Басты жаңалықтар

Халықтың тұрмыс сапасын көтеру — негізгі міндет

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстағы жолаушылар тасымалы қызметіне қатысты жиын өтті. Мәжіліске тасымалдау ісіне қатысты құрылым басшылары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Аудан әкімдері онлайн режимде қосылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, кейінгі кезде халық тарапынан аймақтағы әуежай, теміржол мен автовокзал, такси қызметі салаларының жұмысына наразылық көп.

Ақтөбеге келетін қонақ ең бірінші әуежай, теміржол және автовокзал қызметін тұтынады. Сондықтан осы қызметтер арқылы қаланың келбеті айшықталады, лайықты баға беріледі. Әсіресе, бұл мәселе әуе қызметіне ерекше қатысты. Өкінішке қарай, облыста әуежай қызметінің сапасы өте нашар.  Елімізде әуежайы халықаралық мәртебеге ие облыс орталықтары көп емес. Соның бірі — Ақтөбе. Бірақ та бізде халықаралық бағытқа ұшатын бір ғана әуерейс бар. Осы тақырыпты үш жылдан бері қозғағанмен, ешқандай нәтиже жоқ. Өкінішке қарай, бұл бағытта ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ. Дегенмен көрші Орал, Ақтау, Атырау, сол сияқты Қызылорда әуежайларында екінші халықаралық рейс ашылды. Ал біз жасай алмаймыз. Мұндай мәселе теміржол тасымалы қызметіне де қатысты. Мен перрон аумақтарын көркейту, кассалар санын көбейту, қоғамдық тәртіпті күшейту мәселесі жайында бірнеше рет ескерттім. Ақылы автотұрақ бекеті де құрылды. Осындай жақсы нәрсе жасауға тырысқанмен, жағдай сол баяғы қалпынша тұр, — деген Б.Сапарбаев мұндай мәселенің Ақтөбе қаласындағы «Сапар» автовокзалы қызметіне де қатысты екенін атап өтті.

Облыс басшысы өз сөзінде «Сапар» автовокзалы маңын көркейту жұмыстарымен қоса,  электронды билет жүйесіне көшіру, ескі үлгідегі қоғамдық көліктерді жаңарту сияқты жұмыстар әлі де болса оң шешімін таппай тұрғанын сынға алды.

Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда облыста жолаушылар тасымалымен айналысатын 20 тасымалдаушы құрылым бар. Олар — жекеменшік иесі саналады. Бүгінгі таңда 83 бағытқа жолаушылар тасымалданады. Оның 52-сі — қалалық, 20-сы — облыстық, 5-еуі облысаралық, ал қалғаны халықаралық бағытқа қатынайды. А.Османғалиев Шалқар мен Ырғыздан басқа аудандарда  облыс орталығына қатынас мәселесі қалыпты екенін айтады.

Тасымалдаушының шығындануына байланысты берген арызының негізінде бүгінгі күні Ақтөбе-Ырғыз, Ақтөбе-Ембі, Ақтөбе-Кеңқияқ бағыттары бойынша қатынас мәселесі тұралап тұр. 2018 жылдың қазан айынан бастап  Ақтөбе-Ырғыз бағытына қатынайтын автобустар тоқтатылды. Жолаушылардың көбісі екі аралыққа такси қызметін тұтынады. Тасымалдау ісіне жауапты жеке кәсіпкерлік басшысы жолаушылардың аздығынан шығынға ұшырап отырғандарын айтты, — деген А.Османғалиев Ақтөбе-Ойыл, Ақтөбе-Шұбарқұдық аралығына қоғамдық көліктер қатынасы реттелгенін атап өтті.

Бұл орайда  «Сапар» автовокзалы аумағындағы алаңда тұратын такси жүргізушілерінің тұрағына қатысты да мәселе сөз болды.

Жиында «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Құсманның атына сын айтылды. Облыс әкімінің әуежай айналасын көркейту, автотұрақтарды ретке келтіру турасындағы тапсырмасы жүзеге асырылмаған.

Атырау мен Ақтөбенің халқын салыстыруға болмайды. Былтыр Атырау әуежайы

600 мың адамға қызмет көрсетті, ал бізде бұл көрсеткіш — 400 мың. Ақтөбеде Мәскеу бағытынан басқа Еуропаға ұшатын бірде-бір әуерейстің жоқтығы мен үшін тұрғындар алдында ұят, — деген облыс әкімі әуежай басшысына бизнес-класс күту залының да талапқа сәйкес келмейтінін атап өтті.

