Басты жаңалықтар

Жобалық басқарудың нәтижелері қаралды

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыста 2018 жылы жүзеге асырылған жобалық басқарудың нәтижелері қаралды.

Экономиканың неғұрлым маңызды бағыттары бойынша жобалық басқару былтыр ел Президентінің экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру бойынша алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында енгізілген болатын.

Облыста жүргізілген жұмыстар жайында экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева баяндады.

Ол: «2018 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Жобалық басқарудың барлық 12 бағыты бойынша мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Ресми түрдегі жылдық мәліметтер осы жылдың сәуір айында белгілі болады. Бірақ, алдын ала талдауға сәйкес, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілген», — деп мәлімдеді.

Мәселен, «Базалық индустрияландыру» бағыты аясында облыс бойынша он жоба жүзеге асырылып, тағы бесеуі орындалу үстінде. Олардың ішінде 29 миллиард теңгеге кәсіпорындарды жаңғыртудың 9 жобасы, 178,7 миллиард теңгеге 5 өндірістік нысан салу және бос тұрған зауытты іске қосу жобалары бар.

Жүзеге асырылған ірі жобалардың бірі — Байғанин ауданында құны 42 миллиард теңгеден астам тұратын газды кешенді дайындау қондырғысының іске қосылуы. Жоба «Қожасай» кен орнының шикізат базасын ұтымды пайдалануға мүмкіндік берді.

Гүлқасима Сүйінтаеваның айтуынша, оң нәтижелерге қарамастан Жобалық басқаруды жүзеге асыруда бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Бұлар — мақсатты көрсеткіштердің сауатты жоспарланбауы, кейбір жауапты облыстық басқармалардың нашар бақылауы мен селқостық танытуы. Облыс әкімі көрсетілген бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Бастысы — Елбасы тапсырмасын сапалы орындау. Жобалық басқарудың барлық шаралары бекітілген мерзімде жүзеге асырылуы керек. Барлық жауапты басшылардан өткен жылы жіберген қателерді ескеріп, биыл соларға жол бермеу шараларын қабылдауларын сұраймын. Үнемі бақылау қажет», — деді Бердібек Сапарбаев.

Осы жылы Жобалық бақылаудан «Отын-энергетикалық кешенді дамыту» бағыты алынып тасталды. Сонымен бірге, қалған 11 бағытқа жаңа екеуі қосылды. Олар — «Басқарылатын кенттену» және «Шикізаттық емес экспортты дамыту» бағыттары.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button