Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Бердібек САПАРБАЕВ: Ырғыз ауданы үшін табыстың көзі — мал шаруашылығы

Ырғыз — мал шаруашылығына қолайлы өңір. Шөбі шүйгін, суы мол. Алайда ілгерімен салыстырғанда өңірде  төрт түліктің саны аз. Ал мал басын көбейтпей ауданның экономикасын көтеру қиын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Мәди Елеусізовтің есеп беру жиынында осы салаға баса назар аудару керектігін ескертті.

Облыс әкімі бұл есеп беру жиынына дейін Құмтоғай ауылында болып, одан соң Ырғыз селосын аралады.

Округ өз мәселесін қалай шешіп жатыр?

Өз сапарын облыс әкімі Құмтоғай селолық округінен бастады. Бұл территориядағы үш елді мекенде 1170 адам тұрып жатыр. Мал шаруашылығына ден қойған бұл округтегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары мен жеке аулаларда қазір 5 мыңның шамасында ірі қара және 28 мыңнан астам қой өсіріліп жатыр.

Облыс әкімі ең әуелі Құмтоғайдағы селолық стадионға барды. Бұл нысанды «Ауыл қамқоршысы» жобасы аясында округтегі ең ірі шаруашылықтың, «Алтын Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Хамит Өтеуов тұрғызған болатын. Стадион территориясы толықтай қоршалған және кеш түсе электр жарығы қосылады, кішігірім мінбер, жуынатын орын бар.

Сондай-ақ Құмтоғайда Хамит Өтеуовтің қаржысына жасақталған скверде Ұлы Отан соғысында ел қорғаған және бейбіт заманда ерен еңбек еткен жерлестерге арналған «Боздақтар алаңы» және «Еңбек Ерлері алаңы» деп аталатын мемориалдық кешендер бой көтерген.

Бердібек Сапарбаев құмтоғайлық батырлар рухына тағзым етіп, Хамит Өтеуовтің туған өңірін дамытуға сіңірген еңбегіне жоғары баға берді.

— Сіздің селолық округтің гүлденуіне үлес қосуыңыз игі шаруа. Осы үшін сізге зор рақмет. «Боздақтар алаңы» және «Еңбек Ерлері алаңы» тәрізді құрылыстар келер ұрпақты біздің әкелеріміз бен аналарымыздың ерлігіне тағзым етуге шақырады, патриоттық тәрбие дегеніміз осы, — деп атап өтті облыс әкімі.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев осы ауылдағы орта мектепке барды. Бір қабатты мекенжайдың жағдайы көңіл көншітерліктей емес екен. Негізгі мәселе — спорт залы мен акт залының жоқтығы. Сәл кейінірек, жергілікті Мәдениет үйінде өткен кездесуде облыс әкімі тұрғындарға бұл мәселе таяу уақытта өз шешімін табатынын айтты.

— Менің тапсырмам бойынша мұнда облыстық құрылыс басқармасының басшысы келіп, жағдаймен танысты. Қазір біз осы мәселені талқылап жатырмыз. Ең болмағанда спорт және акт залдары, оған қоса асханасы да болатын қосымша құрылыс салынатынына уәде беремін, — деді облыс әкімі.

Құмтоғай — газ жеткізілмеген шалғай елді мекендердің бірі. Бердібек Сапарбаев бұл мәселе зерттеліп жатқанын жеткізді.

— Газ құбыры тармағын Қарақұдық ауылынан тарту жөнінде жоспарымыз бар. Сонда бұл құбырдың ұзындығы 50 шақырым болады екен, ал жобалық құны 500 миллион теңгені қажет етеді. Бұл, әрине, аз қаржы емес, сол себепті қаржыландыру көзін табуымыз керек. Бұған қоса айта кетерлік бір жайт, біз газ жүргізу мәселесін қарастырғанда ауылдың болашақ перспективасын да ескереміз. Ал жалпы алғанда биыл Мемлекет басшының тапсырмасы бойынша облыс тұрғындарының 90 пайызын көгілдір отынмен қамтамасыз етпекпіз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі жол қатынасы мәселесін әңгімелеген кезде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді мекендерді аудан орталықтарымен жалғастыратын жол құрылыстарына ерекше назар аудару керектігін тапсырғанын айтты.

