Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Аграрлық ауданның әлеуеті

Дүйсенбі күні Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев суармалы егіс егу, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салаларын дамыту, жергілікті өнімдерді экспорттау және қайта өңдеу қажеттігі туралы айтты. Сарыжардағы қоныстой  Жұмыс сапарын облыс әкімі Сарыжар ауылдық округінен бастады. Бүгінде бұл округте 4 785 адам тұрады. Көгілдір отын, ауызсумен қамтылған, сағат сайын облыс орталығына автобустар жүреді, сондай-ақ такси қызметі жұмыс жасайды. Бұл округте аудан бойынша туу көрсеткіші де жоғары. Атап айтсақ, жыл сайын мұнда жүзден астам сәби дүниеге келеді. Округте 4 балабақша мен 2 орта мектеп бар. Оларда 926 оқушы мен 101 бала білім алып, тәрбиеленуде.
Округ Елек өзені бойындағы суармалы алқапта өсірілетін көкөніс өнімдерімен танымал. Мұнда 3,5 мыңнан астам ірі қара малы бар. Кәсіпкерлік саласы да белсенді дамып келеді. Атап айтсақ, округте 24 дүкен, тігін шеберханасы, кафе, мейрамхана, наубайхана, екі шаштараз, қоғамдық монша, барлығы 65 шағын және орта бизнес нысандары бар. Өткен жылы өз ісін жаңадан бастаған екі кәсіпкер ешкі сүтін қайта өңдеу және қазақтың ұлттық киімдерін тігу үшін грант алған. Бір сөзбен айтқанда, Сарыжар — барлық жағынан дамып келе жатқан ауыл. Жұмыс сапары аясында облыс әкімі аталған округтегі жаңа Мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысты. Жобаның құны — 153 млн теңге. Қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Мәдениет ошағын салған «ТОR-M Company» ЖШС демеушілік жасап, жаңа ғимаратқа жиһаздар, терезелерге жалюзи, бөлме гүлдерін сыйлап, безендіру жұмыстарын жүргізген.

Екі қабатты типтік ғимаратта 280 адамға арналған конференция және көрермен залдары, 13 мың басылым қоры бар ауылдық кітапхана бар. Сондай-ақ ғимаратқа Қамбар Медетов атындағы балалар өнер мектебінің филиалы орналасқан.

Мәдениет үйінің тағы бір ерекшелігі — мұнда жастар орталығына арналған арнайы бөлменің болуы. Мұнда жігіттер мен қыздар өздерінің инновациялық идеялары мен жобаларын талқылап, кездесулер өткізеді, бірқатар мәселелерді шешеді.

Облыс әкімінің келуіне орай мұнда ауданның жас кәсіпкерлері «Zhas рroject» жобасы аясында өздерінің өндіретін өнімдерінен көрме ұйымдастырды. Атап айтсақ, тауық еті, нан өнімдері, шұбат, жылжымалы кинотеатр, жергілікті ағаш өнімдерінен жасалған кәдесыйлар, киізден жасалған бұйымдар, т.б.

Көрмені аралаған облыс әкімі аудандағы жастар арасындағы кәсіпкерлік саласының дамуына жоғары баға беріп, жас кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

Кең ауқымда өткен жастар форумында ауданда Жастар жылы ресми түрде жарияланды. Шарада ауданның жігерлі, шығармашыл және белсенді жастары сөз сөйлеп, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында театрландырылған қойылым көрсетілді. — Жастар — мемлекеттің алтын қоры. Сондықтан бүгін, міне, сіздердің аудандарыңыз алғашқылардың бірі болып жаңа ғимаратта Жастар жылын ресми түрде ашып отыр. Кез келген мемлекеттің дамуы ондағы білімді, алғыр, мәдениетті жастарына байланысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның гүлденуі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Біз, атқарушы билік, Президенттің тапсырмаларын орындай отырып, ақтөбелік жастардың өз қатарластарынан қалмауы үшін бар мүмкіндікті жасауға тырысамыз. Облыста салынып жатқан білім беру, мәдени, денсаулық сақтау, спорт ғимараттары, ең алдымен, жастардың дамуына, олардың өнерін, шығармашылығын шыңдауға бағытталған. Мен бүгінгі сахнада өз ой-пікірлерін жеткізген жастарға ерекше алғысымды айтамын. Жарайсыңдар! Біздің жастарымыз талантты. Сондықтан оларды тек қолдауымыз керек.Сондай-ақ өткен жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен облыста жүзеге асырылған «Zhas рroject» жобасын әрі қарай дамытып, жалғастырамыз. Бір сөзбен айтқанда, былтыр облыста өткен «Жас барыс» жастар форумында сіздердің айтқан бастамаларыңыз, идеяларыңыз, ұсыныстарыңыз негізінде біз биыл іс-шаралар жоспарын құрдық. Біз сіздер үшін қаржы табамыз, себебі бүгінде экономикамыз жақсы дамып келеді. Мен облыс басшылығы атынан  Жастар жылының ашылуымен құттықтай отырып, сіздерді осы іс-шараларға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Биылғы Жастар жылында біз, жергілікті билік, жастарды жұмыспен, баспанамен, шәкіртақымен қамтамасыз ету үшін қолда бар мүмкіндікті қарастырамыз. Ал биылғы Жастар жылы әрбір жастың есінде қалуы керек, — деген облыс әкімі құттықтау сөзінен кейін жаңадан ашылған Мәдениет үйіне музыкалық аппараттың сертификатын табыс етті.