Жиында облыс әкімі Е.Құсманға халықаралық бағытқа қатынайтын әуерейстерді көбейту үшін бірінші кезекте «SCAT», «Qazaq Air», «Bek Air» сияқты әуе компанияларымен жұмысты күшейту керектігін айтты.

Сол сияқты жиында Ақтөбе теміржол вокзалының бастығы Тойбазар Қуанышев былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол вокзалдың қасбетін қайта қалпына келтіру жұмыстарынан бастап, ішкі жұмыстарға да тоқталды. Өз сөзінде Ақтөбе қаласының 150 жылдығына байланысты дайындық жұмыстарының да қолға алынғанын атап өтті.

Бүгінгі күні теміржол вокзалындағы 7 кассаның үшеуі ғана жұмыс жасап тұр. Сол сияқты вокзал ішінде — 6, ал сыртында 2 жекеменшік кассада қосымша билет сатылады.

Жекеменшік кассаларда сатылатын билетке қосымша  комиссиялық алым төленеді. Одан да вокзалдағы 7 кассаның жұмысын жандандыруға болмай ма? Неге  жекеменшік кассаларға қымбат бағаға билет сатуға мүмкіндік беріледі? — деген облыс әкімінің сауалына Т.Қуанышев қазіргі уақытта 4 касса жолаушылар тасымалы мекемесінің штатына қарайтынын айтты.

Ал құзырлы орган өкілдері штаттық қысқартуларға байланысты бұл жұмыстар жекеменшік кассалардың міндетіне өткенін баяндады.   Бүгінгі күні жекеменшік кассаларда сатылатын билеттің құны 300-1000 теңге аралығында айырмашылықпен сатылады.

Жиында вокзал маңын көркейту, әсіресе автотұрақтарды ретке келтіру жайы айтылды. Арнайы әзірленген слайд арқылы да салыстырмалы фотосуреттер көрсетілді. Облыс әкімі әуежай, теміржол мен автовокзал басшыларына маңдайша жазуын латын әріптеріне көшіруді тапсырды.  Сол сияқты, Бердібек Сапарбаев Ақтөбе теміржол вокзалында орынтұрағының арнайы жол желісінде тұрудың алғашқы 15 минуты тегін болуы керектігін айтты. Ақтөбе қалалық әкімдіктегілер бұл жұмысты дереу қолға алатындарын жеткізді.

Жиын барысында көліктегі полиция департаментінің өкілі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына қатысты айта келе, аталған құрылымның жұмысына кері әсерін тигізіп отырған жазатайым оқиғалардан пойыздардың орынсыз тежелуі секілді жағдайлардың жылдан-жылға көбею дерегі анықталып отырғанын айтты. 2018 жылы облыс бойынша теміржол нысандарында адамдардың жарақаттануы бойынша 26 жағдай тіркелсе, соның

6-ауы адам өлімімен аяқталған. Мұндай жағдайлар Ақтөбе-Жіңішке стансалары аумағында жиі тіркеледі.

Жиында Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов Ақтөбе-Жаңажол бағытына күн сайын мұнайшылар тасымалдайтын 4 вагондық пойыздың қатынайтынын айтып: «Осы бағытта бізде 8 бекет бар. Сол бекеттерде барлығы 15 мыңға жуық адам тұрады. Егер Ақтөбе-Жаңажол бағытына қатынайтын пойызға қосымша екі вагон тіркелсе, жолаушылар үшін тиімді болар еді. Бұл орайда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мекемесі келісіп отыр, енді сол екі вагонды қосуға «Қазақстан теміржолы» компаниясы ықпал етсе деген өтінішіміз бар», — деді. Облыс әкімі бұл мәселенің құзырлы органдармен келісілгенін айтты.

Сол сияқты жиында «Сапар» автовокзалы мен «Экспресс» автостансасының өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады, жіберілген кемшіліктерді түзетуге уәде берді.

Жиын соңында облыс әкімі орынбасары Серік Төленбергеновке және осы салаға қатысты құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар беріп, айтылған сын-ескертпелердің оңтайлы шешілуін дереу қолға алып, жұмысты жетілдіру қажеттігін тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button