Ақтөбе — 150

№40 бағытқа 8 жаңа автобус берілді

Жұма күні Өнер орталығының мәжіліс залында өткен баспасөз мәслихатында «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай қала әкімдігіне жаңа 8 автобусты табыс етті. Қоғамдық көліктер алдағы уақытта №40 бағытпен жүріп, Батыс-2 ауданы мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты аралығына қатынайтын болады.

Бүгінде тұрғындарды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету ең маңызды мәселелердің бірі екенін білесіздер. Өткен жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич аталған бағытты жаңа қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету туралы келісімшарт жасаған болатын. Бүгін, міне, №40 бағытқа жаңа 8 автобус беріліп отыр. Бұл бағыттағы қоғамдық көліктер зауыт қызметкерлеріне ғана емес, қала тұрғындарына да тиімді. Ал ескі автобустар Қурайлы ауылы мен қаланың ескі бөлігі аралығына қатынайтын бағытқа беріледі, — деген қала әкімі Ілияс Испанов компания басшылығына алғысын жеткізді.

Оның айтуынша, жаңа автобустарды «Қазхром» ТҰК» АҚ қала әкімдігіне жалға беріп отыр. Болашақта бюджет автобустарды сатып алатын болады.

Жиында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабеков зауытта жұмыс жасайтын 4 мыңға жуық қызметкердің көпшілігі аталған қоғамдық көлікпен жүретінін,  сондықтан компания үшін бұл бастама тиімді әрі маңызды екенін атап өтті.

Баспасөз мәслихатында зауыттың өндірістік-техникалық бөлімінің инженер-технологі Асхат Бекарыстанов №40 бағытпен жүретін бұған дейінгі автобустардың ескіргенін, кей кездері жұмысшылар жолаушылардың көп болуына байланысты қоғамдық көлікке сыймай қалатынын айтып, зауыт жұмысшылары атынан жаңа автобустарды табыстаған компания басшылығына ризашылығын жеткізді.

Жиын соңында қала әкімі биылғы жылы қоғамдық көліктердің саны тағы 120 жаңа автобусқа көбейетінін, бүгінде осы мақсатта өндірушілермен келісімдер жасалып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар ол қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу, автобустардың жүру уақыты арақашықтығының сақталуы, қоғамдық көліктерде тұрғындарға жайлы жағдай жасау, т.б. мәселелерге тоқталды.

Айта кету керек, «АNKAI» маркалы автобустар газбен жүретін қозғалтқыштармен жабдықталған. Еуро-5 стандартына сәйкес қоғамдық көліктер экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, сыйымдылығы жоғары, жылы әрі жайлы. Сондай-ақ жаңа автобустарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіштер мен бейнебақылау жүйесі орнатылған.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button