— Біздің облысымызда ауыл жолдарын былай қойғанда, аудандар орталықтары аралығындағы жолдар жағдайының өзі үлкен проблема болып отыр. Мысалы, Ырғыз-Шалқар бағытындағы жол асфальтталмағанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қандыағаш-Шалқар, Қандыағаш-Қарауылкелді жолдары да сондай жағдайда. Біз үш жыл бойы осы мәселелермен шұғылданып келеміз. Ақтөбе-Атырау жолының құрылысы біткен кезде Алға, Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандарындағы жол мәселесі шешіледі. Ал Ырғыз-Шалқар тасжолы жөніндегі мәселе Үкіметте қаралып жатыр. Бұл жолдың құрылысы биыл да басталып кетуі мүмкін, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жиналыс барысында облыс әкімі құмтоғайлықтарды мал шаруашылығын өркендете беруге, мал басын одан әрі көбейтуге, сондай-ақ жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.

Романның қуанышы

Бұдан соң аудан орталығына келген Бердібек Сапарбаев өткен жылы пайдалануға берілген 7 пәтерлік тұрғын үйдің жай-күйін біліп, құрылысы жүргізіліп жатқан 150 орындық балабақшаға барды.

Ибрагим Сәрсенбаев басқаратын «Наурыз-Сим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғызған тұрғын үйді облыс әкімі былтыр пайдалануға берілер алдында көрген болатын. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында салынған, жобалық құны 47 миллион теңге болатын бұл үй жетім балалар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына берілді.

Облыс әкімі үйдің жай-күйін білген соң Роман Кучтың пәтеріне кіріп шықты. Құр қол келген жоқ, Алға балалар үйінің түлегі Романға әр үйге қажетті мүлік — тоңазытқышты сыйға тартты.

— Облыс әкімі келгені қуанышты жай болды, бұл жай бізді, қарапайым адамдарды басшыларымыз ұмытпайтындығының куәсі ғой, — дейді Роман Куч.

Ал 150 орындық, жобалық құны 70 миллион теңге тұратын балабақшаның құрылысын «Дастан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Кейін бұл тәрбие ордасына 27 адам қызметке орналасатын болады.

— Облыста мектептер мен балабақшалардың құрылыстары көптеп жүргізіліп жатыр. Бұл қазір ең басты міндет болып отыр, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі салынып жатқан аудандық әкімшілік ғимаратының жұмысымен де танысты.

Ынта мен ықылас

Облыс басшысы осыдан соң Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізовтің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына қатысты.

Аудан әкімі тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстарға қорытынды жасады. Экономикалық көрсеткіштерге кеңінен тоқталды. Былтыр өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі — 100,1, негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 142,8 пайызға өскен. Ал биыл 3 миллиард 500 миллион  теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланыпты. Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік саласы жандана түскен. Өткен жылы 92 жоба бойынша 403,4 миллион теңге қаржы тартылған. Оның ішінде «Ырғыз» кредиттік серіктестігі арқылы — 49, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы  43 жобаға қаржы құйылған. Сондай-ақ «Zhas Project» жобасы аясында 7,4 миллион теңге 8 салаға бағытталыпты. Мәди Елеусізовтің айтуынша, соңғы жылдары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Бастау» бизнес жобасы өз тиімділігін көрсеткен. Былтыр тоқсан адам  оқып, оның жиырмадан астамы несие алып, өз кәсібін ашқан.