Сауалдар қойылды, ұсыныстар айтылды

Мәртөкте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Асхат Қайнарбеков аудан әкімі Жандос Байырхановтың тұрғындар алдында есеп беру кездесуіне қатысты.

Аудан әкімі тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, биылғы жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Оның айтуынша, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын көрсететін барлық көрсеткіш жоғары.

Кездесуде тұрғындар өздерінің сауалдарын жолдады. Олардың бірі — суармалы жерлер мен су қоймасының құрылысы. Бұл сауалға облыс әкімі жауап берді:

—   Президент соңғы Үкімет отырысында бұл мәселеге тағы да ерекше назар аударды. Бұл мәселе тек біздің өңірге ғана қатысты емес. Қазіргі таңда бізде суармалы жерлерді игеру көрсеткіші аз, нәтижесінде бидайдың әр гектарынан 10-12 центнер ғана өнім аламыз. Біз азық-түлікті көп әкелеміз, алайда өңірімізде су қоры жеткілікті. Мәселен, үш жылда біз суармалы алқаптардың көлемін үш есеге арттырдық, бұл жұмысты алдағы уақытта жалғастырамыз. Себебі бізде өзен, бөгет көп, қосымша су қоймаларын саламыз. Сіздерде Елек өзені бар, сондықтан кем дегенде 10 сотық жерге егіс ек те, мотор мен насосты қос, суар!
Кездесуде облыс әкімі тұрғындарды ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерімен айналысуға шақырды.

  • Бұған дейін сіздердің аудандарыңызға марал әкеліп, өсіруде біраз күдіктер болды, алайда тәжірибе көрсеткендей, олар сіздердің нулы, сулы жерлеріңізге үйренді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып аудандарыңызда пантоемдеу шипажайы ашылды. Қазір қысқы мезгілде шипажайда 17 адам демалып жатыр. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Елімізде мұндай шипажай еш жерде жоқ.

Жалпы алғанда өткен жылды облысымыз жаман аяқтаған жоқ. Екі жыл қатарынан экономиканың өсу қарқынын сақтап келеміз. Бұған сіздің ауданның да қосқан үлесі бар. Ауданның қоры бар. Сіздер өздеріңіздің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласындағы, сондай-ақ игерілмеген жерлеріңіздің әлеуетін пайдалануларыңыз керек. Мәртөк ауданы — аграрлық және кәсіпкерлік салалары бойынша облыстағы ең бір дамып келе жатқан ауданның бірі. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолы бар, сондықтан алдағы уақытта ауданда жол бойы қызметін дамыту керек.
Біз экономиканың даму қарқынын осы қалыпта сақтап қалуымыз керек. Экономика болмаса, ештеңе болмайды: жол да, газ да. Бұл тапсырманы Президенттің өзі қойып отыр. Бізде барлық мүмкіндік бар, мемлекет тарапынан қолдау да көрсетілуде, тек жұмыс жасауымыз керек. Егер билік пен қоғам бірігіп жұмыс жасаса, жақсы нәтижелер сол кезде болады, — деді Б.Сапарбаев.

Кездесуде облыс әкімі әрбір адам жетістікке жету үшін алға ұмтылу керектігін айтты.

