Жаңалықтар

Партия съезіне дайындық пысықталды

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ғимаратында «Нұр Отан»  партиясының ХVІІІ съезіне дайындық бойынша бастауыш партия ұйымдарының жиыны өтті. Партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасының  негізгі ережелері талқыланып, партияның Ақтөбе қалалық филиалының конференциясына делегаттар сайланды. Шараға Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы, партияның саяси кеңес мүшесі Сұлупан Шынтасова қатысты.

Жиында акционерлік қоғамның бастауыш партия ұйымының төрағасы Абай Сақтағанов «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» тақырыбында баяндама жасады.  Партия құрылғаннан бастап осы уақытқа дейін атқарылған шаруаларды қамтыды. Партияның 1999 жылы Президенттікке үміткер Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық коалициясының базасында құрылғанын, алғашқы сәттен-ақ құрамында 164 мың адам мүше болғанын айтты.

— Президент алғашқы күннен бастап партияның  элиталар партиясы еместігін айтып, керісінше, оның негізгі ерекшелігі — жаппай бұқарашыл болу, кең ауқымда ойлап, әрекет ету және ортақ мәселелерді шешуде мүдделес жандарды жұмылдыру, екенін ұқтырды,—  деп атап өтті баяндамашы.

— Бастауыш партия ұйымы —  партияның іргетасы. Ал біздің күнделікті жұмысымыз — «Нұр Отанның» табыстары мен жетістіктерінің негізі екенін жақсы түсінеміз. Қазір партия құрылымын жетілдіру мақсатында мүшелерінің саны аз ұйымдарды ірілендіру арқылы бастауыш партия ұйымы желісін оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Саяси кеңес мүшесі  Сұлупан Шынтасова партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталды.

Бағдарлама мемлекетті қалыптастырудың тексерілген және сенімді тәсіліне сәйкес келетін 5 институционалдық реформаға негізделеді, — деді ол.

Жиында мұнай саласының мамандары кейбір бағдарламалар арқылы жас отбасылардың үй алуға мүмкіндігі жоқ екенін, себебі төлем қабілеті  жетпейтінін, сондықтан сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлердің қолжетімділігін арттыру қажет екенін айтты. Партия бағдарламасының алтыншы тармағына осы мәселе бойынша өз ұсыныстарын енгізуді сұрады. Сондай-ақ үш жасқа толмаған балаларға арналған дамыту орталықтарының ашылуы жас аналардың жұмысқа орналасуына қолайлы екенін айта отырып, әкелер институтын да нығайту қажеттігі жөнінде пікір білдіргендер болды.

Шара соңында «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының конференциясына қатысу үшін жеті делегат ұсынылып, жиналғандар бірауыздан қолдады.

Сондай-ақ акционерлік қоғамда құрылған бастауыш партия ұйымының жұмысы туралы бейнекөрініс көрсетілді.  Мекеме жанынан 2008 жылы құрылған бастауыш партия ұйымының қазір 433 мүшесі бар. Жыл сайын партия мүшелерінің саны артуда. Сонымен бірге жастардың білім алуына, еңбек етуіне мүмкіндік жасалып жатыр. Қазіргі күні 39 жас Қытайда, 36 студент еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алуда.  Олар оқуын аяқтаған соң осы мекемеде еңбек етеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button