— Егер осы қарқын тоқтамаса, кәсіпкерлік бағыты бойынша біршама межеге қол жеткізуге болады. Мәселен, жылына бес жүз миллион теңге игерілсе, ауданның ішкі бөлшек сауда өсімінің көрсеткіші өседі. Жалпы тұрғындардың бизнес бастауға ынтасы зор. Қазірдің өзінде ұсыныстар түсіп жатыр, — деді аудан әкімі.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында сервистік қызмет көрсету кешендері жанданып келеді. Былтыр жол бойына  «Гелиос» жанар-жағармай құю бекеті, «Алтын-Әсел» ЖШС-ның «Ұлы Дала» кемпингі, жеке кәсіпкер Г.Рахманованың газ құю бекеттері мен «Тұлпар» жол бойы кемпингі салынған.  Ырғыз ауылында «Smaile center» тіс  емханасы, 4 сауда орны, «Айсұлтан» дәмханасы секілді бірқатар қызмет көрсету саласы іске қосылып, қазір халық игілігіне жұмыс жасап тұр. Ауданда ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет,  білім, денсаулық сақтау салалары бойынша қыруар жұмыс атқарылған. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімінің  көлемі 6,8 пайызға өскен.  Ірі қара 2,3 пайызға, қой-ешкі — 9, жылқы 4,9 пайызға көбейген.

Ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша өсім бар. Өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Осының барлығы қарапайым шаруаның, яғни сіздердің еңбектеріңіздің арқасы. Біздің ендігі міндетіміз — осы саланы әрі қарай жандандыра беру. Елбасы кешегі кеңейтілген отырыста бірқатар мәселелерді көтерді. Оның ішінде тиісті орындарға мал басын көбейту,  асылдандыру, суармалы жердің көлемін ұлғайту секілді тапсырмаларды жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын ауданда жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Ырғыздың кең-байтақ даласы төрт түлікті өсіруге  өте қолайлы. Жері от, суы мол. Бұрынғыдай емес қазір Ырғыз көлдерінің барлығы суға толды. Өкінішке қарай, тұрғындардың мал өсіруге ынтасы аз. Мал шаруашылығына шындап кірісетін уақыт келді. Қазір Қызылорда облысы Арал ауданының кәсіпкерлері Жайсаңбайдың жеріне қызығушылық танытып отыр. Қазақстанның азаматы ретінде олардың жерді пайдалануына құқығы бар. Бүгінде  он шаруашылықтың арызы қанағаттандырылды. Олар малын алып Жайсаңбайға келіп жатыр. Егер өзіміз тірлік жасамасақ, ертең Қызылорда, Қостанай облыстарының шаруалары келеді, малын өсіреді. Барлығы өзімізге байланысты. Еңбек етуіміз керек. Әрине, мал бағу оңай емес. Бірақ бай, дәулетті болудың жолы жеңіл деп кім айтты? Осы жерде отырған қожалықтардың басшылары табыстың қалай келетінін жақсы біледі. Егер өзіңді өзің қайрап, еңбек етпесең, ешкім көмектеспейді, — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ мал ұрлығының алдын алу бойынша да біраз шаруа жүргізіліпті.  Мәселен, Жайсаңбай ауылының тұрғындары бұрынғыдай қой кезекке шықпайды. Тұрғындар елді мекеннен  жиырма шақырым жерге үй салып, бір отбасын көшіріп апарған. Ол ауылдың қойын бағады. Еңбекақысы — 100 мың теңге.

— Бұл, біріншіден, жерді тозудан сақтайды. Малдың тұяғы ауыл айналасын  әбден топыраққа айналдырған. Көктемде тұрғындар тал егу, көгалдандыру жұмысын жүргізбек.  Екіншіден, ұрлық азаяды. Қазір қараусыз жүрген малды ұрлайтындар көп, — деген аудан әкімі жиналғандарға осы әдісті қолдануды ұсынды.

Жиында аудан әкімі балық шаруашылығын дамыту, бау-бақша өнімін ұлғайтуға қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды. Діни ахуал мен жастар саясаты туралы да кеңінен айтып өтті.

Жиында жұртшылық әкімге көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Ауыл тұрғынының бірі үш айдан бері не себепті аудандық білім бөлімі мен бес мектепке басшы  тағайындалмағанын сұрады. Әкім заңға өзгерістер енгізілгенін, мәселе ақпан айының ортасына дейін шешілетінін айтты. Құрылыс  ауылынан келген қария  көгілдір отынның қашан келетінін сұрады. Бұл бойынша әкім құжаттар дайындалып жатқанын айтты. Шеңбертал ауылынан келген зейнеткер Аманқос Ызашев облыс әкіміне алғысын жаудырды.

