Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Ақтөбеге арналған 22 ән әуеледі

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай дүйсенбі күні Өнер орталығы ғимаратында Ақтөбе туралы әндер шырқалды. «Құтты мекен — Ақтөбем» деп аталған концертте, сондай-ақ, «Харекет» қайырымдылық қоры I топтағы мүгедектің отбасына пәтер кілтін табыс етті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, мәдениет саласының үздіктері Орал Байсеңгір, Жұлдыз Нұрқасымова, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері Аймұрат Мәжікбаев, Дулат Айтжанов, Гүлназира Сағынғанова, т.б. өнер көрсеткен концертте ұзын саны 22 ән орындалды.

Ақтөбеге сүйіспеншілігін әнмен жеткізгендердің қатарында «Арайлы Ақтөбе», «Достық сазы», «Жасын» ансамбльдері, сондай-ақ, «Тамсан», «Қос-Нұр» топтары бар. Кеш қонағы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші әрі композитор Шәміл Әбілтаев та әдемі музыкасын көрермендерге паш етті.

Шаһардың тойына арналған концертте ән шырқалып қана қоймай, қайырымдылық та жасалды. «150 игі іс» акциясы аясында «Харекет» қоры қоларбада отырған Манас Құлмағанбетовке жұртшылықтан жиналған қаражатқа алынған үш бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты жағдайда табыстады.Екі баласы да мүгедек ол отбасымен Қарғалы ауданында жалдамалы үйде тұрып келген. Баспаналы болған мүмкіндігі шектеулі жанды аталған қордың Ақтөбедегі төрағасы Нұрболат Елеусізов пен ҚР Бейбітшілік пен келісім кеңесінің облыстық филиалы төрағасы Келдібай Еспағамбетов құттықтап, жылы лебізін білдірді. Айта кетейік, бұл аталған қордың Қазақстан бойынша тұрмысы төмен, көмекке зәру отбасыларға беріп отырған осымен 66-баспанасы.

Кеш соңында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов:

— Міне, жеті күн бойы Өнер орталығы залында әдемі концерт өтіп жатыр. Осыны ұйымдастырған шығармашылық ұжымға ғана емес, сіздерге — көрермендерге де алғысымызды айтамыз.

Ұлы дала шежіресінде орны бөлек Ақтөбе қаласының мерейтойына арналған бүгінгі кеш тіптен ерекше. Өздеріңіз байқасаңыздар, осы концертте екі рекорд болды. Біріншісі — өнерпаздар бір сағаттың ішінде 450 рет «Ақтөбе» деген сөзді айтты. Екінші рекорд сіздердікі, бір сағаттың ішінде осынша рет облыс атауын есту де көп кездесе бермейтін жайт. Жасай бер, Ақтөбе! — дей келе, концертте туындылары орындалған бірқатар ақындар мен сазгерлерге Алғыс хаттар табыстады.

Концертке атсалысқан өнерпаздардардың құрметіне облыс әкімінің атынан

ықылас гүлі әкелінді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button