Әкімдер есебі

Игі қадамдар жалғаса береді

Ақтөбе — агломерация құру, қалыптасу үстіндегі еліміздегі санаулы қалалардың бірі. Оны аумақтық дамытудың игі қадамдары алда да жалғаса бермек. Алдыңғы күні «Батыс-2» тұрғын үй массивіндегі  Шығармашылық академиясы ғимаратында өткен қала тұрғындары алдындағы алғашқы есеп беру кездесуінде қала әкімі Ілияс Испанов қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысымен бірге, биылғы алда тұрған міндеттерге де жан-жақты тоқталды. Қала әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуіне ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Асхат Қайнарбеков, қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова қатысты.

Бірінші кезекте қала әкімі өткен жылдың қалай аяқталғанын нақты мысалдармен кеңінен баяндай келіп, үстіміздегі жылы жүзеге асырылуға тиісті жоспарларымен, келелі міндеттермен де бөлісті. Қала әкімінің атап көрсеткеніндей, өткен жылы да облыс орталығын әлеуметтік-экономикалық  дамыту табысты жүргізілді. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 585,2 миллиард теңге құрап, 2017 жылғы көрсеткіштен 6,2 миллиард теңгеге артық болды. 489,4 миллиард теңгенің өнімдері өндірілді немесе өткен жылға қарағанда 34,2 миллиард теңгеге көп боды.

Қала әкімі экономиканың қозғаушы күші — шағын орта бизнес субъектілерінің көбейгенін атап өтті. Бүгінгі күні олардың саны қала бойынша 46,5 мың бірлікке жеткен немесе 4,1 пайыз өсіп отыр.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша есебімді бере отырып, қала әкімшілігінің барлық жұмыстары Елбасының 2018 жылдың 10 қаңтарындағы және 25 қазанындағы Жолдауларын, Мемлекеттік бағдарламаларды, жоғарғы органдардың қаулыларын, облыс әкімінің тапсырмаларын және жергілікті мәслихаттардың шешімдерін жүзеге асыруға бағытталғанын айта кеткім келеді. Елбасының халыққа арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі жекелеген мәселелерді іс жүзіне асыруда үлкен серпіліс берді, — деп қала әкімі Ілияс Испанов айрықша атап айтты.

Сонымен бірге ол қаланың бүгінгі жай-күйіне, даму қарқынына, әлеуетіне де тоқталды. Ақтөбе қаласы — 253 мың гектардан астам аумақты  қамтитын, қарқынды дамып келе жатқан орталық. Халқының жалпы саны 480 мыңнан асады.

— Елбасының тапсырмасына сәйкес қаламызды агломерация орталығы ретінде  бұдан әрі дамыту мақсатында ауылдық елді мекендерді қалалық инфрақұрылымға біріктіруге байланысты бес ауылдық округтің негізінде қала аумағында екі аудан құру туралы шешім қабылданды. Бұл өзгерістер қосымша материалдық ресурстарды талап еткен жоқ, мұның бәрі қолданыстағы штат пен ішкі резервтер есебінен жүзеге асырылды. Жаңадан құрылған Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарының әкімдіктері қаланы басқару тәсілін айтарлықтай жақсартты. Бұл құрылымдар қаланың әлеуметтік, білім, спорт және мәдени даму мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді, — деп түйіп айтты ойын қала әкімі.

Бүгінгі күні қалада 7,5 миллион теңге көлеміндегі 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ашылуымен 270 жұмыс орны құрылады.  «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС-ның керамика плиталарын және керамогранит шығаратын зауытының құрылысы салынуда. Мұнымен бірге «Технодом СТ-КZ» ЖШС-ның өндірісі кеңейтілуде.

Агроөнеркәсіптік кешенде оң үрдістер жалғасуда.

Сондай-ақ қала әкімі өзінің есебінде қаладағы көкөніс өсірудің, жылыжай кешендері құрылыстарының, мал шаруашылығының, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салаларының жайына да тоқталды.

Ағымдағы жылы жылыжай кешендерін салу үшін бөлінетін жер алқаптарын 10 гектарға дейін ұлғайту және екі сүт-тауарлы фермасы мен мал жемдейтін алаң салу жоспарланып отырғанын айтты.

Қала әкімінің есебінде айтылғандай, Ақтөбенің жер қоры мейлінше тиімді пайланылуда. Тек осы жылы жеке тұрғын үй салушыларға 11 мың жер телімін беру жоспарланған. Жалпы жер алу кезегінде 140 мың адам тұр.

Тұрғын үй құрылысы жыл сайын қарқын ала түсуде. Соның нәтижесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мыңдаған пәтер пайдалануға берілуде. Қала әкімі кездесуде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының қала тұрғындарына баспана алуда кең мүмкіндік ашып отырғанын тағы да  түсіндіріп өтті, қаланың абаттандыру, санитарлық-тазалық сақтау, қоғамдық көліктерді пайдалану мәселелерін де қамтыды.

Қаламызда бұған дейін салынған демалыс орындарын қалпына келтіру және жаңаларын салу жұмысы белсенді жүргізілуде. Бүгінгі күні қалада 66 гектар саябақтар бар. Олардың жалпы алаңы 1,3 миллион шаршы метрден асады.

Сондай-ақ қала әкімі бүгінгі күні ерекше маңыз алып отырған қаланың лифт шаруашылығы туралы да айтып өтті.

