Жаңалықтар

Кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету — басты назарда

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі департаментінің 2018 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды.

Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева латын қарпіне көшу жұмыстары туралы есеп берді. Оның баяндауынша, облыста осы бағытта кең ауқымды ғылыми-ағарту қызметі басталды. Халықаралық және республикалық деңгейдегісі бар, барлығы 22 мыңнан астам адамды қамтыған 295 шара ұйымдастырылды.

«Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, облыс тұрғындарының басым көпшілігі жаңа қаріпке көшу жайында біледі, алға қойған мақсатты дұрыс түсінеді және осы идеяны құптайды», — деді Гүлайым Төлебаева.

Аталмыш басқарма осы жылы латын қарпін алыстан оқыту үшін әлеуметтік желілерде арнайы сайт пен парақша ашуды жоспарлап отыр. Осы мақсатқа телевизиялық сабақтар ұйымдастырылып, мобильді қосымша құрылды.

Облыс әкімі жүргізіліп жатқан жұмыстың бағыттарын қолдап, қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшу процесін түсіндіру жағын жалғастыруды тапсырды.

Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі департаменті қызметінің қорытындысы туралы мекеме басшысы Абай Байжомартов баяндады. Оның сөзінше, бүгінде департамент облыстағы қауіпті өндіріс нысандарын пайдалануға беретін 364 кәсіпорынға мемлекеттік қадағалау және бақылау жасайды. Есептік кезең ішінде өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша 120-дан астам тексеру жүргізілген. 1,6 мыңнан аса нысан тексеріліп, 1,3 мың бұзушылық анықталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 8 044 725 теңгеге жүз айыппұл салынып, өндірілді. Бұдан өзге, өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 49 нысанды пайдалану тоқтатылды.

Баяндама қорытындысы бойынша, облыс басшысы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қауіпті өндіріс нысандарындағы өнеркәсіп қауіпсіздігі деңгейін арттыру шараларын күшейтуді талап етті.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button