Жаңалықтар

Төлем қабілетін растауға 1 құжат және 15 минут жеткілікті

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ өз салымшыларының несие алу мүмкіндіктерін алдын ала сараптауға мүмкіндік беріп отыр.

Осы мақсатта «Төлем төлеу қабілетін алдын ала растау» жобасын қолға алды. Аталған банк директорының орынбасары Жанболат Қалменовтің айтуынша, салымшылар бар болғаны бір ғана құжатты — жеке басын куәландыратын құжатты көрсетіп, 15 минуттың ішінде өз мүмкіндігін бағамдай алады.

«Төлем төлеу қабілетін алдын ала растау» жобасы не үшін керек?

Несиеге пәтер сатып алу кезінде көптеген құжаттар әзірлеу керектігі белгілі. Кей жағдайда құжат әзірлеуге көп уақыт қажет болады. Екіншіден, сатып алғыңыз келетін пәтерге несие рәсімдеу үшін төлем төлеу қабілетіңізді растау кезінде жалақыңыз жеткілікті ме, жоқ па —  бұл да кез келген салымшыны ойландыратын мәселе. Кей жағдайда пәтер сататын азаматтар кейін түрлі мәселелер туындамауы үшін сатып алушыдан банктен несие ала ала ма, ала алмай ма — осыны нақты біліп келуін талап етеді. Тіпті сатушыға кепілге белгілі бір мөлшерде ақша төлеп қойып, банктен несие ала аламай, сол кепілдікке берген ақшасынан айырылып қалатын жайттар да кездеседі.

— Сондықтан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы осындай жағымсыз жайттардың алдын алу және салымшылардың уақытын үнемдеу мақсатында азаматтардың төлем төлеу қабілетін алдын ала анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Төлем төлеу қабілетін алдын ала растаған салымшыға арнайы сертификат беріледі. Бұл сертификат бір айдың ішінде жарамды болады. Яғни төлем төлеу қабілетіңізді растау құжатын айдың басында алатын болсаңыз, келесі айдың басына дейін осы құжат бойынша несие рәсімдей аласыз. Немесе айдың ортасында алатын болсаңыз, келесі айдың ортасына дейін құжаттың заңды күші болады. Бұл құжатта заем шарттары, яғни, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшысының қай бағдарлама бойынша қанша көлемде несие ала алатыны, аралық заем бойынша және тұрғын үй заемы бойынша несие төлеу уақыты мен пайыздық мөлшерлемесі, ай сайын төлейтін несие мөлшері, қарыз алушы мен қосалқы қарыз алушылар туралы ақпараттар, кепілдік талаптары туралы барлық ақпараттар жазылады, — дейді Ж.Қалменов.

Осылайша, пәтер сатып алуды жоспарлап жүрген салымшылар қанша көлемде несие ала алатыны, несие шарттары туралы ақпараттар білумен қатар, төлем төлеу қабілетін растау туралы құжаттарға алдын ала қол жеткізе алады. Бұл несиені рәсімдеу мерзімін де айтарлықтай қысқартады.

Айта кету керек, бұл ерекше жоба республикада әзірге тек Ақтөбе облысында ғана жүзеге асырылмақ. Және ескі үйлерді, яғни қайталама нарықтағы үйлерді алу үшін несие рәсімдеуде ғана жарамды. Банк өкілдерінің айтуынша, бұл құжат болашақта жаңа үйлерге қатысты да жасалатын болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button