— Қазіргі күні қалада 346 көп қабатты ғимараттарда 829 лифт бар. Олардың ішінде техникалық ақауларға байланысты 34 лифт пайдаланылмайды. 282 лифтінің нормативті пайдалану мерзімі өткен. Қала әкімдігі тұрғын үйлерді басқару органдарымен және белсенді тұрғындармен бірлесіп лифттерді жөндеу мен ауыстыру бойынша шаралар қабылдауда. Барлығы 5 лифт ауыстырылып, 36 лифт жабдықтарының элементтері ауыстырылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Лифт құнын төмендету мақсатында бүгінде «Могилев лифт құрылыс» компаниясымен жасалған келісім негізінде «КАЗБЕЛлифт» ортақ кәсіпорыны ашылуда, — деп толық түсінік берді.

Елбасының, облыс әкімінің тапсырмасына байланысты қалада коммуналдық қызметтердің тарифтерінің төмендегенін айта келіп қала әкімі: «Мұны қаңтар айының коммуналдық төлемдерін төлеу туралы түбіртектерді алған кезде өздерің де көресіздер», — деді.

Қала әкімі өзінің есебінде қаладағы мектептердің жүйесін кеңейту, көшелердегі қозғалысты жақсарту арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, көлік қатынастарын жақсарту, қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелерін де ұмыт қалдырған жоқ.

Әкімнің есебі аяқталғасын кездесуге жиналған қала тұрғындары залға қойылған микрофондар арқылы өз пікірлерін білдіріп, сауалдарын қойды. Олардың көпшілігі қалада атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіре келіп, негізінен қоғамдық көлік қатынастарын жақсартуға байланысты, қаланың тазалығын сақтауға, көшелерді жарықтандыруға қатысты ұсыныстарын айтты. Бұған қала әкімі:

— Біз Ақтөбе көшелерін кең ауқымда 2016 жылдан жарықтандыра бастадық. Бұған экономикалық жағынан мейлінше тиімді, үнемді шамдар орнату арқасында қол жеткіздік. Мәселен, тек екі жылда 13 мың тірек орнатылды. Тұрғын үй массивтерінен жарықтандыруға қатысты шағымдар жиі түседі. Себебі мердігер мекемелер барлық шамдардың жарақтылығын тексеріп үлгермей жатады. Алайда өтініш түскен сәтте кемшілікті жоюға тырысады, — деп жауап берді.

Қаланың байырғы тұрғыны, медицина саласының ардагері Серғазы Құрманбеков қалада Сазды аталатын үш аумақтың барын айтып, осы жерлердегі жүргіншілер жолдарын жақсартуға көңіл бөлуді  жақсарта түсуді сұрады.

— Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметкерлерімен бірге біз қала жолдарының жағдайын ұдайы тексеріп қарап отырамыз. Қаланың үш Сазды бөлігіндегі де, Некрасов көшесі бойындағы да, Сүт зауыты ауданындағы да, басқа да көшелердегі жолдар өз кезегімен, ретіне қарай жөнделеді. Биылғы жылы жолдарды жөндеуге 3,7 миллиард теңге қаралды, — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Асхат Ахметов қалада қоғамдық көлік қатынасына электрондық билет енгізілген кезде студенттерге қандай жеңілдік  жасалатынын сұрады.

— Электрондық билет енгізуді жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Таяуда терминалдар қондырғысына конкурс өткізіледі. Қазір бізде жеңілдік зейнеткерлерге, мектеп оқушыларына және мүгедек жандарға қарастырылған. Электондық билетке көшкен кезде студенттердің жол жүруіне де жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін, бірақ барлығына бірдей емес. Қалада 70 мың студент бар, оларға түгел жеңілдік беруге мүмкіндік жоқ, жағдайы қиын студенттерге ойластырып көреміз, — деді қала әкімі.

Мәдениет қызметкері Ботакөз Мергенбаева өзінің Болашақ ауданынан таяуда пәтер алғанын, қазіргі проблема көлік қатынасы болып тұрғанын, осы бағыттағы №48 автобусты 50 минуттап күтуге тура келетінін айтып шағынды.

— Автобустарда JPS -навигаторлар тұр. Оның жарақтылығына тасымалдаушылар жауапты. Сол арқылы автобустың қозғалысын бақылауға болады. Осы тәртіпті сақтамағаны үшін өткен жылы тасымалдаушыларға 2 миллион теңге айыппұл салынды. Жалпы көлік қатынасы — шешуге болатын мәселе. Қазір көліктер көбеюде. Жақында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қалаға 8 автобус алып берді. Олар бағыттар бойынша қосылды. Жаңа автобустар алу үшін инвесторлар тартылады. Ақтөбе хром қосындылары зауыты басшыларымен де уағдаластығымыз бар, — деп түсіндірді бұл жағдайды шаһар басшысы.

Өзінің қорытынды сөзінде қала әкімі Ілияс Испанов кездесуге жиналған тұрғындарға қоғамдық көлікке, жол жөндеуге, үй аулаларын жақсартуға, көшелерді жарықтандыруға қатысты жұмыстардың толық бақылауда екенін айтып, осы кездесуде қозғалған барлық проблемалардың бақылауға алынатынын, мүмкіншілігіне қарай қаржыландыру мәселесінің де шешілетінін жеткізді.

Жылдың оң нәтижелері — қалалық билік органдарының, сондай-ақ қала тұрғындарының, кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелердегі қызметкерлерінің жұмысының нәтижесі. Көп нәрсе жасалынды, бірақ біздің алдымызда 2019 жылға белгіленген міндеттер тұр. Қаламыздың 150 жылдық мерекесіне байланысты атқарылатын жұмыстар көп. Біздің қаламыз еліміздегі ең үздіктердің қатарында болу керек, — деп түйді қала әкімі кездесудегі сөзін.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button