Экономика

Жоспардан тыс түскен қаржы салаларға бөлінді

Сессия

Дүйсенбі күні Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратында қалалық мәслихаттың кезектен тыс 39-сессиясы өтті. Сессияға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.  

Сессия отырысында бірнеше мәселе қаралды. Алдымен қалалық мәслихаттың 2019-2021 жылдарға арналған Ақтөбе қаласының бюджетін бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралып, қала дамуына бөлінген қаражаттың қандай салаға жұмсалатыны талқыланды.

Бұл туралы Ақтөбе қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Айгүл Бегей баяндама жасады.

Баяндамада айтылғандай, биыл жыл басында жоспардан тыс бюджетке түскен салықтар мен өзге де кірістерден қала қазынасында артылған қаражат пайда болды. Енді бұл қаражат Ақтөбе қалалық құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары т.б. бөлімдер арқылы атқарылатын жұмыстарға жұмсалатын болады.

Халық қалаулыларын, әсіресе тұрғындарды баспанамен қамту және қоғамдық көлік, жол мәселелері толғандырды.

Сессияда қала әкімі Ілияс Испанов сөйледі.

— Бүгінгі күнге дейін инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Сондықтан біз пәтерлердің шаршы метрін 110-120 мың теңгеден саттық. Ал ендігі салынып жатқан жаңа үйлердің абаттандыру және басқа да жұмыстары қала бюджетіне салмақ түсіріп отырғандықтан, біз пәтерлердің шаршы метрін 135 мың теңгеге бағалап отырмыз.

Сонымен қатар жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындар шығынға ұшырамас үшін тариф бағасын көтердік. 80 теңге — республика бойынша ең төменгі жол ақысы. Көрші облыстарда баға бірнеше жыл бұрын көтерілді. Жол ақысын субсидиялаудың орнына біз енді электрондық билет жүйесін енгізуді қолға алдық. Бұл қаржыға 250 автобус алуды жоспарлап отырмыз, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ жиын барысында Ақтөбе қаласының атаусыз құрамдас бөліктеріне атау беру мәселесі талқыланды. Бүгінде облыста 464 елді мекен, 1197 жер-су атауы бар екен. Депутаттар кейбір көшелерді қайта атау жұмыстарын қолға алуды ұсынды.

Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның дербес құрамы туралы шешімге толықтырулар енгізіліп, бюджетке енгізілген өзгерістер қорытындыланды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button