұрагерлері» халықаралық форумы аясында ұлттық спорт түрлерінен V республикалық фестиваль өткізу жоспарланып отыр. Жарыс бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, тоғызқұмалақ, асық ату,  бес тас, қазақ күресі, жамбы ату, құсбегілік, жекпе-жек  секілді спорт түрлерінен өтетін болады. Оған еліміздің әр өңірінен 2 мыңға жуық спортшы жиналады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button