Осыдан үш жыл бұрын біздің ауылға келгеніңізде халық судан қауіптенетінін айтқан еді. Былтыр бөгетке күрделі жөндеу жүріп, мәселе шешілді. Қазір жұртшылықта бұрынғыдай «су алып кетеді» деген қорқыныш жоқ. Мектеп мәселесін айтып едік, оның да құрылысы басталды. Халықтың осындай мұң- мұқтажын ескеріп, оны уақытында шешіп бергеніңіз үшін ауыл халқы сізге дән риза. Алғыстарын жеткізу үшін мені әдейі жіберіп отыр, — деген ақсақал енді көгілдір отын мен ұялы байланыс желісін жеделдетуге ықпал етуін сұрады. Ал есімі ауданға таныс әже  Қази Баймағанбетова облыс басшысына өлең арнады. Қази әже  бұған дейінгі есеп беру жиынында облыс әкіміне кітабын шығара алмай жүргенін айтыпты. Нәтижесінде былтыр аудан әкімдігі әженің өлеңдерін баспаға жіберуге көмектескен. Өтінішінің жерде қалмай орындалғанына риза болған Қази әже облыс басшысына бір данасын сыйға тартып, батасын берді, алғысын айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Кенжебаев аудан орталығында ауызсу тапшы екенін, құбырлар жүйесіз салынғанын, әсіресе жазды күні халық қиындық көретінін айтып, осы мәселені  облыс әкіміне өтініш қылды. Бердібек Сапарбаев бұл шаруа биыл шешімін табатынын айтты. Тұрғындар арасында жұмыс сұраған, жеке шаруасын шешіп беруін өтінген азаматтар болды. Олардың барлығына аудан әкімі толық жауап берді.

Жиын соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқанын, Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындауға мүмкіндік мол екенін жеткізді.

Ырғыз ауданы  үшін табыстың көзі — мал шаруашылығы. Халық осы кәсіппен айналысуы керек. Былтырғы көрсеткіш бойынша малдың өсімі жақсы. Бірақ әлі де мал санын көбейткен жөн. Малды көбейтіп, етті өңдеп, сыртқа шығару керек. Қазіргі таңда облыста жылына жеті жарым мың тонна  ет өңдейтін бір ғана зауыт бар. Бүгінде өнім көлемін жиырма мың тоннаға жеткізу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Зауыт  тек ірі қараның етін өңдейді. Бізге қой етін өңдейтін зауыт керек. Сондықтан тек қойды сату ғана емес, оның етін де өңдеуді қолға алуымыз керек, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ балық, дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамыту, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, көкөніс егу бойынша аудан әкіміне тапсырма берді. Құрылыс, білім, денсаулық сақтау салаларындағы жұмыстарды пысықтауды ескертті. Биыл спорт кешені мен аудан әкімдігінің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталады. Облыс халқының тоқсан пайызын газбен қамту көзделіп отыр. Осы ретте Бердібек Сапарбаев  адамы аз елді мекендерге газ апару үлкен  шығын екенін, сондықтан көгілдір отын алдымен аудан орталығына жақын ауылдарға баратынын айтты. Аудан, ауыл  арасындағы жол қатынасы туралы да толық жауап берді.

— Елбасының  тапсырмасына сәйкес, ауданаралық жолдарға жұмсалатын қаржының елу пайызын мемлекет төлейді. Соның арқасында былтыр 29 миллиард теңге қаражат алдық. Қазір жылына орта есеппен 300-400 шақырым жол жөнделеді. Былтыр 400 шақырым жол салынса, биыл  500 шақырым жол жөндеуден өтеді. Ақтөбе-Орск тасжолының құрылысы аяқталады. Ырғыз бен Шалқардың арасындағы жолды жөндеу үшін құжат дайындалып жатыр. Министрлік бекітсе, құрылыс биыл басталады. Былтыр Бозойға баратын жолдың жиырма шақырымы қайта қалпына келді.  Егер осы жолды дұрыстасақ,  әрі қарай Қарақалпақстанға, Өзбекстанға шығуға болады. Осылайша бұрынғы сауда жолы қайта жанданады, — деген облыс әкімі жұртшылықты еңбек етуге, кәсіп бастауға шақырды.

 Жантас МАҚСҰТОВ,

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button