Мен бүгін Сарыжар ауылдық округінде болып, жастармен жүздесіп, Жастар жылының ашылу салтанатына қатыстым. Бір қыз бала ата-анасы Ақтөбеде тұрса, өзі дәрігерлік амбулаторияға келіп жұмыс жасап жатыр. Енді бір Айсұлу атты жас «Zhas рroject» жобасы арқылы 1 миллион теңге алып, үш түйе сатып алып, бүгінде шұбат өндіруде. Ол болашақта түйе санын көбейтіп, табиғи сүт өнімдерін өндірмекші. Дұрыс позиция. Ал басқалар болса қалаға барғысы келеді, арыз айтады, ата-аналары шағымданады.
Бүгінгі кездесуде марал өсірумен айналысатын «Зару» шаруашылығының басшысы Бану Тілегенова дұрыс мәселе көтерді. Қазір жұмыс бар, тіпті көп, бірақ еңбек еткісі келмейді, 100 мың теңге сұрайды, ол үшін ең алдымен бұл ақшаны еңбекпен табуы керек. Мен ата-аналардан өз балаларын еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді сұраймын. Адамды адам еткен — еңбек,
— деді облыс басшысы.
Жол жөндеу мәселесіне қатысты сауалға жауап берген облыс әкімі өткен жылдан бастап Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет ауданның жолдарын жөндеуге қаржы бөліп жатқанын, оның 50 пайызы жергілікті бюджеттен, ал 50 пайызы республикалық бюджеттен бөлінетінін атап өтті. Өткен жылы осы орайда облысқа 29 млрд теңге қаржы қарастырылған, нәтижесінде 400 шақырым аудан жолдары жөнделген. Ал биыл 500 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Ал орталықтандырылған ауызсумен қамту бойынша ауданда бұл көрсеткіш 93%-ды құрап отыр. Бұл — аудан үшін жақсы көрсеткіш. Ал 100 шақты тұрғыны бар алыс ауылдарды сумен қамту үшін ұңғымалар қазылады. Ауданда көгілдір отынмен қамтылғандардың көрсеткіші — 77 пайыз, алайда газбен қамту мәселесі тұрғындардың саны мен елді мекендердің келешегіне байланысты.

Кездесу барысында сауалдармен қатар ұсыныстар да айтылды. Солардың бірі — саябақта кітапханаларға арналған шкаф пен тегін Wi-fi қондыру. Мәселен, саябаққа келген әрбір тұрғын өз үйлерінен өзгелерге оқыған кітаптарын әкеліп қояды.
Кітаптарға келсек, біз әртүрлі акциялар өткізіп жүрміз, бұл тәжірибеде бар, ал Wi-fi интернеттің жылдамдығына байланысты болмақ. Өкінішке қарай, интернет бізде әлі әлсіз, себебі барлық жерде оптоталшықты байланыс жоқ. Біз бұл тұрғыда қазір жұмыс жасап жатырмыз. 2020 жылға дейін барлық елді мекендер мүмкіндігінше жүз пайыз интернетпен қамтылатын болады, — деді облыс әкімі.

Кездесу соңында облыс әкімі алдағы жоспарларға тоқталды:

  • Алдағы екі-үш жылда ірі қара мен суармалы алқаптардың санын 1990 жылғы деңгейге жеткізуіміз керек. Сіздердің аудандарыңыздағы егіс алқаптары сонау 90-жылдары осы жерде болған алқаптың жартысы ғана, яғни 260 мың гектар. Ірі қара санының есебі 60 мың болса, бүгінде — 43 мың. Осы тұрғыда жақсылап жұмыс жасауымыз керек. Өнеркәсіп, бизнесті дамыту керек, ал ең бастысы — ауыл шаруашылығы. Сіздердің аудандарыңыз — аграрлы аудан.

Сондай-ақ «Туған жерге тағзым» және «Түлек.KZ» акцияларын жалғасытырып, жаңа жобаларды жүзеге асыру керек. Бұл — Президентіміздің өз Жолдауында айтқан тапсырмаларының бірі. Әркім өз туған ауылына көмектесіп, қолдау көрсетуі керек.

Және соңғысы, биылғы жылы біз Ақтөбе қаласының 150 жылдығын атап өтеміз. Бұл мақсатта ұйымдастыру комитеті құрылды. Осыған аудандағы кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен шаруашылықтардың басшылары өз үлестерін қосуы керек. Бұл — біздің туған қаламыз, сондықтан оның әдемі, көрікті, жайлы болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
Кездесу соңында облыс әкімінің Мәртөк ауданы бойынша қоғамдық көмекшісі Ирина Цыба жиналғандарға:

— Бүгінгі күні атқарушы билік қолдан келгенше жұмыс жасап жатыр. Бірақ алдағы уақытта бұдан да артық жұмыс жасап, сіз бен біз біріге еңбек етуіміз керек. Біз тек өз ауламыз бен қақпамызды ғана ойламай, «Бүгін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың қайтарымына мен не жасап жатырмын?» — деген сауалға сәйкес қимылдауымыз керек. Қараңыздаршы, бүгінде халықтың жағдайы жақсарып келеді, әсіресе, біздің ауданда. Біз зейнетақы, жалақыны талап етуді тоқтаттық, енді ауызсу, газ сұрайтын болдық. Шындығына келсек, жергілікті билік тротуар салу үшін қаншама қаржы іздейді. Ал бізде тротуар салынған. Сондықтан біз елдің дамуына үлес қосуды өз отбасымыздан, өз ауламыздан, ауылымыздан бастауымыз керек.
Барлық мәртөктіктер атынан мен ауданымызға табыстар тілеймін. Алдағы уақытта жоспарланған істер орындалып, ауданымызды бірлесе көркейтіп, гүлдендіреміз деп сенемін
, — деді.

Елена ОНИСЬКОВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button